ВЕРНУТЬСЯ

        Күн көтеріліп келе жатты. Тау
бауырындағы аз ғана ауыл кенет дүрліге бастады. Қошақандар маңырап, бұзаулар
мөңіреп, құлындар кісінеді. Ауыл адамдары дабырлап сөйлеп жатыр.

Бір әйел бүкіл ауылды басына
көтеріп ойбай салды:

-        Өткен
түнде үйімнен баламды ұрлап әкетті!

Бұл - өзінің құрым лашығынан
зарлап шыға келген Күнше дейтін жесір әйел еді. Күншенің мұндай күйге ұшырағанын
көрген ел-жұрты қатты налыды. Бишараға қалай жәрдемдесеміз деп өзара кеңес құрды.

Арада төрт жыл өтті. Қанша
іздегенімен бала табылмады. Толыбай деген сыншы бар, соған барып арыз айт деп,
ауыл адамдары Күншеге ақыл айтты.

Толыбай мың түрлі аңдар мен құстардың
тілін біледі. Адамның не ойлап отырғанын айтпай табады. Жаңа туған еркек құлынның
өскенде қандай ат боларын айна қатесіз айырады. Әйтеуір, білмейтіні жоқ деседі.

Күнше ерінен қалған торы қасқа
атқа салт мініп, Толыбайды іздеп кетті. Елсіз, жолсыз жапан даланы кезіп, жолшыбай
талай танды атырды, талай күнді батырды. Өзі жүдеп, аты әбден болдырды.

Өлдім-талдым дегенде Күнше
Толыбай данышпанның үйіне жетті. Ақ сақалы омырауын жапқан қара шал өзінің жұлым-жұлым
қара күркесінің алдында астына ескі текемет төсеп отыр екен. Өзі сіңірі шыққан
кедей еді. Сонда да данышпан, айтқан адамдарынан бір тиын ақы алмайтын. Толыбай
Күншені жылы шыраймен қарсы алды. Оның келетінін күні бұрын біліп отыр екен.
Сізден ақыл сұрауға алыс жолдан Күнше деген әйел келе жатыр деп, Толыбайға бұрнағы
күні қарлығаштары айтып қойған екен.

-        Хош
келіпсің, арызынды айта отыр, - деді Толыбай.

Күнше еңіреп жылап жіберді:

-        Жалғыз
баламнан айрылып, канаты кесілген құстай сорлап қалдым, ата! Мұңымды шағайын деп
әдейі сізге келдім...

Толыбай Күншенің арызын ықыласпен
тындады. Құс болып ысқырып қалып еді, бір топ қарлығаш ұшып келді. Қарлығаштар Күншені
қанаттарымен желпіп, ауыздарынан су себелеп жүр. Толыбай қолын сілтеп, ымдап
қалып еді, бір топ қарлығаш тізілген бойларымен Күншенің еліне қарай ұша
жөнелді.

Қарлығаштар кешке таман қайта
оралды. Бармақ басындай бір сұр тышқанды алып келді.

Тышқан өзінің көрген-білгенін
Толыбайға айтып берді.

-        Күншенің
баласын іркілдеген ала көз әйелдің ұрлап әкеткенін көріп едім, - деді тышқан.

Тышқанның айтқанын Толыбай адам
тілімен жеткізіп еді, Күнше еңіреп жылай бастады:

-        Ойбай-ай,
баламды ұрлаған Айжарық сұм екен ғой. Өмір бойы бала көрмей жүріп, алпысқа
жеткенде балалы бола қалғанынан күдіктеніп едім...

Толыбай құс тілінде ысқырып қалып
еді, дәу екі қара бүркіт жетіп келді де, екі иығына қона қалды. Толыбай
бүркіттерге әмір етті:

-        Мына
Күншенің еліне тез барындар да, Айжарық деген кемпірді баласымен алып келіндер.

Екі бүркіт биікке самғап ұша
жөнелді. Ертеңіне күн шығып келе жатқан мезгілде бүркіттің біреуі бет-аузы
қожыр-қожыр, екі иығына екі кісі мінгендей, басы қазандай, шүңірек көз қара
кемпірді Толыбайдың алдына әкеліп тастады. Екінші бүркіт өзінің қанатына
мінгізіп әкелген баланы еппен түсірді. Үріп ауызға салғандай, аппақ, көзі
ботаның көзіндей жаудыраған әдемі бала аң-таң болып, үнсіз тұр.

Жүрегі бірдеңені сезген болса керек,
бала көрген жерден-ақ Күншеге қолын созды. Айжарық баланың қолын қағып жіберді
де, өзіне қарай тартып алды.

-        Мына
Күншенің баласын өзіне бер, сұм қақпас,- деп, Толыбай ақырып қалды.

-        Өзің
бір алжыған шал екенсің! - деді Айжарық саспай. - Өз баламды неге берейін
біреуге.

Бала Күншеден көзін алмай
жаутандап қарай берді.

-        Тілімді
алмасаң ерік өзінде, -деді ашуланып терісіне сыймай кеткен Толыбай,- ендеше,
мен бұл баланы екеуіңе тең бөліп беремін! Айбалтасын алып балаға тұра ұмтылды.

Айжарық елпең қағып, бірден көніп
қалды:

-        Төрелігіңізге
құлдық, данышпаным... Баланы Толыбайға қарай итеріп жіберді.

Күнше жалынып, Толыбайдың аяғына
жығылды:

-        Баланы
шаппаңызшы, қайда жүрсе де тірі болсын! Беріңізші соның өзіне...

Толыбай сонда сөйледі:

-        Әй,
Айжарық, жүрегің тастан жаралған зұлым екенсің. Қәнеки, Күнше, сен баланды
қайтып алып, игілігін көр, мұратыңа жет! - деп батасын берді.

Айжарық қара бет болып, отырған
орнынан тұра алмай қала берді.