ВЕРНУТЬСЯ

           Бірінші тарау

           Ақай басына мол дәулет бітпесе де,
бойы-басы таза, үй шаруасына тиянақты, тұрмысы тап-тұйнақтай, еті тірі жігіт
еді. Етік тігуге, өрнектеп әбдіре-сандық істеуге, ағаштан әшекейлеп ер шабуға
бір тайпа елде одан асқан шебер жоқ. Өзі кедей болса да өнерімен жинаған аз
ғана мүлкі, ішіп-жемі - жылын жұтқа санап, қалтырап отыратын сасық, ырыс, құнсыз
байлардан әлдеқайда артық еді. Сайраншыл, саятшы жігіттің ежелгі серігі жүйрік
ат, қыран бүркіт, құмай тазы болатын. Көркіне керген жанды таңырқатқан, па,
шіркін, тусаң ту дегізген сарбаз еді.

Ақай 1904 жылдың жазында тамыз айының
он жаңасында отыз жасында кенеттсн қайтыс болды. Артында сүйікті жары  Дәмелі қалды, он алты жасар жеткіншек
Нарботасы қалды. Дәмелі - қасы-көзі қиылған, бір көрген көркем жігіт жарым
болсын дейтін беделді әйел. Үлкендер алдында ибалы, абысын-ажындарына, жасы
кіші жарандарына мейірімді. Өзі - қолөнерінен жан біткеннің шебері. Ел ішінде
ілуде біреуде ғана кездесетін тігін машинасымен сәнді киім тігеді, неше түрлі
әсем өрнек салып кілем, алаша тоқиды.

Дәмелі Ақайдың артын аздыра қойған
жоқ. Азғана дүние-мүлкін, екі-үш сауын сиыры мен бірді-екілі жылқысын, он шақты
қой тұяғын құнттап ұстап, біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс құрды.

Айназар әулетінің түбі бір ет жақыны
- жалғыз Жанысбай. Оның өзі де құдай қырынан соққан оңбаған. Ерегіскеннің жон
арқасынан аямастан қайыс тіледі, жағаласқанның жанын алқымынан суырып алады.
Бір сүмға бір сүм намазшамда кезігеді дегендей, Жанысбайдың нақ сүйер бәйбішесі
- Зағира.  Ол - жеңгем сайдың нағыз өзі. Бейпіл
ауыз, қоқайыл сі  отыз ру елге жайылған.
«Тиіскеннің тілін кеседі, тақылдағанның таңдайын суырып алады» деп, Зағира
дегенде төбе  шашы тік тұрады. Шалдуар
мінезіне қарай оны «Асау бәйбіше» атап кеткен. Қылышынан қан тамған, қадалған
жерден қан алған қаһарлы Жанысбайдың өзі де Зағираның айтқанынан шықпайды.

Бағзы бір жеңіл ауыздардың
айтатын шымшыма сөзіне қарағанда Айназар тұқымы Андағай руының ішіндегі
кірме-келімсек. Кейде егесіп қалғанда оларды құл-құтансындар деп мұқататындар да
бар. Айназар баяғы заманда әлдеқайда қоныс аударып көшіп келіп, осы елге сіңіп
кетіпті, Жанысбайдың әкесі Қаңтарбайдың Сәтен дейтін жеңгесінен туған Назым дейтін
қызға үйленіпті. Сонымен, Айназар Қаңтарбайдың басыбайлы құлындай болып өмір
өткізіпті. Қазақ ғұрпында ел ішіндегі түбі шикі, төркіні белгісіз адамдарды,
басқа елден келген кірме-келімсектерді жайшылықта, тату-тәтті кезде сен
сондайсың деп бетіне баспайды. Мұндай өрескел сөз көбінесе екі кісі әлденеге
егесіп, ұрысып қалғанда, қызыл шеке төбелес үстінде мұқату үшін айтылып қалады.
«Түбің шикі, тұқымың басқа» дегенге әлдекімдер таласып, жанжалдасып қалғанды
Ақай да талай естіген. Бірақ оны Дәмеліге де, Нарботаға да сездірмейтін.

Бір қызығы, Айназардың қай
жерден, қай елден келгенін, түбі қайдан шыққанын ешкім де қолмен қойғандай анық
айтпайды. Әйтеуір, Айназарды көріп едік, білетін едік дейтін көне көз
қариялардың сөзіне қарағанда бет әлпеті орыс бітімдес, көк көз, сары кісі болса
керек.

Ақай әкесі Айшуақтан үш жаста қалған.
Шешесі Назым бертінде сексеннен асып қайтыс болған. Айназардың Айшуағынан
қалған екі баланың үлкені - Жақай, оған тетесі - Ақай. Жақай тепкенде темір
үзетін қарулы жігіт еді. Жасынан Жанысбайдың қолында өскен. Түбі бір жұрағатымыз
екен деп Жанысбай мен Зағира Жақайды еркелеткен жоқ. Жалшыларымен бірдей ұстап,
итаяқтан сарысу ішкізді. Жақай да жақыным екен деп олардан тырнақтай жақсылық
күтпейтін, жанын қорғап жүре беретін. Мінез жағынан Жақай да анау айтқан қара
жаяу емес-ті. Жанысбай мен  Зағираға
оңайлықпен берісе қоймайтын. Ерегісе кеткенде ә десе, мә деп, қарсыласып тұрып
алатын. «Тұқымы бірге тентек қой, тай тулап үйірінен қайда кетер дейсің,
айналып келгенде қарайлайтын жері біз емеспіз бе» деп, Жанысбай көбінесе ұрыс-керіс
артын кешірімге саятын. Шаруамды басқара берсін, жалшыларыма бас-көз болсын,
қыбын тауып, күшін ала берейін деген есебінен жаңылмайтын. Жақай да тұрмыстан
қанша қиындық көрсе де, зорлық - зомбылықтың небір әлеметін басынан кешірсе де,
Жанысбаймен атқұйрығын кесіспейтін. Түбінде бұлар да өлер, арттарында қалатын
шаңырақ иесі тұяқ жоқ, иен дәулетке мен ие болмағанда кім ие болады деген үміті
де бар-тын. Сөйтіп жүргенде Жанысбай оған Шұбыртпалы еліндегі Қамажай деген
жетім қызды қалықсыз алып берген. Қисынын келтіріп, тұзаққа мықтап түсіру деген
осы. Жақай балталасаңда кетпейді. «Ел-жұртқа түзу қарандар, кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлыларға
ақ көңілмен көмектесіндер, дәйім жұрттың қамын ойландар, өліп бара жатсаңдар да,
өтірік айтпаңдар, біреудің ала жібін аттамандар,сонда сендер бақыт басына қыран
болып қонасындар». Ақай шешесінің осы өсиетін қаперінен есте шығармайтын,
қайткенде де тірлік кәдесіне жаратуға тырысатын.  Істің бәрі бірдей ойлаған жерден шыға бере ме.
Жігіт шағында, екі ру ел жанжалдасып, Жанысбай жағының намысын жыртамын деп,
қапияда мерт болды. Арада жыл Жанысбайлармен  араздасқан Шұбыртпалы дауласып келіп Қамажайды

Жанбота  Жанысбайдың қолында  жүргеніне 
он алты жыл өткен.

Бірегей бай болмаса да аз санды руының
ішіндегі  әулеттісі. Жүзден аса жылқысы,  малы,  екі жүздей қой - тұяғы бар. Жыл он екі ай төрт-бес
жалшы үзілмейді. Солардың бірі  - Жанбота.

Дәмелі  келіп,  іс
болғалы алты айдың жүзі болған. Дәмелі өз алдына түтін түтетіп, ел қатарлы өмір
сүрді. Абысын-ажын арасында да абыройы жаман емес, ерсі мінезі де, бөтенмен ісі
де  жоқ. Жатса да, тұрса да тілейтіні  - жалғызының тілегі.

Жанысбай бара-бара Ақайдан қалган
азғана малға ауыз тиді. Топтап торай шалдырмаған, он сан ел жиналған тойларда
бәйгенің алдын бермеген Құмай күреңге берсе Дәмелінің қолынан, бермесе жолынан
деп, белін бекем байлады. «Құмай күреңді маған қи, Ақайымның көзіндей көріп,
мініп жүрейін» - деп, Дәмеліге қолқа салды.  «Осы ат өз ажалынан өлсе, оған амалым жоқ, бір
тал қылын да ешкімге ұстатпаймын»,- деп, Дәмелі Жанысбайдың меселін қайтарып
тастады.

Қанша айтқанмен Дәмелінің аузынан
жылы сөз шықпаған соң, Жанысбай салы суға кетіп,  тайып тұрған.

Жанысбай содан бері Дәмеліге
қырын қарайтын болған. Қымс етсе сыныққа сылтай тауып, зекіріп  ұрсып тастайтын. Онымен қоймай, кей-кейде
балалықпен бір болмашы тентектік істеп қойса, Нарботаны да қатты жәбірлейтін.
Жанысбайдың өктем зорлығына, Зағираның кемсіткен қорлығына Дәмелі қатты
қапаланатын, іші қазандай қайнап, тісін қайрайтын. Жанысбайдың қиянатын еш
адамға  шағынып айтқанда емес.
«Шегірткеден қорыққан егін екпес, барымтадан қорыққан мал жинамас» дегендей,
Жанысбай жауықты екен деп, елтірлікпен түңілудің  жөні қайсы. Бадана көзі жаудіреп, іш күйігін
елге білдірмей, сыртын қампитып жүре беретін. Бір жағынан Жанботаның да күйігі
өтіп барады. Ол байғұс Жанысбайдың шаруасынан сәл бір қолы босаған алаңқы
сәттерде Дәмеліге келіп мұңын шағады. Жауласқан екі ру елдің бір қырғын
төбелесінде әлдеқашан өліп кеткен әкесін, төркіндері дауласып әкеткеннен бері
хабар-ошарсыз кеткен шешесін жоқтап жылайды.  Дәмелінің жүрегіндегі ескі жараны білтелейді.

Ел жайлауда. Тамыз айы басталған.
Гүл-бәйшешектер семіп, көкорай шалғын, жасыл бояқ, өсімдіктер қуарып,
кең-байтақ жазираның жүдеген шағы. Өнімді өткен бір күнін анау-мынау айта
балайтын, қыс қамын жаз да ойлап, бала-шағаның үнем-несібесін ерте бастан жинайтын
ықтиятты адамдар шаруа соңында. Жоққа  салауат
айтып, қолда барға мәз болып, сапасыз тірлік кешірген самарқау жандар қаншама.
Сырттан қараған тосын көзге сахара қазақтарының өмірі жып-жылмағай теп-тегіс.
Ал енді шынайы тірлік күйіне жіті көз жіберіп, терең бойласаңыз, оның ішінде
арадан қыл өтпейтін ынтымақ-бірлік те, шетінен уайым-қайғысыз бақуат тұрмыс та
жоқ. Төске шауып, басқа өрлеген шонжарлары нашарларын алып ұрып, иттей талап,
бөрідей алқымдап жатқаны. Топшысы қиылған қырандай бір ұшуға зар болып,
қансырап жатқан саналы кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар қаншама. Хас батырдың
кегіндей айбатты, асқан ақылды азаматтардың өздері де сұм тағдырдан таяқ жеп,
есеңгіреп қалған. Ендеше, Дәмелі мен Нарботадай панасыз жетім-жесірге не жорық.
Шықпа жаным шықпамен қалт-құлт етіп күндері өтіп жатыр.

Ел кеше күздікке бір  көш жер жақындап қонған. Атам заманнан бері
қалыптасқан әдеті бойынша Дәмелі үйі Жанысбай аулының төменгі жағына, қотан
шетіне орналасқан.

Ақай барда Дәмелі көктемде шешек
атып құлпырған бойшешек секілді еді. Қайғымен тез солды. Зауал шақта айбалтасын
бауырына қысып, Ақайды жоқтап зарлайды. Қайсы бір уақытта Нарбота құрбыларымен
ойнап кеткенде жер бауырлап жата қалып, өксіп-өксіп мауқын басады. Ну орман,
сылдырап аққан күміс бұлақ, жасыл түкті кілемдей құлпырған кең жазира көзіне
елестейді. Ақай сондай бір жүгіртіп, құс салып, сайраңдап жүргендей, қайтып
келетіндей көреді. Енді бір сәт Нарбота бейнесі ересен зорайып айналып болып шыға
келеді. Дәмелі сонда қайғының жайқап тастап, жадырайды, еңсесін көтереді,
баласының барына шүкірлік етеді. Көпке топырақ шаша ала ма, жалғыз қарындасы
мен жас жиеніне пана бола ала ма?

Кенейдің тұрған жері бұл арадан
жүз жиырма шақырым. Ол әнеугүні осында келіп қайтқан. Қарындасы мен жиенінің
хал-жағдайын білген. «Жанысбай әмеңгершілік жолымен некелеп аламын десе, маған
тез хабар айт, бір түнде келіп көшіріп әкетем» деген. Ағалық  ақылын айтып қайрап кеткен. «Осы бастан-ақ ұрлап
көшіріп әкете берер едім, Ақайдың жылы толмай тұрып, олай етуге болмайды, ел-жұрттың
сілесіне ұшыраймыз» деген, «Балта шабылғанша, ағаш жал табады» дегендей,
Жанысбай арам ниетін тым жеделдетіп жібермесе, бір амалын тауып құтылып
кетермін деп, Дәмелі де іштей бекініп жүретін.

Ақайдың жылы жақындап қалған. Көп
ел жинап, сердебелеп ас беретін шама жоқ. Қолда бар екі қойын сойып, осындағы
жақын-жуық ауылдардың адамдарын жинап өткізбек. Бұл ретте Жанысбай жұмған аузын
ашпайды. Оған Дәмелі де тіл қатпайды.

 

            Екінші тарау

          Ақайдың жылы жетім қыздың
тойындай шоп-шолақ боп өте шықты. Еске алып, айта жүрер елеулі белгісі де
қалған жоқ. Жанысбай жыл толуын асыға күтіп  жүрген. Ол енді әмеңгершілік жолымен Дәмеліні
тоқалдыққа алуға ниет еткен. Өзінің сенімді адамы, жігіт ағасы Жантөрені әдейі
жіберіп, қазақшылық ғұрпымен Дәмеліге төрені әдейі жіберіп, қазақшылық ғұрпымен
Дәмеліден етіл сұраған. От ауызды, орақ тілді Жантөреде айтылмаған сүбелі сөз
қалған жоқ. Ата-бабаның ежелден келе жатқан жол-жоралғысын, салт-санасын жесір
әйелдің алдына колденең тартты. Жанысбайдың қайнағалық хақысын, іні өлсе жесірі
ағаға мұра екенін айтып, некесіз берген ас арам болады, жалғыздық жас әйелге жараспайды
деп, айнала тосқауыл құрды.

Дәмелі әу бастан-ақ Жантөреге рай
бермей, кірпідей жиырылган. Енді  қаһарланып,
сазарып отырып алды. Осы арада оған бір көзсіз ерлік пайда болды. «Өлсем де
беріспеймін» деп, өзіне ант берді. Бірақ шынтуайтқа келгенде мұңдық әйелдің сөзін
кім тындайды, суырылып шығып оған кім болысады? Жеме-жемге келгенде Жанысбай
баса-көктеп некесін қиғызбай ма? Осыны ойлап біле    тұра,  күні некесіз туылған баламен бірдей болады.
Бес уақыт намаз бен отыз күн оразаны да жөндеп атқармайтын Жанысбай шариғат-мариғатыңды   нағылсын.
Дініңді, шариғатыңды бір шаршы шүберекке айырбастап үйренген бір шала молдаға
Дәмелінің некесін қиғызып, ырымын жасағысы келді. Осы арам ойын іске асыру
мақсатымен шөбі шүйгін, суы тұнық жасыл жайлауға үдере көшкен қалың елден
бес-алты үй ағайындарын бөліп алып, шаңы шыққан сары жұртта еру боп қалған.
Анада Жанысбайдың арам ойын естісімен Дәмелі Нарботаны өзінің төркініне
жіберген. Тәуір киімдерін кигізіп, күреңтөбел құнанға мінгізген. Кеней нағашыңның
үйінде аунап-қунап бірер ай жатып қайт деп, қадағалап тапсырған. Жанысбай
бүйтіп қоқаңдауын қоймаса, некесін зорлап қиғызуга бет алса, мұндағы ел-жұрттан
баз кешіп, бір түнде төркініне кетіп пе, жоқ па, кім біледі, іс қысылтаяңға айналса,
үйін, дүние-мүлкін тастап, салт атпен қарақан басын алып қашпақ.

Кеше Дәмелі өзінің бес қанат  құба төбел үйін Жанысбай ауылынан жарты
шақырым аулақтағы Дөңгелек саз бұлағының жиегіне апарып қондырған. Ондағы мақсаты
бір күн де болса Жанысбай көзінен таса болу. Дәмелінің ауылдан бөлініп, жалғыз
үй қонғанын мұндағы азғана ағайын жақсылыққа, игілікке жорыған. Әйтеуір,
Жанысбайға тиетін болған соң қашан бір-біріне дағдыланып, үйреніскенше  Зағира бәйбішеден аулақ бола тұрайын деген
шығар деп жорамалдасқан.

Шындыққа келгенде осы күні
Дәмелінің жағдайы ауырлап кетті. Басы әңкі-тәңкі. Алабұртып Нарбота кеткен
жаққа көп қарайды. Мезгілсіз таң атпайды. Уақытсыз жан шықпайды. Тағдырының
аумалы-төкпелі шағы жақындап келе жатқанын жүрегі сезеді. Ойы онға, санасы
санға бөлініп, не істерін өзі де білмейді. Осы баспайды. Не де болса бірер апта
аужайын байқап, шыдай тұруға бекінді.

Іргелес Шұбыртпалы елінде Ержан  дейтін арамза молда бар. Оған құдай, құран,
пайғамбар дегендерің түк емес. Құлқыны тойса болғаны, кітапта сайрап тұрған  шариғат заңдарын белінен басып жүре береді.

Жанысбай Ержан молданы кісі
жіберіп әдейі шақыртып алды. Кеңірдегіне қарай қайқая біткен сабалақ қара
сақалы сапсиып, арамза қозыдай шілбиген, ине қармақтай ілмиген аласа бойлы
сүлік қара.

Жанысбай кешкілік апақ-сапақта
өзіне қараған үш шалды шақырып алды. Оларға Ержан молданы қосып, бәрі Дәмелінің
үйіне барды.  

Түнеріп кеткен Дәмелі сілкіне
басын шайқады.

- Ұялып отырған шығар, - деді
Бейсен. Ұялма, шыныңды айт, - деді молда Дәмеліге. - Жанысбай Қаңтарбай
баласына халал жұпы болуға ықтиярмын де...

Екі тізесін құшақтап отырған
қалпында бедірейе: «Ризалық бермеймін, Жанысбайға өлсем де тимеймін», - деді.

- Астапыралла! Еріңнің атын неге
атайсың? Махшар күнінде күнәкар боласың, - деді молда.

Жанысбай ызадан жарылып кете
жаздап, әрең отырған. Ержан молда елеурей сөйледі:

- Жанысбай Қаңтарбай баласы мен
Дәмелінің некесі қиылды деп санаймын, - деп, екі қолын жайып бетін сипады. Оған
ілесіп шалдар мен Жанысбай да қайырды.

Дәмелі безеріп отырып қалды.
Мыналарға бір қатты сөз айтып,  қамықтырып
алады. Бұлар ұяттан да, иманнан да әбден безген  екен, жақсылықты енді кімнен күтерсің деп,
іштей қынжылды. Өлген арыстанның ордасын тірі тышқан ластады. Шыдамы таусылып,
үміті кесілгендей, өмірінің ақтық шағы не боларын білмей, көзі қарауытып, дүние
күңгірт тартып барады. Жанысбайлар молданы алып шығып кетті.

Дәмелі басына ауыр күн туды.
Үйелмендей күшті жаумен айқас басталды. Некесі еріксіз қиылған күні түн ішінде Дәмелі
сықсима шырақтан шам жағып, өз үйінде отырған. Бүгінгі  сорақы оқиғаны ойлағанда әр  қилы ойлар келіп, жүрегі қобалжи берген. Жанысбай
жеті қараңғы түнде салып ұрып жетіп келсе, еркексіп иемдене бастаса, өліспей
беріспеуге тастай бекініп алды. Енді бір мезет жан жары Ақайды есіне алып,
іші-бауыры елжіреп кетті. Сонда  Ақайдың
тірліктегі сүйкімді бейнесі көзіне елестеп өтті. «Жауыңа берілме, судай таза, күндей
жарқын махаббатымызды былғама, жан жарым» деп кеткендей болады.

Ақай оттан да, судан да
тайынбайтын, алдында мұзарт шынды тау тұрса бұзып өтетін айбатты батыр
сипатында көрінеді. Өзі сондай керемет батырдың жан жары бола түрып, бұралқы
иттей именген Жанысбайға оп-оңай беріліп кетсе, Дәмелінің кім болганы? Дәмелі
осы бір мығым ойды түйіп тастап, енді Нарботасының қамын ойлап кетті. Жанысбай
зұлыммен таласып, алысып жүргенде қапылыста өліп кетсем, жалғызым қорлық көреді-ау,
көрінгенге көз түрткі болады-ау деп кемсеңдеп жылай берген. Бір жағынан оны
Жақай қайнағасынан қалган жалғыз бала Жанбота жағдайы мазалайды. Ол бишараның да
көрген күні күн емес. Жанысбай Жанботаны жанға санамайды. Қаққанда қанын,
соққанда сөлін алып, есіктегі итіндей жұмсайды.

Дәмелі төрдегі жүкаяқ үстіндегі
қатар жиған екі әбдіреге арқасын сүйеп, оймен күйініп тұрғанда тышқан андыған
мысықша қыдия басып, Жанысбай кіріп келді. Дәмелі оған тұңғиық отты жанарын
қадап, тас діңгектей қақшиып тұрып қалды. Жанысбай жалаңбас. Жеңсізін желбегей
киіп, ашық жағалы көйлегін шалбарланып алыпты. Аяғындағы көзел мәсісінің қонышы
қолпылдап, қайқы бас кебісі тырпылдап келе жатыр. Байсалды кескінмен Дәмеліге
жанаса берді. Салмағын екі аяғына кезек салып, ырғалып түр. Дәмелінің иығына оң
қолын арта салып еді,  анау өршелене
қағып жіберді. Алғашқы ұпайынан ұтылып қалган Жанысбай енді келесі әрекетте
оқпандап тұрып қалды. Қөзінің уытын төге:

-        Қиқандама,
Дәмелі, бұрын келінім едің, енді бүгіннен бастап құдай қосқан жарымсың, - деді.

Дәмелінің өңі тозған шүберектей қуара
қалған. Жазық мандайынан бұрқ ете қалған ыстық тер ұсақ ақ маржандай мөлдірейді,
қарақат көзінде жас мөлтілдейді.

-        Менің
күйеуім өлген, - деді ол қатулана, - енді маған ешкімнің керегі жоқ.

Жанысбай оған қарсы сөз айтпады.
Не де болса алдап, арбап қолға түсіріп алайын деген байламға ден қойған.
Айналып, толғанып, өлердегі сөзін айтып, жарамсақтанып қойды. Бір  жерде таптап өлтіріп тастаса да, ырқына
көнбеймін, таза жүрегімді, жарымның  аруағын
қорламаймын деген анты есіне түсті. Қара күшке ырық бермеймін деп түйді. Зорлап
бір көндіріп алсам,бауыр басып, иемденіп кетермін деп ойлады. Содан барып Дәмеліні
екі қолымен айқастыра құшақтап,  котеріп
апарып, оң жақтағы салулы тұрған төсекке алып барды.  Қыпша белін қусыра қысып, жұмарлай сүйе
бастады. Дәмелібастырылып жатқандай тынысы тарылды. Жанысбай да тез қалжырады.
Теке құлағы қалқиып, кеудесі   сырылдап
әрең дем алды. Дәмелі бар күшін жиып, түрегелді,  жұлқынып шығып, үйдің оң жақ бұрышына тұрып қалды.
Қалш-қалш етеді, ерні дірілдейді, оймақ аузы жыбырлап бара жатқан өзегін кернеп
келіп, кеудесі қысылып, айтатын  сөздері
көз жасына булығып шықпай қалды.  Жанысбай сол орнынан тапжылмай,Дәмелі бір
сәтке байсал тапқан. «Бұл қатын әлсіреп қалды, енді қалай да ашуын басам деген
шала-шарпы үмітпен қасына келіп: «»Қашан  енді», - дей берді. Дәмелі   қолын
шошайтып, ақыра:

-        Атаңа
нәлет, шық үйден, - деп еді. Жанысбай оның жанкешті әрекетіне бұл жолы қарсылық
көрсеткен жоқ. Көзсіз қимыл түбінде бір сұмдыққа ұшыратады. Басыма пәле болып
жабысады деп жүрексіне берді. Бір жағынан жаңа қосылған жас тоқалымен
жанжалдасып қалыпты сынды жайраң әлпетпен Дәмеліге жанаса берді. Безгек
қысқандай тісі тісіне тимей қалшылдап тұрған Дәмелі Жанысбайды кеудесінен
шамырқана итеріп жіберді.

-        Қан
болайын демесең шық үйден, жоғалт көзіңді, - деді зіркілдеп.

Жанысбай ызаға шыдай алмай ашулы
арыстандай қүнжия атылғанда Дәмелі босағада жатқан қол тоқпақты жалма-жан ала
салып, көк желкеден періп-періп жіберді. Жанысбай төтен соққыдан есеңгіреп
қалып, мықшиып отыра кетті. Дәмелі тоқпақты қысып ұстаған күйінде тұрған орнында
қатты да қалды.Жанысбай сәлден кейін есін жиып, екі қолымен жер таянып
түрегелді. Сонда Дәмелі қас қағымда есікті теуіп ашып, қолындағы тоқпақты
сыртқа атып жіберді. Есік сол күйінде шалқасынан ашық қалды. Дәмелі кейін
айнала берген. Не істерін білмей тұрған Жанысбайға айбаттана ақырды.

-Кет дедім ғой мен саған!... Не әкеңнің
құны бар менде? - деді.

Жанысбай ашуға ырық берді. Жұмарланып
келіп, Дәмеліні екі қолымен айқастыра қысып алды. Үйіріп әкеп жерге көтеріп
үрды. Күшіген қара қүстай қона түсті. Айқайлауға шамасын келтірмей, күректей
жалпақ алақанымен аузын баса қойды. Енді оның нәпсі қүмар пасық сезімін
өшпенділік женді. Бір жағынан, жан керек болса, Дәмелі ағатайлап жалынсын,
аяғыма бас ұрсын деген ой келді ғой. Онсыз да демі азайып, сілесі қатып жатқан
дәрменсіз сорлының кеудесін, іші-бауырын тізесімен езгілеп, тастай жұдырығымен
мыти берді.

-        Қоямысың,
көнемісің? - дейді тамағы қырылдап.

-        Өлтір,
 құрт мені... - дегенде Дәмелінің даусы
жеті қабат жер астынан шыққандай үзіліп-үзіліп естілді. Қеудесі желі азайған
көріктей сылбыр солқылдайды. Сәт сайын дәмі азайып, әлі құрып барады.

Дәмеліні басқа-көзге төпелеп,
алқымын езгілеумен Жанысбай да өлердей шаршады. Қол-аяғы дірілдеп, денесі ауыр
тартты, тынысы тарылды. Жеме-жемге келгенде ала құйын ит ашумен таласып, бір тиянақты
ой басына үйірілді. «Бұл қатынды бүйтіп езгілей берсем өлтіріп алармын, тоқалын
өлтірген қаны мезер атанармын деп,  енді
Дәмеліні босатып еді. Талықсып қалған Дәмелінің нәзік тамырлары үзіліп кеткелі жатқандай
тұла-бойы шымырлап кетті.

 

          Үшінші тарау

         Кешегі  жанжалдан кейін Дәмелі төсек тартып жатып қалды.
Қатты жөтеледі, анда-санда құсады. Екі көзі  қанталап,  жүзі бұзылып кеткен. Айран -шалаптан басқа
тамақты іше алар емес, сөзі де сараң. Азғана ауылда оның  науқасы жайында әр қилы жорамал бар.  Оны суқаны сүймейді, оған еріксіз тиді, қайғыдан
дертті болды дейді бағзы біреулер. Пері соғыпты деген дүмбілез лақап,  ауыл  арасында
жүйесіз, түйінсіз күңкіл көп. Дәмелінің шынайы жағдайын білетін бір-ақ адам
бар. Ол да болса - Күніш дейтін кексе әйел. Күніш  Дәмеліге тұқым жағынан төрт атадан қосылатын
апа болады. Дәмелі әр кезде көңіліндегі соққы жеп, қансырап жатқалы Дәмелінің
қасынан кетпей, шыжық болып жүрген де  - осы
Күніш.

Жанысбаймен арасында болған сұмдық
жанжалды Дәмелі сол күні-ақ Күнішке жылап айтқан. Елге білдірме деп қатаң
ескерткен. «Жаман айтпай жақсы жоқ, түбінде осыдан өліп кетсем бір сенімді
адамнан Кеней ағама хабар жеткіз, менің жағдайымды Нарботаға білдірмесін, келіп
қалса, оған сен де айтпа, кейін біле жатар», - деп аманат тапсырған.

Түк көрмегендей, ештеңе
білмегендей, аузын қу шөппен сүртіп Жанысбай жүр. Дәмеліні соққыға жығып өлімші
етіп тастағанын білген күнде де бұл ауылда Жанысбайға қарсы келіп, бет
жыртысатын ешкім де жоқ. Мұндағылардың көпшілігі Жанысбайдың намысын жыртып,
сойылын соғады, жауырды жаба тоқиды.

Түбінде Дәмелі осы аурудан өліп
кетсе, ең алдымен қырсығы өзіне тиетінін ерте ойлаған Жанысбай ұйқы беріп, қайғы
алып, жүдеп кетті. Енді ол бұл науқас Дәмеліге төтеннен жабысты, ем-домын
аянбай жасап жатырмыз деп, ілгері көшіп кеткен елге лақап таратты. Бір жағынан
Дәмелінің аузын алғалы жанталаса әрекет істеп бақты. Оған жаны ашығансып,
қамқор болғансыды. Көрші елден көзі қарақты тәуіп алдырып, ем жасатты, қасына
бір әйел күтуші қойды. Өзі  де күн сайын
Дәмелінің қасына әлденеше көңіл бөліп келіп кетеді. Оны біліп жатқан Дәмелі
жоқ. Науқасы мендеп, шала есті күйде қиналып жата берген.

Осы күймен арада бес күн өтті.
Намаздігер мен намаз шам арасына Жанысбай Дәмелінің өліп жатқан үстінен шықты.
Зәре-құты қалмай, сасқанынан аллалап бақырып жіберді. Дәмелінің қасындағы
күтуші әйел Жанысбайды көргеннен-ақатқып сыртқа шығып кеткен.

Жанысбай өліктің бетіне шаршы
шүберек жауып, басындағы құс жастығын жөндеді, көрпесін айнала қымтап қойды.
Дәмелінің бүгін танда тез өліп кеткеніне қайран болып, есі кетті. Ауруына, іш
күйігіне шыдай алмай у ішіп алды ма деген күдік кірді оған. Әлдебір
бөтен-бастақ у затының жұрнағы қалмады ма екен деп, үйдің ішін түк қалдырмай
тінтіп шықты. Ондай атты ештеңе табылмады.

Дәмелі қайтыс болды деген суық
хабар жетісімен ауыл адамдары лездің арасында Ақай үйіне жиналып қалды. «Аузына
қасықпен су тамызып, қасында отыр едім, көзімше 
өліп кетті» - деп, Жанысбай көзі жасаурап, жылаған сыңай көрсетті.
Ақсакалдар оған көңіл айтып жатты.

Әйелдер  Дәмеліні оң жаққа салды, ақсақалдармен оңаша
кеңесіп, Дәмеліні осы ауылда жерлеуге байласты. Ертеңіне ауыл сыртындағы
зираттың  басынан лақаттап қабыр
қаздырды. Сол күні денесін  жуып,
кебіндеп, підиясын оқытып, алас-қапаста көміп тастады.

Мұндағы Жанбота   қабырғасы қайысып, қаусап жүдеп кетті. Кенейдің
немерелес туысы Шағбан деген жекжатына 
аттанған. Жанботамен тілдескен.

Себебін Жанбота Шағбанға айтқан.
Жасырып айтыңыз, ондағы Нарботаға білдірмеуін өтінгсн.

 Жанбота Жанысбайдың бір қотан қойын
өріске  айдап кеткен. . Түс ауа бергенде ауылға
келді. Демек, өрістегі қалың қойға қасқыр шапты.  Қырып тастаған. Мүны көргенде Жанысбай қайғырып,
түтітіп кетті.  Дереу салт атты үш кісіні
қой іздеуге аттандырды.

Жігігтер ойм ен қырды кезіп жүріп,елу
шамалы қойды аман алып қалды. Қырық шақты қойдың өлімтігі табылды. Кейбіреуі
қара құс  жеп жатқан үстінен шықты.
Жалғыз-ақ Жанбота қойшы зым-зия жоғалды. Байтал түгіл бас қайғы Жанысбай
сасайын деді. Жанбота әлде ұрымтал жердегі елдердің біріне барған шығар,
қорыққанынан бой тасалап жүрген шығар деп жорамалдайды. Айналадағы аяқжетер
жердегі елдерден жансыздан іздестіріп еді,  Жанботаның дерегі білінбеді.

Жанысбай туыс үш шалдың басын
қосып, Жанбота жайынан мәслихат құрды.

- Қорқау қасқыр адам етіне құмар
болады дейтін еді, ең алдымен сол Жанботаның өзін жеген болар, - деді Жанысбай
мұңайып, - бұл, шіркін, ең болмағанда өз ажалынан да өлмеді-ау.  Пәленшенің қойшысын далада қасқыр жеді деген
жаманатын айтсайшы...

-        Екі
бірдей  өлімнің қабат келгенін көрмейсің
бе, - деп, Бейсен көзі жыпылықтап, түнере төмен қарады.

Жанысбай уайым айтты:

-        Осы
күні дос аз, дұшпан көп. Дәмелінің өлімін де әр саққа жүгіртер әлі...
Болыс-билер бір қитықса сенің ақ-қараңа қарамайды. Дәмелінің некесін еріксіз қиғызып,
өліміне себепкер болдың десе, оған не дәлел айтамыз? Ал мына тапа-тал түсте
жоғалған Жанботаны тауып Бер десе, оған қандай айла бар?

Сабырлы Сандыбай сөз салмағын
Жанысбайдың өзіне тастады.

-        Көпті
көрген көнесің, тіл біткеннің шешенісің, бір өзіңнің ақылың мың кісінің ақылымен
пара-пар. Сенен артық біз не білеміз. Сен не айтсаң, біз соған тәнті боламыз.

-        Сандыбайдан
сөз қалған ба, ендігі амалын өзің тап, Жанысбай, - деп  Бейсен лып етті.

Жаңа ғана күйісінен жаңылған сиырша
мықшиып отырған Жанысбай құлпырып сала берді. Дүниенің неше ықылым сырларына
жетік адамдай құлдырандап кетті.

-        Өзімізге
қараған бес үй қалың елден бөлініп кейін қалдық қой, - деді Жанысбай, - әлі де
болса екі апта еру болып, асықпай көшейік. Дәмелінің ішінен қан кетіп өлді
дейік те, Жанботаны қой бағып жүргенде қасқыр талап өлтірді дейік. Екеуінің басына
оңдап тұрып мола соғайық.

-        Осыған
мен бір ақыл қоссам қайтеді? - деп, Сандыбай қылаң ұрып, сақалын сипады.
Әлгінде ойына орала кеткен оңғайлы пікірін әзірге іркіп қойып, әуелі Жанысбайдан
жауап күтті.

-        Айтсайшы,
Сәке, тыңдайық, - деп, Жанысбай жайнаң қағып, құлдық үрды. Бұл шал қандай амал
тапты екен деп, білгенше емешесі құрып отыр.

-        Тапқышым-ау,
үздіктірмей айтсайшы, - деп Бейсен бір жағынан қамшылап жіберді.

-        Бастан
құлақ садаға, осындагы өз адамдарымызға да, көшіп кеткен ілгері елге де дүшпан
көзі болсын, - деді Сандыбай салмақтап. - Жанботаның сүйегін даладан іздейік.
Сосын тауып алдық дейміз. Өлімтік малдың сүйегін былғары қапшыққа толтырып
саламыз да, аузын таспамен жымдастырып тігіп тастаймыз. Сосын Дәмелінің
қабырының қасынан қабыр қазамыз, жаназа ырымын істеп қапшықты көміп тастаймыз.
Әйтпесе сенің құр сөзіңе итім де нанбайды.

-        Амалын
таптың, солай болсын, - деп  Жанысбай
сымпылдап еді, Бейсен де қостап кетті.

- Тауып кеттің тарланым, қысылған
жерде сүйреп  шығатын осындай бір артықша
қасиетің бар-ау сенің,-деп, компандап келіп, Сандыбайды арқаға қақты.

- Елге қыстауда бір-ақ қосыламыз.
Оған шейін Дәмелі өлімі суиды, Жанбота да ескіреді, - деді Сандыбай.

- Бізге сенімің кәміл болсын,
өлсек те сертімізден айнымаймыз, - деп, Бейсен жарамсақтана сөз қосты.

-        Болыс-билер
қудалап тексерсе, өтірігіміз шығып қалып масқара болмасақ жарар еді, - деп,
манадан сөзге қосылмай тұйық отырған Қемел шал сампылдап қоя берді.

-        Бақырауық
түйедей байбалам салмай тыныш отыр, - деп Сандыбай оның екпінін басып тастады.

-        Жай
айтам, лайым аман болайық, - деді  Кемел
кінәлі адамша қыбыжықтап. Бірақ көңіліндегі түйткілі тараған жоқ. «Өтіріктің құйрығы
бір-ақ тұтам». Түбінде шындық ашылмай қоймайды деп, алдағыны болжап отыр.

Дәмелі мен Жанботаға арнап шымнан
мола салуға, Дәмелі қабырының жанынан Жанботаға арнап қабыр қазып, жалған
мүрдені соған көмуге сөз байласты.

Ертеңінде ауылдың еркек кіндікті
кәрі-жасы жиналып, Дәмеліге мола салу қамына кірісті. Ең алдымен қалай да
сүйегін тауып әкеп көмеміз деген желеумен Дәмелі қабырының іргесін Жанботаға
арнап қабыр қазды. Он шақты адам екі күн бойына бір тынбай темір күрекпен шым
кесек ойды. Шым кесек жеткілікті болды-ау дегенде аумағы алты қанат  киіз үйдей жерді қазып ат аяғымен лай айдады.
Сосын бүкіл ауыл жабылып мола  соға
бастады. Бауырдай тілініп,  тақтайдай
мүсінделген, күнге тобарсыған шым кесекті бір-біріне өбістіре, қиыстыра қалап,
моланың төрт бұрышынан шошайтып құлақ шығарды. Күншығыс жақ қабырғасының орта тұсынан
бір кісі еркін өтерлік есік қалдырып, оған ағаш ергенек қойды. Төрт қабырғасының
іші мен сыртын жылмитып лаймен сылап тастады.

Ауыл адамдары қызыл танау болып
мола салып жатқанда Сандыбай мен Жанысбай Жанботаның сүйегін іздеп дала кезіп
кеткен. Бұлар анадағы астыртын пәтуалары бойынша былғары қапшықка сүйек
толтырып салып әкелген. Келісімен ауыл адамдарын тез жинап алып, жаназа ырымын
жа-сатып, дүға оқытып, қапшықты даяр тұрған қабырға көміп тастады.

Құлазыған жапан далада төрт құлақты
қара мола пайда болды. Жаманын жасырып, айласын асырғанына көңілі көншіп,  күмпиіп Жанысбай жүр.

 

 

         Төртінші тарау

        Арада бір  апта өткен. Ауыл түс ауа үйлерін жығып,
күздікке көшкелі жатқан. Күреңгөбел құнанды жортақтатып, нағашы жұртынан
Нарбота жаңа оралған. Келсе үйі  қаңырап
бос қалыпты. Оның келгенін артынан көрген қатын-қалаш, шал-шауқандар лезде осы
үйге жеткен. Олар Нарботаны айнала қаумалап, Дәмелінің аз күн ауырып қайтыс болғанын
естіртті, Жанботаны өрісте қасқыр талап өлтірді, екеуін бір молаға жерледік
дегенді айтты.

Екі бірдей ет  жақынының  өлгенін естігенде Нарбота төбесінен жай
түскендей есінен танып қалды. Есін жиған соң өкіріп жылап, жер бауырлап жатып
алды.  Біраздан кейін Жанысбай келді.
Нарботаны құшақтаған болды, Дәмелінің өліміне камыққан болды. «Мен тірі
түрғанда қор болмайсың» деп, өтірік шүленсіді. Әйтеуір, Нарботага сыр алдырмай,
жақсы атты болып бақты. Жанысбай қанша алдарқатса да, Нарботаның оған іші
жылымайды.

Сол күні Нарбота өз үйіне жалғыз
түнеп шықты. Көрер танды көзінен атқызды. Шешесінің өлімін өз көзімен көрмеген
соң өлі дегенге көңілі сенбейді. Әлдеқайда алыс сапарға кеткендей, енді көп ұзамай
үйге қайтып келетіндей болады да тұрады. Осындағы кейбір  жанашыр әйелдер Дәмелі қан құсты, нәр татпай
бес күн жатып өліп кетті деген. Соған қарағанда шешемнің ажалы осы Жанысбайдан
болмады ма екен деп те күдіктенеді. Ал енді Жанботаны өрісте қасқыр талап
өлтірді дегендері құлағына бірден қона кеткен. «Жанботаның сүйегін былғары
қапшыққа салып әкеп, Дәмелінің қасына жерледік» дегенді Нарбота осындағы
үлкен-кішіден тегіс естіген. Демек, оның ойынша Жанботаның қасқырға жем болып өлгені
де рас, оның сүйегін даладан тауып әкеп көмгені де рас...

Ауыл адамдары Дәмелінің өлімін қолмен
қойғандай ғып мөлдіретіп айтады да, ажалының түпкі себебіне келгенде сөз аяғын
көрбілтелеп, сұйылтып жібереді.

Нысапсыз Жанысбай енді Нарбота
шеңгелін салды. Шешесінен қалған аз ғана мал-мүлкімен қолына кіргізіп алды.
Ақай шаңырағының ошағы сөніп, іргесі құлады. Нарботаның бұрынғы күні бір сәрі
еді, ендігі көрген күні не болар екен деп, ауылдың  кейбір мейірбан шал-кемпірлері уайымдайды.

Ақай мен Дәмелі көздері тірісінде
Нарботаны ауыл молдасының оқуынан қол үздірген жоқ еді. Бастапқы кезде
еже-сүремен басы қатып, жаны қиналып жүрсе де, кейін түркіше, арабша  әжептәуір хат танып, өз бетімен оқуға жарап
қалган. Жанысбай Нарботаны оқудан алып, қой бақтырды, су тасытты, от жақтырды. Қашқанда
қанын, соққанда сөлін алып сүмірейтіп қойды. Ішер асқа, киер киімге жарытпады.
Нарбота осы күні теңіне қосылудан да қалды. Шешеден қалган азғана дүние-мүлік
жылға жетпей құрып кетті. Ақай деген асыл азамат,  Дәмелі деген абзал жан, сірә, де бұл дүниеге
келмегендей, отау тігіп, от жақпағандай...

Өзінің  жалқылығын, жаралы еліктей мүшкіл халін ойлағанда
 Нарбота қайғы тұңғиығына батып кетеді
де, өмірден жақсылық күткен өршіл үміттің демеуімен жарық дүниеге  қайта қалқып шығады.

Нарбота басындағы қаралы, қайғылы
күндер тасбақадай баяу жылжып, баяу өтіп жатыр. Ақшелек болган атан-аузынан
көбігі бұрқырап, Жанысбай дікеңдейді. Болмашыдан сылтау тауып, қамшының астына
алады.

Күндердің күні болғанда сазайыңды
бір тартарсың сұмырай» деп, Нарботаға кіжінеді. Бірде Нарбота Жанысбайға
шыдамай қарсы келіп қалған. Сонда Жанысбай әкесінің құны бардай-ақ:

- Айтқаныма көнбесең, айдауыма
жүрмесең, шешеңнің барған жеріне сен де барасың, - деп қалды. Нарбота да тайсалған
жоқ.

- Несі бар, барармын да жатармын,
-деп тулап жүріп кстті.

Кейінгі жылда Жанысбайдың шаруасы
ілгері баспай қойған. Үй ішін дерт жайлап, төрт түлік малын індет жайлаған. Зағира
бәйбіше сал ауруға шалдығып, төсек тартып жатқалы алты айдың жүзі бол5ан.
Кейінгі кезде Жанысбайдың да ыңқыл-сыңқылы көбейіп, бүрісіп жатып қалатын.

Қыркүйек айының бас кезі.
Жанысбай аулы елмен бірге Көрейбат тауының етегіндегі Жайылма бұлақты жайлап
отырған. Қара сабадан балдай тәтті қымыз ішіп, бағлан қозының балбыраған етін
жеп,  жел-құйын күндер өтіп кеткен. Жер
мен елдің жадау алыпты. Ұлан-асыр шалқар көлдің қамыс-құрағы жапырылып, көздің
жасындай мөлдір айдыны қойыртпаққа айналған.

Ел күздікке ұрымтал жердегі
Айдаһарлы бұлағына көшу қамына кіріскен. Көліктерін сайлап, жүктерін буып-түйе
бастаған. Айдаһарлы бүл арадан үдере көшкен ел ара қонып, кештетіп жететін жер.
Әне көшеміз, міне көшемізбен қамданып отырғанда Жанысбай жынданыпты деген
жаманат хабар ел ішінде бүрқ ете қалды. Жанысбай ауруы жөнінде елде екі сөз
жоқ. «Жынданыпты, пері соғыпты, қол-аяғы матаулы жатыр» дейді. Жығылған үстіне
жұдырық болып, бір жағынан Жанысбайдың бәйбішесі Зағира да өлім халінде жатыр.

Ел ғұрпында кісісі өліп азалы болған,
әлдебір адамы қатты науқастанып қалған ауылды тастап, жаппай көтеріле аужайына
қарап, бүкіл ел көш-қонды аз күнге тоқтатып, ескі жұрттарында аялдап қалған.

Сыртқы  көздерден шола болсын, жындылықпен
істеген-тентектігін ел көре бермесін деп ағайындары Жанысбай үйін елден аулақ
алыс жерге жеке қондырған. Күзететін, сусын, тамақ беретін жанашыр жақындарынан
басқа ешбір  адам бұл үйге жуымайтын болған.

Иелері неғайбыл күйге түсіп,
күнделікті азап-қорлықтан арқасы босаған Нарбота алшадай басып еркін жүрген. Зағираның
өлгелі жатқанын, Жанысбайдың жынданып байлаулы жатқанын айтып, бір таныс
жолаушыдан Кеней нағашысына хабар жіберген. «Келіп мені көшіріп әкетсін, бірге
болайық» деген.

Жанысбайдың шалық ауруы барган
сайын күшейіп кеткен. Ертелі-кеш байлаудан сәл босай қалғанда кез келген адамды
ұстап алып, бүре бастайды, елді ала тайдай бүлдіреді. Үлкен-кіші, бала-шаға
Жанысбайдан зәрезап бо-лып, әбден зықылары шықты. «Бұдан да басқа бір төтен аурудан
тезбе-тез өліп кеткені жақсы еді», - деп оған өлім тілейді. Жынданған адамның
бүгін таңда оңайлықпен өле қоймайтыны белгілі. Өлердей мезі болған ел
Жанысбайдан қашан құтылып, үһілеп дем алар екен?  Бұл  - Нарботаның
ойы.

Тама еліндегі атақты Сарман
тәуіпті алдырып, үш күн бойына қара қоймен қақтырып, үшкіртіп  еді, Жанысбайға одан да еш қайран болмады.
Оның осындағы аз  санды ағайындары енді
не істерге білмей, жандары қиналып, дағдарып отырған.

Айсыз қараңғы түн. Жалтаң аспанда
жұлдыздар сирек. Ауа райы коңыр салқын. Бүгін өз кезектерімен Бейсен мен
Сандыбай Жанысбай қасында күзетте отырған. Зағира ас-су қоятын қоңыр үйде әлсіз
жатыр. Жанысбай жынданғаннан  бері
бәйбішенің науқасы меңдеп кеткен.

Алты  қанат ақ боз үйдің түндігі жабық. Ешкі майын толтыра
алған шай табақтағы шырағдан шамның жарығы күңгірт. Екі жігіт әлгі бір әзірде Жанысбайды
зорлап апарып төрдегі төсегіне жатқызған. Төсектің екі жағына алты жерден қағылған
ұзын қазыққа қыл арқанмен керіп тастаған. Жанысбай сонда бұлқынып, үйді басына
көтеріп ойбай салған. Екі шалды да, әлгі екі жігітті де қайдағы бір жаман
сөздермен балағаттап, сыбап алған. Жұлқына-жұлқына жұлыны талып, сөйлей-сөйлей
жағы қарысып, қалжырап ұйықтап кеткен. Жанысбайдың да, оны кезектесіп  күзететін шалдар мен жігіттердің де күндегі
әрекет осы. Кейде тіпті Жанысбай жыны қозғанда еш адамның ырқына көнбей, шектен
шығып кетеді. Сонда шалдар оны қарулы жігіттерге сабатып, сілесін қатырып
байлап тастайды.

Бейсен мен Сандыбай Жанысбайдың
аяқ жағында қалғып-мүлгіп отыр еді. Бір мезетте үй алдынан аттың тұяғының
дүрсілі естілді. Шалдар оған елендеп құлақ түрді. Жүнін сыртына қаратып киген
қара сеңсең жалбыр тонының етегі  аяғының
басына түскен, басына қоқайтып жуан ақ сәлде ораған, ұзын бойлы, сидам денелі
біреу үйге айқайлап кірді.

-        Аллай
хақ! Алай хақ! Мен атағы елге жайылған, жын-періні қойдай қайырған, дерттілерді
пәле-жаладан айырған Мұқай тәуіппін!

Ентелеп Жанысбайға келді. Бет-ауызы
қазанның түп күйесіндей. Күректей қарасақалы, сапарлы ұзын қара мұрты илеген
қара теріге жапсырып, бетіне қаптап қойғандай. Тістері ақсиып, көзі жылтырайды.

Жанысбай шошып оянып, елеуреп,
сандырақтай сөйлей бастап еді. Мұқай оны шапалақпен ауызға бір тартып, иегінің
астынан сарт еткізе бір қойып үнін өшірді. Шырмаулы қыл арқанның арасынан көрпенің
астына қолын жүгіртіп жіберіп, Жанысбайдың ішін, мықынын бар пәрменімен езгілей
берді. «Жын-періні шошытып қумақ керек, құртпақ керек!» - деп қояды
ара-арасында. Жанысбай бақырады, ышқына бұлқынады. Сонда Мұқай алақанымен оның аузын
баса қояды, басқа, көзге шапалақпен шартылдата бастайды...

-        Шық
бәлекет, кет бәлекет! - деп  күбірлейді.

Екі шал естері кетіп,  бір бүйірде күбірлеп сөйлеп тұр.

Сандыбай: Ей, алла, сәтін түсіре  гөр!

Бейсен: Төменгі  Шудағы  атақты Мұқай тәуібі осы екен ғой, құдай айдап
әкелген шығар.

Мұқай Жанысбайдың оң жағына -
кеудесінің тұсына малдас құрып отыра қалып, судыратып дұға оқи бастады:

-        Қала-қала,
лака-лака, габартіллә, шылауманда, тіла-уманда, зарқүнда, забарқүнда,
забырларың келді мұнда, тақ Сүлеймен дәмі бірлән, күф, шық!.. Шық бәлекет,
шық!..

Мұқай бұл елдің ешбір адамы бұдан
бұрын естіп көрмеген түсініксіз дұғаны үш дүркін қайталап айтып, Жанысбайдың
бетіне үш қайтара дем салды. Содан кейін аз-кем тыныстап алды да, қасында
қалшиып тұрған екі шалға суық түспен түксие қарап қойды.

Бейсен сапсиған тарлан сақалын
умаждап, ұзын мұртын шиыршықтап ширатып отырып, Мұқайға  езурей тіл қатты.

-        Дархан-еке,
араб оқуынан менің де шамалы хабарым бар еді, жаңағы оқығаныңызға түсінбедім, мұныңыз
қандай дұға?

Осы кезде жаны жай тапқандай
бәсең ыңқылдап, сұлық жатқан Жанысбайға көзінің астымен қарап қойып, Мұқай енді
шалдарға мойын бұрды. Көмейінен қырылдай сөйлеп кетті.

-        Сіздер
білігі қойыңыздар... менің жаңағы оқығаным он сегіз мың ғаламға әмірші болған
тақ Сүлеймен пайғамбардың заманында заңғар тауларды төңкерген, жойқын
дарияларды теріс ағызған керемет дұға. Мен бұл дұғаны кез келген адамға оқи
бермеймін. Елден асқан қадірлі адам болғандықтан және де науқасы өте-мөте ауыр
болғандықтан, Жанысбайға арнап оқыдым.

-        Дұғаңыз
қабыл болсын, - деді Бейсен сүйсініп.

-        Дұғаңыз
ем болсын, - деді Сандыбай қолын қусырып.

Мұқай буырқанып, Жанысбайдың
талақтай талайраған сопақ бетін жалпақ алақанымен батыра бір сипап өтті. Көздері
алақтап абыржып тұрған екі шалға адырая қарап қойды. Ұршықтай үйіріліп, айнала
жүгіре бастады. Тонының етегі жерге сүйретіліп, қолапайсыз қимылдайды. Қайтып
келіп өз орнына шарт жүгініп отыра қалды.

-        Ей,
алла! Пайғамбарлар, әнбиялар науқас кісіге жар болындар! Осыны айтып сәл  кідірді.

-        Мен
енді әлгі дүғаға қосымша және бір керемет әпсүн оқимын, - деді елеуреп. - Иншалла,
әрі кеткенде бір тәулікте бір жақсылық нышаны білінер... Отырыңыздар! --деп,
екі шалға әмір берді. Олар тұрған жерлеріне шоқиып отыра кетті.

Мұқай тамағынан әлдеқандай сұмдық
дыбыс шығара, көмекейі бүлкілдеп сөйлей бастады.

Бұрхан келді, сары қасқа шашты, жылан-шаян...
Мұқай осыны айтты да Жанысбайдың дүркіп сымпылдатып дем салды. Жанысбайдың ісіп
 кеткен бет-аузы қайнаған судай
жыбырлайды. Енді бұл кісінің бойындағы жын-перінің заһарын шығаруға әрекет
істеймін, - деді Мұқай еліре.

Шалқасынан шырмаулы жатқан
Жанысбайды ерсілі-қарсылы тепкілей бастады.

- ІІІық бәлекет! Шық бәлекет! -
деп жанталасады.Жанысбай ышқына дөңбекшиді. 
Бір мезетте әбден мезі шығып, үні өшті.

  Енді
киелі пірлерімді шақырамын, - деді Мұқай, бөтен адамдардың көзінше келмейді
олар сыртқа шығындар, аулаққа барып тұрыңдар, кейін шақырып аламын. Үйдің
қасында адам болмасын. Шалдарды үйден қуып шықты. Олар кетісімен Мүқай бақырып,
иелерін шақыра бастады:

- Ақбоз атты Ағыбай, Қербалақ
атты Кеншімбай, Қойлыбай! Келіңдер, тез келіндер, бір тілекті орындаңдар!

Мұқайдың үні өшті. Сыртта
қалшылдап тұрған шалдар  Мұқай енді жын
иелерімен тоқайласқан екен ғой деп, Жанысбайдың дертіне шипа тілеп, өздерінше
тұрған. Сол мезетте Мұқай әуелі Жанысбайдың жағдайын тексеріп алды. Көрсе, ол
әбден дымы құрып іимі ікі ып жатыр екен. Мұқай мәсісінің қонышынан бармақ мүйіз
шақшаны алды да, сүйек тығынын суырды,  ішіндегі күшәлә, мендуана мен тотяйын араластырып
қайнатқан қоймалжың қоңыр суды Жанысбайдың аузына үш рет қылқ-қылқ еткізіп құйып
жіберді. Жанысбай қақалып қалды. Онсыз да есінен танып, әлсіреп жатқан.

Жанысбайдың үні шықпай түнек болып
жүре берді. Жүре-жүре басының айналғанын да сезген жоқ, лоқсып қалғанда аузынан
запыран ақты. Мұқай енді шақшаның түбіндегі сарқындыны үй ортасындағы от орнына
күлге тогіп тастады. Сосын мәсісінің  қонышынан
сапы пышақты суырып алды. Күлдің үйіндісін аяғымен жайқап пышақтың ұшымен төрт
саусақ еркін сыярлықтай, сүйемдей жер қазды. Оған шақшаны дереу мұқият жауып, жып-жылмағайтап
 шашылып жатқан күлді аяғының ұшымен орнына
жинап қойды. Пышақты қынымен қонышына сүңгітіп жіберді. Енді жан-перілермен
қоштасқан болып, безілдеп, сарнап-сарнап, тыстағы шалдарды бақырып шақырып
алды.

-        Жанысбай
науқасынан жазылады, рақаттанып ұйықтап кетті, - деді Мұқай гуілдеп, - енді оны
қозғамандар.

Жанысбай ессіз, Шалдар оның
бойына Мұқайдың емі қонған екен деп үміттеніп,  қуанып қалып еді. Мұқай сонда даусын созып бір
сөз айтты:

-        Жанысбайдан
барымды аяған жоқпын, жазылады. Емдегеніме сіздерден бір  тиын ақы алмаймын, тек алла разы болсын. Менің
елімнен шыққаныма бір ай болды, талай науқастарды жаздым. Тоқырауын еліне бара
жатқан жолымнан қалып, Жанысбай ауру деген соң әдейі бұрылып келіп едім. Енді
түнгі салқынмен аттанамын.

Сандыбай мен Бейсен Мұқайга алғыс
айтып, аяғына бас ұрды. Өлеусіреп жанған шамның күңгірт сәулесімен әуел баста
Жанысбайға көз тастаған. Ол әлі сұлық жатыр. Тек пысылдаған дыбысы білінеді. Мұқай
дереу атқа қонды. Түн жамылып жөнеліп кетті. Оның қай тарапқа жол шеккенін,
шынтуайтқа келгенде қандай жан екенін ешкім де білген жоқ.

Екі шал енді  Жанысбайдың екі жағынан шоқиып орын алған. Жаны
жай тапты, бойына ем қонды деп  дәмелендірген
Жанысбай таң алдында жан тәсілім етті. Шалдар сонда сандарын бір-ақ соқты.

-        Әй,
бәтшағар-ай, қайдағы  бір жын-шайтанның оқуын
оқимын деп құртты-ау! - деп, Бейсен безек қақты.

-        Соның
Жанысбайға оқығаны өтірік  дұға ма деймін
өзі, - деп, Сандыбай налыды.

Өткен іске өкінгеннен не пайда.
Екеуі көздерінің жасын төгіп,  бір демдеп
алды да, Жанысбайдың бетіне шүберек жапты. Төсек - орнымен қоса көтеріп апарып,
оң жаққа сұлатып салып қойды. Алдына шымылдық ұстады. Енді екеуі оңаша мәслихат
құрды. Әрі ойласып, бері ойласып, Мұқай тәуіптің келгенін, дұға оқып үшкіргенін
елге білдірмейік деп пәтуаласты.

 

* * *

Көрайбат тауының бөктерінде
ата-бабаның ескі қорымы бар. Қейін бір кеңшілік кезде күйдірген қыштан күмбез орнатылған
болып, сол ескі қорымның , ашық жерден Жанысбайға лақаттап көр қазылды.

Жұма  күні жерлейтін болды. Підия, ысқат шығару, алыстан
әдейі шақыртып алдырған атақты Кеншімбай  молданың үлесіне тиген.

Іргелес екі болыс елдің қасқа мен
жайсаңдары Жанысбайдың жаназасына түгел жиналған. Жаназаға бір ту бие, он қой
сойылған. Өліктің денесін ақ арулап, масаты кілемге ораған. Жаназаға дейінгі
ырымдары тамам болғанда өлікті сегіз жігіт көтеріп алып шықты. Жаназа намазы
ауыл сыртындағы көкорайлы  жақта оқылады.

Денесі еңгезердей, бойы нар
түйедей, қазан бас Кеншімбай еңкиіп алда келе жатыр. Басына айналдыра орап, бір
ұшын оң жақ құлағынан төмен салбырата түсірген қомақты ақ сәлдесі молданың
алапатын асырып, беделін пісіре түскендей. Кеншімбай жаназаға жиналған екі
жүздей адамды бес қатар сапқа тұрғызып, өзі алға оқшау шықты. Жүзін құбылаға  қаратып, «ағузыны» аңырата жөнелді. Өлген
адамның тірліктегі күнәларын жуатын, бейішке жол ашатын керемет аяттарын
суылдатып оқып болды да, жер қайысқан көп адамға мойын бұрды.

-        Уа,
жамағат, Жанысбай марқұм жақсы кісі ме? - деп жалпыға сұрақ тастады.

Жаназашылар жапа-тармағай шу ете
қалды:

-        Жақсы
кісі!

-        Жақсы
кісі!

-        Жақсы
кісі!

Жұрт Жанысбайды мақтап тоқтағанда
біреу саңқылдай бастады.

-        Жетім-жесірді
зар жылатқан, талай адамның қанын ішкен Жанысбайды жақсы кісі деп қалай мақтайсыздар?
Жауызды өтірік мақтап құдай алдында күнәлі болмайсыздар ма?...

Елдің бәрі мына төтен шығарғалаңнан
жандары түршігіп, сілтідей тына қалған. Тұтқиылдан өлікке тіл тигізген
жанкештінің кім екенін көпшілігі әдепкіде білген де жоқ. Білгендері жаназаның
шырқы бұзылмасын, өлікке ауыр болмасын деп  әдейі үндемей қойған. Оның бержағында,
жаназаның бас молдасы Кеншімбай да тырс етіп  сөз шығарған жоқ. Дауыс көтерсем жаназа арты
қиян-кескі жанжалға айналар, одан да жуып-шайып өткізіп жіберейін деп ойлаған.
Жанның бәрі молданың аужайына қарап, тым-тырыс бола қалған. Кеншімбай ызалы
ашуын әрең тежеп, көпшілікке түксіне көз тастады. Мұңдана сөйледі:

-        Уа,
жамағат! Жанысбай марқұмның жамбасы жұма күні жерге тиетін болды. Мұның өзі - ол
кісінің иманы кәміл болғынының, жаны жәннәтқа баруының хақиқат белгісі...

Әлгі ызалы дауыс  арт  жақтан саңқылдап шықты.

-        Бейішке
тек мұсылмандар барады дейсіз, жұма күні өлген адам иманды болады дейсіз.
Ендеше, жұма күні өлген кәпірлер де бейішке бармай ма?

Кеншімбай ызғар қысқандай
қалшылдап, жаназашыларға сұстана қарап, қаһарлана сөйледі.

-        Ау,
бір емес, екі емес, шайырғал шығарып, жаназаны бұзған кәпір кім өзі? Тартындар
бәдбахытты, әкетіндер!

Әлекедей жаландаған екі жігіт
Нарботаны ұрмай-соқпай екі қолынан сүйреп ала  жөнелді. Елдің назары енді соған ауған. Нарбота
былай шыға бергенде екі жігіттің  қолынан
босап кетіп, ауылға қарай зыта жөнелді. Әлгі екі жігіт Нарботаны ауылға қуып
жібергендеріне көңілдері көншігендей, алшандай басып келіп, жаназашыларға
араласып кетті.

-        Уа,
халайық! - Кеншімбайдың даусы өктем шықты. - Жаңағы имансыз зұлымның кесірінен
мәйттің жаназасы бұзылды, шариғатқа хилап болды... Мұндай мәжбүри жағдайда
жаназаны қайтадан оқу ләзім...

Жаназа қайта оқылды, ел
Жанысбайдың бір ауыздан қайта мақтады. Әйелдер мен балалардан басқа бас көтерер
еркек кіндіктінің бәрі қабыр басында. Екі жүзге тарта адамның әрқайсысы
Жанысбайдың көріне бір-бір уыс топырақ салып, денесін жерге көмгенше, Кеншімбай
молда ұзақ сүре тәбірік аятын оқып болып, бата қайырғанша күн екінділікке
еңкейген.

Нарбота мана жүгірген бойымен
ауыл сыртын айналып өтіп,  терең сайға
түскен. Сай ішінде шамалы тыныстап отырып, ойға батқан. Жаназа үстінде, қаптаған
қалың елдің алдында Кеншімбай молдаға көпе-көрінеу қарсы шығып, өлікті
балағаттағаны көз жұмбай әрекет екен. Өлер Жанысбай өлді. Құр сөзбен кімді мұқатады?
Мұндай ойсыз төтен өжеттік өмір бойы арылмайтын сұмдық қырсыққа ұшырататынын
албырттықпен ескермеген екен. Енді не де болса, қабыр басынан ел қайтып
келгенше қалай да көзін жоғалтуы керек. Шешім - осы.

Жанысбай аулы терең сайдың
қабағында. Ерттеулі аттарды төрт жердегі кермеге қатар-қатар байлап, оларға
симағандарының тізгіндерін ердің қасына қаңтарып, екі-екіден қойған.  Төртінші керменің оң жақ шетінде ер-тұрманға
малынып тұрған күрең көзіне  оттай
басылды. Бұл - былтыр өрістен жоғалған Құмай күрең. Мұны Жанысбайдың әлдебір кісілері
келген екендеген тұрлауы ой келді Нарботаға. Көзден  жас тамшысы ытқып кетті. Құмай күреңді жалма-жан
кермеден шешіп алды да, күміспен қапталған  үзеңгіге аяғын салып, ердің аша тұяқ мықтап ұстап,
ат үстіне дік ете қалды. Алды-артына қарамастан жер ортасы Көктөбе қайдасың деп
жөнеліп кетті.

Жанысбайды жерлеп болып, екі
шақырым жердегі ауылға жаяу жеткенше ұясына күн де батқан. Нарбота бірталай
жерге барып та  қалған.

 

        Бесінші тарау

      Нарботаның нағашылары Мұңлы
тауының оңтүстік баурайындағы Қеңсуат өзенін мекендейтін. Бұл жер Жанысбай
аулынан оңтүстікке  қарай жүз жиырма
шақырымдай қашықта. Он бес үйлі өңшең кедей бірігіп,  бас-аяғы алты шақырымнан аспайтын қортық
өзенге тоған орнаткан. Егін салып, биыл осы жерге қыстап қалған. Жанысбай
жерлеген күні елден қашып кеткенде Нарбота былтыр өзі көріп келген жердегі нағашыларына
жол тартқан.

Бұл екі арадағы елсіз жер Қарабек
тауынан аса бергенде, сонда бекініп жатқан үш қарақшы Нарботаның астындағы атын
алып, өзін жаяу қоя берген. Салқын түнде жаурап, ескі етігінің шажамайын бұта
жыртып, бейнет шекті. Жолшыбай аралары алшақ бір елден бір елге жылжи қонып,
оныншы күнге қарағанда нагашыларына әрең жетті.

Кеней - Дәмелі марқұмның емшектес
ағасы. Алпысты қусырған, алпамса денелі, таңқы мұрын, қой көзді, қара торы
кісі. Нарбота келгенде Кеней жылады да куанды. Жиенін үлкендей сыйлап, төрт  иқанат қараша үйінің төріне отырғызды. Кенейдің
жұбайы Айнамкөз - қырықтың қырқасына шыққан жобалғы әйел. Айнамкөз Нарботаға құрақ
ұшып, Дәмелі мен Ақайды еске түсіріп, көзінің жасын көлдетіп жылап алды. Дәмелі
өлгенде Кеней мен Айнамкөз олардың орнына барып бата оқып қайтпаған. Мойын
қашық жерге артынып-тартынып баруға шамалары келмеген. Кедейліктің кейістігін
айтып Кеней қатты қамықты.

Тамақтан кейін ерлі-байлы екеуі
Нарботаны ортаға алып отырып ел-жағдайын ежіктеп сұрады. Сәлден кейін Айнамкөз
сүт пісіруге тысқа шығып кеткен. Кеней Жанысбайдың жағдайын сұрап білді. Оның
өлгенін естігенде арқа-басы кеңейіп, қабағы жадырап сала берді. Үстінен
зілмауыр жүк түскендей серпіліп қалды. Мандайының қырыс-тырысы жазылып жайнап
кетті. Мұның Жанысбай өліміне қуанғанына Нарбота тандана қойған жоқ. Неге
десеңіз, Жанысбай - бұлардың ортақ жауы. Көзінің тірісінде шешесімен екеуіне
көрсетпеген қорлығы қалды ма? Кеней түгілі, кедей атаулыны адамға санады ма?

Жаназа үстінде молдаға қарсы
шыққанын, өлікке тіл тигізгенін, сосын атқа міне салып қашып кеткенін Нарбота
нағашысына айтқан жоқ.

Нарбота мұнда келгелі арада үш
күн өткен. Кешке таман Айнамкөз екі сиырын сауып, жер ошақтағы қара қазанға сүт
пісіріп жатқан. Осы бір күн мен түк тоғысқан зауал шақта Кеней тоған басында
Нарботамен әңгіме-дүкен құруга кіріскен.

-        Бұл
тоғанның бейнеті де күшті болып еді, - деді Кеней төменде жардан асып толықсып
тұрған сұрғылт суға телміре қарап, - шүкір, енді зейнетін де көріп отырмыз.

Нарбота нағашысына жауап қайырған
жоқ. Оның  жаңағы сөзіне құмары қанбағандай,
шөліркей тамсанды. Жиенінің бұл  іңкәр  сыңайын «әңгімең болса айта бер» дегенге
жорып, Кеней құлшына сөйлеп кетті.

-        Жақын
арада сіздің елге Мұқай деген емші барды ма? - деп сұрады Кеней. Мұны айтқанда
тұнық жанарынан әлдеқандай сиқырлы сыр аңғарылды.

-        Ондай
адам келді дегенді естіген жоқпын.

-        Жанысбайды
емдеуге Мұқай деген керемет емшіні жіберіп  едім, сен оны білмей қалған екенсің ғой.

-        Біздің
ауылдың адамдары ондай ештеңе айтпайды, - деді Нарбота, - бармаған шығар.

-        Жанысбайдан
кегімді алдым, - деді Кеней ширатыла мұрнын шүйіріп, - Дәмеліні Жанысбай ұрып
өлтіргенін сен білмейсің. Қан ішер Жанысбайды мына мен өлтірдім...

Нарбота көзі бадырайып, қара
тастай қатты да қалды. Бір заматта дыбысын әрең шығарып, тұтыға сөйледі.

- Менің  әжемді Жанысбай өлтірді ме? Жанысбайды сіз өлтірдіңіз
бе?

- Шын айтам, -  деді Кеней сендіре, - сіздің елге барып қайтқан
Жұмабай шал Жанысбай жынданыпты деген хабар алып келді,  куанып кеттім. Бірақ жынданған кісінің
оңайлықпен өлмейтіні, тіпті сақадай болып тірі жүре беретіні белгілі. Ауруының
күшті кезінде көзін жояйын деп ойладым.

Нарбота аптығып Кенейдің сөзін
бөлді.

- Әжемді Жанысбайдың өлтіргенін
қайдан білдіңіз? - деді.

- Былтыр әжең өлімші болып
жатқанында Күніш апаң осындағы біреуден маған хабар айтып жіберген. Сен онда
біздің үйдесің.

- Оны маған неге айтпадыңыз?

- Мен кеткенде әл үстінде  жатыр еді, ендігі өлген шығар деді.

- Зағира тірі ме? - деп сұрады
Кеней қарап тұрмай абыржи берген.

- Ойпыр-ай, сұмдық-ай! - деді
Нарбота.


Жанысбайға у ішкіздім.. Қасындағы екі шалды үйден қуып шықтым да,  байлаулы жатқан Жанысбайды дуалап, үшкіре  бастадым... Даусымды бұзып, айқайлап үйге кіріп
бардым. Оны әлгі сіздің ауылға барып қайтқан Жұмабай айтты Жанысбай үйі ауылдан
аулаққа жалғыз тігілген деп. Жалғыз атты сабалап, түнделетіп  сіздің елге жеткен соң сақал-мұрт байлап, басыма
 қазандай сәлде орадым. Үстіме жалбыр тон
киіп, бетіме қара қойдың терісін-тағып тастадым.

Нарбота кемсендеп жылай бастап
еді,  Кеней оны тоқтатып тастады.

- Сені қорықпайтын шығар деп
ойладым оның не? - деді.

- Жанысбайдың шаңырағы құрыды
десейші. Нарбота Кенейдің ерлігіне сүйініп, оны керемет батырга балады.

Қиялы шарықтап әсіреленіп отырған
Нарбота:

-        Нағашы,
сіз бұдан бұрын кісі өлтіріп пе едіңіз? - деп сұрап қалды.

-        Сен
кісі өлтіргенді айтасың, - деді Кеней шіміркене, - тышқанның мұрнын қанатып
көрдің бе деп неге сұрамайсың? Ақай марқұмның аруағы үшін, Дәмелінің кегі үшін,
сенің көз жасың үшін Жанысбайдың қанын арқаладым. Құдай өзі кешірер, кешірмесе
тағы да мейлі. Қияметке барғанда жазасын көріп алармын.

Екеуі үйге қайтып келе жатқан.
Жолда Кеней Нарботаны кідіртіп қойып:

-        Менің
Жанысбайды өлтіргенімді өзіңнен басқа ешкім білмей-ақ қойсын, мен мұны үйдегі
қатыныма да білдірген жоқпын, - деді.

-        Осыны
тісімнен шығарсам әкемнің аруағы атсын, шешемнің аруағы атсын, сеспей қатайын,
- деді Нарбота басын төмен иіп тұрып.

 

* * *

Күндер жылжып өтіп жатыр. Нарбота
кедей болса да кең пейіл нағашысының ақ жайлау үйінде сый - құрметке бөленіп
жүре берген. Ендігі тірлік қамынан ойсыз да емес. Әулиеатаның бер жағында,
Талас өзенінің бойындағы Ошақты елінің Әліпбай деген байы Ташкенттен бір татар
молдасын жалдап әкеп, мұсылманша мектеп ашыпты, кедей балаларын тегін оқытады
екен дегенді әнеугі осында келген әзірде Кеней нағашысынан естіген. Енді сол
молдаға барып сабақ оқуды арман етіп жүретін. Нарбота бұл ойын Кенейге жайлап
сездіріп еді, ол жиенінің игі талабын бірден қостады.

-        Қадамыңа
гүл бітсін, басыңа нұр жаусын, - деп, ақ батасын берді. Дүниедегі жақсылық
атаулыны Нарботаның үстіне үйіп-төгіп, біраз шалқып алды. Әлден уақытта қабағы
түнеріп, қамыға қалды.

-        Саған
мінгізіп жіберетін дөңгелек тұяқты көлік те жоқ менде, ентіге күрсінді. -
Жалғыз ат өлді. Мал дегеннен екі өгіз бен екі сауын сиырға қарап отырмыз.
Қалтаңа салып беретін ақшам да жоқ...

Нағашы сөзі Нарботаны қатты толқытты.
Қөліктің де, ақшаның да керегі жоқ, жаным аман болса, тәуекелге бел байлап кете
берем деудің де жөні келмейді. Алдағы шалғай жолды оймен болжалдап еді, көк тұман
басқан көгілдір таулар, шексіз-шексіз шөл дала көзіне елестеді. Осылай
қиялданып отырды да бір  мезетте күйзеле:

-        Бір
 тілегім қабыл болмайтын не деген
сорлымын, - деді.

Нарботаның күйінішті халін көргенде
Кеней сапырлысқан сан ойлардың ішінен дәтке қуат болғандай біреуін тандап алып:

-        Аз
күнге шыдашы, қалқам, бір  лажын
қарастырып көрейін, - деді.

Нағашысының жақсы сөзіне
Нарботаның жаны семіріп, жүре берді. Көкірегінде үміт оты қайта маздады. Аман
болса оқуға кетемін, көздеген мақсатыма жетемін деген сенім пайда болды.

- Арқадан Әулиеата,
Піспек-Тоқпаққа шейін созылып жатқан керуен жолының үстіндеміз ғой, - деді
Кеней көңілдің ырқына еріп,- құдай қаласа, бірініші кездескен керуенге
ілестіріп жіберермін.

- Бір нәрсе етіп кетуін
кетермін-ау, - деді Нарбота, - онда барғанда молда мені тегін оқыта қоя ма, күн
көріс көрерсің.

Қысылған жерде ақыл тауып, алғырлық
көрсеткен нағашысына сүйсінген Нарбота елпілдеп:

- Аз да болса қаржы жинап
берсеңіз жақсы болар еді, енді барған соң бір лажын табар едім, - деді.

Осындағы он бес үйден екі сомнан
отыз сом ақша жинап берсем, саған жетіп жатыр, - деді Кеней, - мен де барымды
аямаспын.

Енді екеуі болашақ ұзақ жол-сапар
жайын егжей-тегжейлі кеңесті. Калайда бірінші кездескен керуенге ілестіріп жіберуге
Кеней уәде етті. Өмір болса Нарботаның топты жарып шығып, ел қатарлы адам
болатынына кәміл сенетінін білдірді Кеней.

- Саны көп, сапасы жоқ сайқал
дүние, осындай әр нәрсемен алдандырып, бір күні өтесің ғой, - деп Кеней
күңірене түрегелді.

Осы әңгімеден кейін арада екі күн
өткен. Кешкілікте Кеңсуаттың желкесіндегі көкорай шалғынды ойпатқа аттылы,
түйелі бір қауым көш аялдаған. Бес-алты жерге қалқитып күрке тіккен Егінші еру
ауылдың адамдары олармен бірден араласа қоймай, ұят сақтап, тек сырттан
байқастаумен болған. Бір нәрсе қажет болса, ауыс-түйіс жасағылары келсе, керуеншілер,
әдетте, бұл ауылға адам жіберетін. Ал мыналар керек болса өздерің келіңдер,
әйтпесе, еш нәрсеге мұқтаж емеспіз, жөнімізге кете береміз дегендей, сіресіп
жатып алды.

Сырттан қарағанда бұлар
көліктерінің саны, күркелерінің қарасы жағынан бұрынғы кеуендерден ерекше.
Ендеше, Нарботаны осыларға ілестіріп жіберсе көп ішінде тамағы да тоқ болар
еді. Кеней осы ойын Нарботаға айтты. Таңертең ерте тұрғызып, керуеншілерге жіберді.
Нарбота барып білсе, бұлар керек-жарақ алуға Әулиеата қаласына бара жатқан
Арқадағы Тама елінің керуеншілері екен. Нарбота дереу керуенбасыға жолықты.

Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, қызыл
шырайлы сақа жігіт қомақты киіз күркенің алдында шіреніп тұр екен. Нарбота оған
сәлем беріп, қол алысты. Түсі игі, ақжарқын жігітпен еркін сөйлесті. Әке-шешеден
жұрдай тұлдыр жетім екенін, Ошақты еліндегі Әліпбай аулына барып, ондағы татар
мол-дадан сабақ оқығысы келетінін айтты. Бос көліктерінің біріне мінгізіп ала
кетулерін өтінді. Мынаның өзі жүзінен нұр төгілген жетелі жеткіншек екен,
тілегін орындайын мұның деп керуенбасы іштей сүйсініп тұрған.

-        Аға,
мені ала кетесіз бе? - деді Нарбота жалынышты пішінмен.

-        Сенің
баратын жеріңнен біз сәскелік жер бұрыс өтеміз, - деді керуенбасы жылы
шыраймен, - тұсына жетіп қалайын десең, ала кетейік.

Нарботаның жүрегі лүпілдеп, екі
бетінің ұшы дуылдап кетті.

-        Бар,
үйіңе жөнел, - деді керуенбасы, - нағашыңа айт, ертең күн шықпай осы жерге жет.

Нарбота екі өкпесін қолына  алып  жүгіре
жөнелді. Үйге келгесін керуенбасымен келіскен жағдайын айтқанда Кеней мен
Айнамкөз қуанып қалды.

Нарботаның алыс жерге кететін болғаны
Кенейге ауыр тиді. Ақай мен Дәмеліден қалған жалғыз тұяқ әлдебір  қырсыққа ұшырап қалып кұрып кете ме деп қауіптене
берген. Әйткенмен, жалындап тұрған жас жеткіншектің оқимын, адам болам деген
талабына тосқауыл болғысы келмеді.

Кеней екі марқа бұзауының бірін
Нарботаның жолына құрмалдыққа шалып, он бес үйлі жарлы ауылдың еркек-әйелін,
бала-шағасын тегіс жинады. Әр үйдің иелері күні бұрын өзара келісіп қойса
керек, әрқайсысы артық та емес, кем де емес, екі сомнан ақша салды ортаға. Оған
елдің көзінше Кеней бес сом қосты. Жиналған ақшаны шүберекке түйіп, Нарботаның
қалтасына салып берді. «Бұл молданың оку ақысына төлейтін ақшаң, - деді Кеней,
- егер сені тегін оқытса, ақша шірімейді, сақтап қой...»

Құдайы тамаққа жиналған жұрт
Нарботаға ақ жол тілеп, адал ниет білдіріп, таң біліне тарады.

Айнамкөз Нарботаны қимай егіліп  жылап жүр. Кенейдің де іші күйіп, жүрегі
сыздап барады. Бірақ  сыртқа сыр білдірмейді.
Кеней мен Айнамкөз күн шықпай тұрып, Нарботаны керуенбасыға табыс етті. Жыласып
айырылысты. Нарбота керуеншілердің бір бос түйесіне мініп, солармен бірге ұзақ жолга
аттанды. Екі арада он күн жол шегіп,  Әуелиеата
қаласына тоқсан шақырым қалғанда Нарбота керуеннен бөлініп, Бибатыр Жармасы
деген жердегі Әліпбай аулына жаяу кетті. Бұл ауыл Әулиеатаға баратын керуен
жолының күншығысыннан жиырма шақырымдай бұрыс екен. Мұны Нарбота жолдағы ел адамдарынан
біліп алған.

Қыркүйек айы - күз басы. Сонда да
бұл жақтың  ауа райы шілдеге бергісіз.
Атырабы көкпеңбек. Бүгін де күн ашық, аспан жалтаң. Қөк  ала дала тамылжып тұр.

Нарбота асықпады. Екі арадағы бір
елге ұзақ аялдап, сусын ішті, тамақтанып әлденіп алды. Күн бесіндіктен асып,
көкжиекке төмендей бастағанда ел шетіне ілікті.

Қоржын іспетті шағын көлді айнала
қонған алты ауыл басқа дүниеден бөілініп оқшау қалғандай құлазиды. Аракідік ақ
шаңқан ордалары көпшілігі құбатөбел үйлер мен қара құрым үйлердің арасынан апай
төс ақбоз арғымақтай алабөтен көзге түседі.

Нарбота көлдің күнбатыс жағасында
аялдап тұрып қалған. Мына ауылдар көрген жерден көзіне жылы ұшырап кетті.
Іздеген жолын осы елден табатындай, көрінгенге жем болған есе-еншісін осы елден
кайтарып алатындай тасқынды сезім пайда болды.

Жол-жөнекей кездескен бір жігіттен
жөн сұрап, Қоржын көлдің оңтүстік бүйіріне оқшау қонған Әліпбай аулына келді.
Ауыл сыртына, аулаққа ұзыннан-ұзақ тартып тастаған желіде марқа құлындар
теңкиіп-теңкиіп сұлап жатыр. Күдіре жал, шал құйрық, мама биелер құйрық-жалын
сымпитып күзеген тай-құнандар желі басынан таяқ тастам жерде айнала жайылып
жүр. Әліпбай аулының оңтүстік бүйіріне әу десең даусың жететін жердегі оңаша ақ
орда -  Зия молданың жазғы мектебі.
Нарботаның аңсаған арманы да  - осы үй.
Ол енді Әліпбай аулына соқпай, көл жағалап, желіні айналып өтіп, мектепке
қиыстай тартты. Жақындаган сайын әлдеқандай ұялшақ сезім баурап әкетті.

Міне, Нарбота мектепке де жетті.
Баса көктеп кіріп баруға жүрексіне берді. Екі ашпалы, әшекейлі қызыл-күрең
есіктің ашық саңылауынан сығалап қарады. Төрде алдына кітап өңгеріп құнжиып
отырған - дәу де болса,  молданың өзі.
Нарбота үйге кіргенде молдаға беретін сәлемі мен көрсетер ізетін ойша оқпандап
алды. Есікті қолының ұшымен түртіп ашып, табалдырықтан аттап кірді. Есікті
қиюластырып жауып қойды. Басын төмен иіп,  қолын қусырып, сәлем берді.

- Ассалаумағалайкүм!

Молда маңғаздана жауап қатты.

-        Уағалайкүмассалам!..

Нарбота қоянның қолға түскен
көжегіндей жаутаңдап тұр еді. Молда оган келе ғой, отыра ғой демеді. Есіктен
төрге шейін тұтас жайып тастаған қызыл масаты кілемдер көздің жауын алады.
Шаңырақтан шаншыла түскен күн  нұрымен
араласып, үй ішінде күлгін қызыл сәуле ойнайды. Төрде жасыл атлас көрпеге
көміліп  отырған молда қияқ сары мұрты
тікірейіп, түсі сондай шоқша сақалы шошайып, пісте мұрнын көтеріп, тұтқиыл келген
жас жігітке аңырая қарай қалған. Алдындағы қалың кітабын оң жағына қоя салып,
иегін шошаң еткізгенде басындағы шашақты қара тақиясы желкесіне сырғып ке-тіп
еді, оны сол қолымен шапшаң қармап алып, төбесіне жөндеп киді. Оң қолымен
ишарат жасап, Нарботаны шақырып алды. Ол аяғындағы шұлығы шыққан кең етігін
босағаға шешіп тастап, молданың алдына барып тұрып қалды.

Молда өз алдынан орын нұсқады. Дөңгелек
жүзі айдай жарқырап, әдеппен сөз бастады.

-        Сөйле,
 мүсәпір, 
есімің кім? Қайдан келдің? Менде не шаруаң бар?

Молданың жылы сөзінен Нарботаның
бойына ересен жігер бітті. Енжар көңілі сергіп, көзі шырадай жанды. Өзінің
аты-жөнін,  ел-жұртын, келген жерін
жайлап айтып берді.

Зия молда Нарботаның сөзін  бөлмей, ынта қойып тындап алды да, ол
тоқтағанда, көңілді шыраймен:

-        Менен
не тілегің бар? - деп сұрады.

-        Жетім-жесірлерге,
кедейлерге рақымды кісі деген атағыңызды естіп, алыс жерден сізді әдейі іздеп
келдім, - деді Нарбота еркін, - рұқсат болса сізден сабақ оқығым келеді.

Зия сұңғыла жас жігіт сүйсініп
қалды. Дөңгелек жүзінен, болмашы қоңырқай рең аралас мүләйім, көкшіл көзінен
мейірім төге:

-        Оқимын
деп келген екенсің, бетіңді қайтармаймын, - деді.

Енді бұған не десем екен деп, Нарбота
толғанып отырғанда, молданың өзі үзілген сөз өзегін жалғап  жіберді.

-        Мен
де әке-шешеден жастай жетім қалдым, тұрмыста қиындықты көп көрдім, жалшы болып
та жүрдім. Он жеті жасымда талаптанып медресеге оқуға түстім. Саған да менің
жолымды берсін... Менен ұялма, хал-жағдайыңды тегіс айтып бер.

Шаруам оңға басады екен, ойлаған
мақсатыма жетеді екенмін деп, Нарбота шат-шадыман болып отырған. Енді ол көптен
 аңсап күткен жанкүйер туысын жаңа
тапқандай шалқып кетті. Татаусыз көңілмен еркін сыр ағытты. Жанысбайдан көрген
қысым-қиянатын, шеккен азабын, шешесінің сол зұлымның қолынан өлгенін жырдай ғып
айтып берді. Жанысбай өлген күні елден кашып кеткенін де жасырған жоқ. Сіңірі
шыққан кедей нағашысы Кеней жайынан да аз ғана хабар берді. Бірақ Кенейдің
жалган емші болып барып Жанысбайға у беріп өлтіргенін бүгіп қалды. Кеңсуатқа
аялдаған керуеншілерге ілесіп осы елге келгенін, жолда көрген қиыншылықтарын
тебірене баяндады.

-        Ал,
Нарбота әпенді, - деді Зия орнынан бір қозғалып, - бүгінгі сұхбатымызды осымен
тамам етейік. Бүгін күн жұма ғой, оқу болған жоқ. Ертең ертемен күндегі
әдетіміз бойынша мектеп шаңырағына пайгамбардың ақ туын көтеремін. Ол менің
шәкірттерді оқуға шақыратын белгім. Балалар туды көреді де сабаққа тез жиналады.
Менің жатар тұрағым да, бала оқытатын мектебім де - осы үй. Сен бүгін менімен  бірге осында түнейсің.

Бұлар даяр тұрған қымызды ішіп,
бауырсақ жеп, тамақтанып алды. Түн ортасына жақындағанда төсек салып жатып
қалды. Таңертең күн шықпай тұрды. Нарбота төсегінен тұрғанда Зия мұздай киініп
алған. Көзі күлімдеп, жүзі гүлдей құлпырып кетіпті. Сәлемдескеннен кейін
бір-екі  сөз қағысты да, өзі бастап
Нарботаны үй сыртындағы ойдым көгалға апарды. Әуелі өзі жайғасып, сосын
Нарботаны қасына жақын отырғызды. Көптен бергі ашынасымен сұхбат құрғандай ашыла
сөйлеп кетті.

-        Оқуды
бүгін бастайсың ғой, әдепті бол, сабақты зейін қойып оқы, қандай қиындыққа
кездессең де,  төзімді бол, серіктеріңе
мейірімді бол, өтірік айтпа.

Нарбота ишан алдындағы муриттей
салиқалы кескінмен иіле бас изеді.

-        Айтқаныңызды
бұлжытпай орындаймын, - деді.

-        Жаңа
мен саған өтірік айтпа дедім ғой, ұқтың ба соны? Зия осы сөзінен терең мағына
аңғартып нығырлап айтты.

-        Бірақ
есіңде болсын, Нарбота, аса қиын жағдайға душар болып, жан қиналғанда, тұйыққа
тіреліп сасқанда тірлік амалына сәйкес мәжбүр айтылатын айла-шарғы өтірікке
жатпайды. Ең алдымен осыны ұғып алғайсың.

-        Түсіндім,
ұқтым, молда-еке, - деді Нарбота кірпік қақпай тізерлеп отырған күйінде.

-        Сен
енді мына бір жағдаятты жадыңа сақта, - деп, келесі сөзін айтуға жүрексінетіндей
Зия қибыжықтап қалды. Сәл  бөгелістен
кейін даусын төмен алып, сақтана сөйледі.

-        Мен
сені Арқадан іздеп келген жиенім деп елге лақап таратуға мәжбүр боламын. Сен
менің осы сөзімді растауға тиістісің.

Зияның ой төркінін бірден таныған
Нарбота елпең қағып:

-        Мақұл,
молдаеке, мен сіздің жиеніңіз болайын,- деп еді, анау сөз қатпады. Нарботаның
кескін-келбетін, тұрпат-түлғасын көкірегіне қондырып алғысы келгендей, оған сұқтана
қарай қалған.

-        Кеше
сұрауға есімнен шығып кетіпті,- деді Зия.

-        Жасың
нешеде?

-        Жылым
жылан, он сегізге биыл келдім...

Зия жас жеткіншектің табиғи
кейпінен өзі күнде көріп жүрген байырғы қазақтардан өзгеше, жат белгілерін
тапқан. Көкшіл рең аралас қоңырқай көзі, нағыз қара да емес, шикіл жирен де
емес, екі аралықтағы құбақай қоңыр тықыр шашы, сопақ беті, еңкіш мандайы, сарғыш
жұқа қасы, мандайынан тура түскен сәл дөңес мұрыны, шықшытымен жымдаса біткен
жылмағай жақ сүйегі, қаймыжықтай көк аяз ерні... Нарботаның тұтас түлғасы оны
қазақтан гөрі  Еуропаның басқа бір
халкына бейімдеп тұрғандай. Сонда да бүкіл болмысына терең бойлап, жітірек
қараған кісіге елден ерек осы жат бітімінің өзінде де, әсіресе қас-қабағында,
бет-әлпетінде қазақ сипатының жұқанасы бар секілді.

Зия осы екі арада ендігі әрекетін
ойша бағдарлап, айтар сөзін сайлап алған. Нарбота болса, молданың келмей жатып
осынша ықылас білдіріп, ілтипат көрсеткеніне көңілі тасып, соның аузын бағып
отыр. Бірақ Зия жепшенділікпен үндей қоятын емес. Нарботаны тағы да армансыз
көріп алғысы келгендей, одан көз алмайды. «Мынаның өзі таза қазақ емес қой,
сірә,- деп ой толғады, - орыспен бе, біздің татармен бе, болмаса соларға бейім
әлдебір басқа халықпен бе, әйтеуір, бір ілік-шатысы бар ғой мұның...»

-        Нарбота,
- деді Зия бұйрықты раймен, - осындағы біреулер жөн сұраса, олармен қысқа
сөйлес. Әке-шешем ертеде өлген, шешем татар қызы еді,  Зия молданың апасы еді де. Нағашымнан осы елде
тұрған хабарын естіп, алыс жерден іздеп келдім де... Осыдан басқа сөз болмасын.

Нарбота құлшына иек қақты.

- Сіздің жиеніңізбін дегеннен  басқа түк те айтпаймын, - деді.

- Көңіліңе ауыр алма, Нарбота, -
деді Зия сындар кейпімен, - сенің кескінің қалпымен біздің татарға ұқсайды  екен. Қажет бола қалса тіпті сені қазақ емес, орыс
баласы деуге де болатындай...

Нарбота көзін төмен салып, ыңғайсызданып
қалды.

- Менің жаңағы сөзіме ренжіп
қалдың ба? - деді Зия кешірім сұрағандай төменшіктене, - жай айтам. Бәлкім,
нәсіл жағынан сенің татарга да, орысқа да ешқандай байланысың жоқ та шығар. Қай
ұлтта болса да басқа бір халыққа қалпымен ұқсап туатын бағзы бір адамдар болады.
Сондайлардың талайын осы елден де көріп жүрмін.  Сені жиенім деп елге лақап таратуыма сылтау
табылғанына қуанғанымнан айтып отырмын.

-        Менің
әкем, марқұм татарға да, орысқа да айнымай ұқсайтын, өзі көк көз, сары кісі
еді,- деді Нарбота.

-        Сен
әкеңді айтасың, - деді Зия сөзін үсті-үстіне туындатып, - бәлкім, арғы
ата-бабаларында да татар мен орысқа ұқсас адамдар болған шығар. Қойшы, онда тұрған
не бар? Сайып келгенде, жалпы адамзаттың түбі бір емес пе.

Енді Зия бұл әңгімені түйіп
тастап, Нарботаның ауыл молдасынан оқығанда алган білім шамасын сынап көрді. Ең
әуелі күнделікті атқарылатын бес уақыт намаздың шарттары мен аят-дұғаларын
жеке-жеке сұрады. Парыз, сүннәт, уажиптерді жіктетті. Нарбота бұл сұрақтан
мүдірмей өтіп еді, Зия үйден бір арабша қалың кітапты алып келіп, кез келген
жерінен оқытып көрді. Нарбота кітап сөзін суылдатып оқып берді. Мағынасын айыруға
келгенде аяғын әлтек-тәлтек басып, кібіртіктеп қалды. Кейбір  сөздерінің мағынасын қазақша дәлме-дәл
жеткізгенімен, көпшілігін дұрыс айтып бере алмады. Зия оның араб тілін жөндеп
үйренбеген кемшілігін елдегі шала молдалардың білімсіздігіне сайып, кешірім
жасады. Әкесі өлгеннен бергі екі жылда оқудан қол үзіп, қарайып қалғанын
Нарбота осы жерде мықтап сезінді.

-        Бүгін
түстен кейін оқуға кірісесің, - деді Зия маңғаздана, - кітап, дәптер,
қаламдарың менен болады.

Зия әңгімені осымен тындырып
тастады. Нарботаны алып үйге кірді. Үйдегі қара торсықты шайқап-шайқап, дәу  сары ала аяққа қымыз құйып ішіп, оразасын
ашты. Нарботаға да қымыз құйып берді. Сосын сағатына қарады. Ұзын сырыққа байлаған
«Пайғамбардың ақ туын» шаңырақтан асыра көтерді де, жел бауға бекітіп байлап
қойды. Бұл - шәкірттерді оқуға шақырған белгісі.

Нарботаны Зия арабша еркін хат
танитын, арабша, түркіше кітаптарды өз беттерімен оқып, мағынасын ептеп айыра
алатын ересек шәкірттерге қосты. Мұндай он төрт шәкірт иманшарт, әптиек,
еже-сүреден әрі аспаған жасаң шәкірттерден бөлек, түстен кейін оқиды екен.
Ересек шәкірттердің жастары да әр қилы: алды жиырмадан асып кеткен, арты он
алты - он жетіде.

Оқуға кірісерде Зия  Нарботаға ақ тілек айтты:

-        Оңыңнан
айың тусын, солыңнан  жұлдызың тусын.
Илаһи мұратыңа жет! Нарботаның басын қос қолымен қусырып әкеп, мандайынан құшырлана
сүйді. Зияның қаны лыпылдаған қаймыжықтай ыстық ерні он сегіз жасар жетімектің
әкесі мен шешесі өлгелі жан иіскеп көрмеген сорлы мандайына оттай басылды. Жаны
елжіреп, бойы қорғасындай балқып кетті.

-Айналайын, Нарбота! - деді Зия
езу тарта күлімсіреп, - сен маған жиен болдың, шәкірт болдың. Халайық алдында ұятқа
қалдырма...

Бұл сөздің мәнісіне Нарбота
әдепкіде түсінбей:

-        Не
жөнінен?- деп сұрады.

-        Қандай
мәселеден болса да сөзіміз бір  жерден
шықсын дегенім ғой...

-        Не
деп ант іш дейсіз?..

-        Ант
бермей-ақ қой, мен саған сенемін.

-        Сене
беріңіз.

-        Сен
менің жиенімсің, шәкіртімсің.

-        Мен
сіздің жиеніңізбін, шәкіртіңізбін.

-        Бұдан
былай сен мені молда аға деп атайтын бол, мақұл ма?

-        Құп
 болады.

 

        Алтыншы тарау

      Талас езенінің екі жақ өнбойы
қалың тоғай, жыңғыл көк тал. Ошақты елінің осы өзеннің сағасына әр  жерге қыстау салып, қыста тұрақты мекен
тепкеніне аз-ақ жыл болған. Күншығыс жағы - сонау қырғыз бен қазаққа ортақ
әйгілі Шу өзені, бергі жағы -  осы екі
елдің ежелден құтты қонысы Талас өзені. Осы екі ортадағы ызғыған қалың ел бұйрат
құм ішінде, қопа-қорықтарда киіз үйде қыстайтын. Енді атам заманнан бері келе
жатқан жосықты өзгертіп, ең болмағанда желтоқсан, ақпан, қаңтар - үскірік үш
айды жылы жерде, араларын алшақ сала сегіз жерден көшіп қонған. Зия молда мен
Нарботаның тұрағы - мектепке арнап ел ортасынан тігіп берген сегіз орда. Осыдан
үш жыл бұрын осы елге келгендегі келісімі бойынша молданың тамағы ел үстінде.  Балалары ауқатты үйлерден кезек ішеді.
Мектепте үлкен-кішісін  санағанда отыз
бес шәкірт бар. Бұлардың да басым көпшілігі - қуатты адамдардың балалары. Молда
қысы-жазы үйлерге қыдырып, күнде біреуінен тамақ ішкенде де айға жуық уақыт өтеді
екен. Молданың  көбінесе соған да қолы
тие бермейді.

Жаз болса елде не көп ас-той көп.
Молда көп жағдайда осы уақытта босамайды. Әйткенмен, «Тас түскен жеріне ауыр» дегендсй,
айналып келгенде Зия молданың көп тұрақтап, жиі араласатыны - Әліпбай үйі.
Енді, міне, Зия жиенім деп атағын Нарботаны ұдайы қасына ертіп жүретін болған.

Қылышын сүйретіп қыс келді. Бүкіл
ел күзде үме жасап, қысқы мектепке лайықтап зәулім үй салған. Сонау итарқасы қияндағы
Әулиеатадан күйдірген қыш тасып әкеп, үйші үш шсбер алдырып, мектеп үйін
асты-үстін тақтайлап, ұзын ырғасы үлкен-үлкен үш бөлмелі етіп жасаған. Бір жағынан
мұны жұма күндерінде, ораза, құрбан айттарында мешіт орнына пайдаланатын болып
пәтуаласқан.

Қысқы мектепте оқу басталғалы айға
жуықтады.

Зия мен Нарботаның түпкілікті тұрағы
- Әліпбай үйі. Бұрынғы әдеттері бойынша тамақты әр үйден қыдырып ішеді, көбінесе
сол тамақ ішкен үйлерінде түнеп қалады.

Өршіл талапқа серпінді жігер
қосылған соң, оның үстіне қамқоршы аға табылған соң анау-мынау бөгесінінді
шыдата ма, ойға алган мақсатқа жеткізбей қоя ма.

Нарбота  оқуда үздік шығып, өзі қатарлас шәкірттердің
алды болды. Оған Зия да дән риза. Ел Нарботаны Зия молданың жиені дейді,
үлкен-кішісі шетінен құрмет көрсетіп, жапырыла сыйлайды. Қаңғырып келген сары
жігіттің көктен тілегені жерден табылып, аяқастынан жарылқанды да қалды. Осында
келгелі Нарботаның бойы да, ойы да шырқап өсіп  кеткендей. Сонда да жусаннан биік, бетегеден
аласа кішік қалпынан бір танбайды. Ой құлашын кең сермеуге қабілеті де жете
бермейді. Білім бағына еркін кіріп, хош иісті гүлдері мен шырын жемістерін тере
алган жоқ әлі.

Шәкірттер оқудан тараған. Зия мен
Нарбота мектепте аялдап қалған. Оңашада әңгіме дүкен құрып, көңіл сергіту - Зияның
қалаулы машығы. Сөзден сөз туындатып отырып, аса бір салиқалы сипатпен:

-        Пайдакүнемдік
мақсатқа бола әдейі тандалмаған, жарасып, жалғасып табысқан риясыз достық -
нағыз асыл достық, - деді. Ұстазының осы бір өнегелі сөзі Нарботаның жан
сарайына нық орнап қалды. Мұны Зияның Нарботаға меңзеп айтқанында күмән жоқ.
«Молда аға,  сіздің сенімді серігіңіз
болуға жарасам арманым болмас еді» дегісі келіп, тілін үйіре берді де, іркіліп
қалды. Көрінген жерде жарамсақтана беріп қайтем деп ақыл тоқтатты.

Зия енді қараптан қарап отырып,
орыстарды мақтады.

Айтып отырса күн астында, жер
бетінде орыстардан асқан ел жоқ екен. Нарбота Зияның сөзін үнсіз тындай берген.
Сонда да бүгін  оның орыстарды неге
осынша мақтап отырғанына танданды да.

- Орыс жүртының тілін үйреніп,
ғылымын білген адам өмірде қор болмайды, - деді Зия. Осы сөзіме қалай қарайды екен
деген оймен Нарботаның бет-әлпетін, көзқарасын ұрлана бір шолып өтті.
Шәкіртінің ықыласты сыңайын көргенде көңілі жай тауып, сөзін маңыздандырып соза
түсті.

- Мына бір жағдаятты жадыңа
сақта, Нарбота! Түбінде бар ғаламның ...

Нарбота ләм-мим демей үйып тындап
қалған. Сөз таластыруға қауқары жоқ. Бір жағынан ұялады да. Әйтеуір, өзі өз болғалы
орыстарды мұнша мақтаған адамды көріп түрғаны осы.

-        Абайла,
Нарбота! Сыр шашпа, мен саған бір әңгіме айтайын.

-        Айтыңыз,
тындайын,- деп, Нарбота құлшына ықылас білдірді.

Зия жасыл сырлы дөңгелек
үстелдің, шетіндегі шай табақта күңгірт тартып өшуге айналган шырағдан шамның
білтесін маймен шылап, жөндеп қойды. Май тиген соң шытырлап жана бастаған шырағдан
шамға налалы пішінмен қарап отырып, өкіне сөйледі.

-        Міне,
жиырмасыншы ғасыр басталды. Бұл ел күні осы уақытқа шейін керосин дегеннің
атында, затында білмейді. Қарап отырсаң селт етіп сахарадан шетке шыққан біреуі
жоқ. Осынша көп елден орысша нан сұрап жейтін бірде-бір адам таппайсың. Басқа жұрттар
ғылыммен қараңғыны жарық етіп, неше ықылы өнер тауып жатқанда, біздің қазақ
бауырлар далада босып жүр. Бұл ізгі халық қашан адам болады, өнерлі ел қатарына
қашан қосылады?...- ауыр күрсінді. Оң қолының бас бармағын тістеп қалды. Көзі
Нарботада, көңілі әлдеқайда.

Нарбота өзінше ой толғап тұнжырай
қалған. Молда ағасы бұл әңгімені бүгін неге  қозғады екен? Бәлкім, Нарботаның бойында орыс
жұртының өнер-біліміне іңкәрлік  оятқысы келетін
шығар.

Үнсіздікті  Зия бұзды.

- Менің жаңағы айтқан пікірім
сенің  ойыңа жаға ма? -  деді.

Нарбота жымың етті.

- Жаққанда қандай.

Зия енді еркін сайрады.

- Орыс оқуын білген адамның
жанына қанат бітеді, қайраты тасиды, көзінің нұры молаяды, дүниені айқын көретін
болады. Өмір сүрудің амалдарына кажетті бірден-бір құрал - осы оқу.

Зия аз-кем тыныстап алып,
тындаушысының қас-қабағын, көңіл-күйін барлады. Одан ынта-ықылас сыңайын көрген
соң қарыштап сөйлеп кетті.

- Тегі ол дүниені кейінгі кезекке
қалдыра тұрып, ең әуслі қазіргі жарық дүниеде жақсы тұрмыс құру қарекетін қарастыру
керек. Бұл дүниеде нағыз адам болып өмір сүрейін, тірліктің неше түрлі
әдіс-айлаларын білейін деген адам орыс оқуына жетілмек керек... Сен зейін қойып
тында, Нарбота!

-        Тындап
отырмын.

-        Дін
оқуы адамды жайбарақат, топас тірлікке баулиды. Ал орыс оқуы адамды жарық
сәулеге, жарқын тіршілікке бастайды. Дін оқуы адамды шынайы өмірден
түңілдіреді, арман-мұратын тауысады. Арман таусылса тірлік жоқ. Бәрін айт та
бірін айт, орыс оқуының ендігі бір таптырмайтын не-гізгі қасиеті - ол халықтың басым
көпшілігі саналатын кембағалдар тағдырының аумалы-төкпелі кезінде серпіліп күреске
шығуға дем береді.

Мәссаған безгелдек! Мына кісі
сыздықтап бастап отырып, бара-бара бар сырын айтып қойды. Осының өзі молда
деген жалған атақты жамылып, ел арасында қашып жүрген бір шоқынды емес пе екен?
Бірақ Нарбота өзінің мейрімді молда  ағасын
ондай жаман атаққа қимады. Сайып келгенде дін оқуы мен орыс оқуын қатар тұтынған,
бірақ орыстың өнер-біліміне көбірек ден қойған, көңілі сергек, көзі ашық,
білімді азамат деген тиянаққа табан тіреді. Әңгімесін ілгері соза берсе екен,
айта түссе екен деп құмарта берген.

-        Орысша
оқисың ба?-деді Зия.

Бұл төтен сұрақтың тамыры қайда
жатыр? Мәнісі қандай? Осылар тектес және басқадай сұрақтар Нарбота басына үймелей
қалған.

-        Орысшаны
маған кім оқытады!- деп қолдан келмес іске ұмтылудың жөні қайсы дегендей сыңай
көрсетіп, түңіліс білдірді.

Зия қуақылана жымыңдап, оң
қолының ұшымен өз кеудесін түртті.

-        Алла
қаласа, сенде ықылас болса, мына мен оқытар едім,  - деді.

Сонда қалай? Зия мүсылманша оқуының
үстіне орысшага да жетік болғаны ма? Не болмаса орыстың әріп - таңбаларын
танитын, кітаптарының қарасынан ептеп оқитындай қауқары бар ма екен? Орысша әліпті
таяқ деп білмейтін Нарботаға сол білгенім де жетердей ме екен?

-        Сіз
орысша білесіз бе?- деп сұрады Нарбота.

-        Білмесем
айтам ба... Мен саған әрі кеткенде бір жылда орысша еркін хат танытып, тіл
үйретер едім. Нарботаның жарқын жүзінен құштарлық бейнесін көрген соң тіпті
еркіндеп кетті.

-        Менің
орысша білетінімді, сенің менен орысша сабақ оқитынынды өзіңнен басқа ешкім
білмеуге тиіс. Бұл елдің ұғымында мен кілең мұсылманша оқыған діндар адаммын.
Менің мұндай қосалқы өнерім бар екенін бұл елде ешкім де білмейді. Мен саған
орысша сабақты ел көзінен аулақта, ұдайы түнде оқытамын.

Нарбота Зияның  ақыл-парасат төгілген нұрлы жүзіне, тұңғиық
көкшіл көзіне сүйсіне қарап отырды да:

-        Орысша
оқимын, молда-аға, оны ешкімге айтпаймын, - деді.

-        Мен
саған бір мысал айтайын, - деді Зия көңілденіп. - Бір бұлбүл мәуелі бақта сайын
тамылжытып сайрай беріпті. Есек бұлбұлдың сайрағанын ұнатпай сыртынан кіжініп
жүреді екен. Бір күні есек әбден ыза болады да, ағаштың бұтағына қонып алып
сайрап отырған бұлбұлға келіп: «Тоқтат, өшір үнінді, жоғал, сенің сайрағаныңнан
менің бақырғаным көп артық»,- депті,

Сонда бұлбұл бір сәтке сайрауын
тоқтатып тұрып:

-        Асыл
менен жасықты айыра білмейтін топас сорлы, менің әсем әнім құлағыңа жақпаса,
ондай құлақты түп орнымен кестіріп таста да, орнын балшықпен бітеп қой»,-
депті. Бұл мысалды неменеге меңзеп айтқаныма түсіндің ба? - деп  Нарботаға сұраулы пішінмен қарады.

Жауап бола қоймаган соң:

- Жаңағы мысалдың мәнісіне, сірә,
түсіндің бе? - деп сұрады.

Нарбота  бір бой ұрған неғайбыл пікірін айтуға ұялды
да:

Түсінбей қалдым, өзіңіз
айтыңызшы, - деді.

Мен бұл мысалды мүсылман оқуы мен
орысша оқудың  арасын  айыра

білмейтін топастарға меңзеп
айттым. Менің орысшаға жетік екенімді, сенің менен орысша сабақ алатыныңды
білсе, кейбір есек қатарлас топастар бақырып маған  келеді...

Бүгінгі айтылған әңгімені ішің
білсін, - деді Зия қысқартқысы келіп, - Әліпбайдың көзі кандай қитар, мінезі де
сондай қиқар. Менің орысша білетінімді,орыстарды мақтағанымды біліп қойса, тура
итжеккенге айдатып жібереді.

- Айтылған сөз осы жерде қалады,
молда-аға,- деді Нарбота.

Ертеңіне кешкісін шам жарығымен
орысша сабақ басталды. Мектепте күн сайын екі мезгіл мұсылманша сабақ өткізіледі.
Екі сабақтан кейін Зия мен Нарбота кезекті үйден тамақтарын ішіп келеді де,
күндегі әдеттері бойынша іңірде екі сағат орысша оқиды.

Нарбота бас-аяғы он күн ішінде
орыс әріптерінің таңбаларын түгел үйреніп алды. Енді жеке сөздерден сөйлемдер құрап
жаза бастады. Сонымен қатар мағынасын қазақ сөздерімен салыстырып, орыс
сөздерін жедеғабыл үйреніп  жүр. Күндіз
бір мезгіл басқа шәкірттермен бірге мұсылманша оқу, кешкісін  екі сағат орысша сабақ оқу Нарботаға пәлендей
қиынға соққан жоқ. Бара-бара соған дағдыланып кетті.

Орысша сабақ басталғалы арада бір
ай өткен. Зияның бұл харакетін осынша елде жан адам сезбейді де білмейді.
Бүгін, міне, қаңтар айының біткен күні. Өліарада аспан бұлыңғырланып,
жапалақтап қар жауып тұр. Ауа райы шыңылтыр. Нарбота мектеп терезелерінің
сыртқы  қақпақтарын жымдастырып жауып
келген, Зиямен екеуі аяққы шағындау бөлмеде.

Зияның үйретуімен Нарбота кеше
ешкі майынан сүмбідей түп-түзу алты дана шырақ қатырған. Бүгін сол шырақтың
екеуін шай табаққа орнатып, жасыл сырлы аласа дөңгелек үстелдің екі жеріне қойған.
Зия Нарботаны үстелдің бір шетіне, кілемге отырғызып қойып, өзі үстелдің шетіне
шынтағын төсеп, аса бір сүйкімді қияпатпен:

-        Нарбота!
 Қалам-қағазынды алшы,- деді.

Нарбота бір табақ ақ қағазды төрт
бүктеп үстел шетіне жайлап қойды да, күрең карындашты қолына ұстап, Зиядан әмір
күтті.

-        Қане,
өнерінді көрейін, өз білігіңмен орысша сөйлем құрап жазшы, - деді Зия.

Нарбота аз-кем ойланып алып,
сүйкектетіп  жаза бас-тады.

-        Жаздым...

-        Жазғанынды
өзің оқып бер.

-        «Зия
мой друг, старший брат, хороший человек».

-        Жігіт
екенсің!  Осыны қазақшаға тәржімелеп
айтып берші.

Нарбота іркілген жоқ.

-        «Зия
- менің досым, үлкен ағам, жақсы адам». Нарботаның жан жүрегін жарып шыққан осы
асыл сөздері Зияның өне бойына шымырлап-жайылып барады. Тірліктегі барша мұратына
жеткендей көңілі шалқып, көтеріліп қалды.

-        Осы
бетіңнен тайма, адам боласың, жаным, - деді толқына.

Бұдан кейін де бірнеше сөйлем құратып
жаздырды. Кей жерінде жіберген емле қателерін жөндеп берді. Әлі де болса
Нарбота орыс тілі мен жазуын онша еркін меңгеріп  кетпеген. Айналасы бір  айлық мерзімге осы да жарайды деп, Зия іштей
шүкірлік еткен. Әттең дүние, ең болмағанда осы тәртіппен бір жыл оқыса, шыңға
шықпаса да, биік шоқының басына шыққандай болар еді. «Ұстаз көрген шәкірт әр
мақамда жорғалар, ұстаз көрмеген шәкірт одан-бұдан қармалар» деген мәтел Зияның
көкейіне орала кетті. «Менің Нарботам әр мақамда тайпала жорғалайтын нағыз
өнерпаз болады, тек аман болсын».

Зияның көңіл - күйі жазғытұрымғы
аласапыран күн райындай айныды. Ол енді тағы да бір сәт қазақ елінің осы күнгі
жайын ойлап кетті. Шаршы топ алдында уағыз айтып тұрған ғүламадай тілін безеп, мұңдана
сөйледі:

-        Ел
ішінде жұқпалы дерт көп, адам топалаң тиген қойдай қырылып жатыр. Қараңғы халық
мұны алланың әмірімен болған нәубет дейді де, басқа түскен ауыртпалыққа
көздерін жұмып көне береді. Дәрігер, дәрі-дәрмек дегенді түсінде де көрмеген...
Осы араға бір тоқтап, көкірегінде қабындаған сан алуан ойларын оқпандап алды.

-        Елдегі
ағайын арасы алты бақан, ала ауыз, өмірі бітпейтін бір дау-далаба. Біздің
қазақты қым-қиғаш ру таласы құртып барады. Менің білуімше, қазақ - ақылы дария,
көңілі дүл-дүл дарынды халық. Амал қанша, надандықтың шырмауында күні өтіп
жатыр. Келістіріп айтатын ақылшысы табылса білгеннің тілін алар еді, дүние
сырларына тез қанар еді бұл халық. Зия өзімен-өзі сырласқандай бір сыңқ етіп,
сөзін соза берді. - «Нар түйе жүктен қашып құтылмайды» деген мәтел бар қазақта.
Осы берекесіз молдалықты жылыдай жауып қойып, елдің талапкер азаматтарын
мәдениетке бастасам ба екен? Қой, өйтпейін, екі арада сорлап қалармын.

Зия екі қолын құстың қанатынша
қомдап, керіліп, созылып, есінеп алды. Суық  қысып бара жатқандай саусақтарын жеделдете
сытырлатты.

- Итшілеп өмір сүргеннен өлген
артық, - деді ол буырқана. - Мен көңілімдегі шын сырымды айттым, зерделі едің,
ұғып ал, Нарбота.

-        Ұқтым,
молда-ага...

Зия енді қазіргі замандагы
салт-сананың, үкімет заңының ұнамсыз жақтарын, сорақы кемшіліктерін қынжыла
айтты.

-        Алдымызда
жалпы бұқара халыққа теңдік беретін бір жақсылық заман, дұрыстық заң болуы
керек,- деп бір түйіп тастады. Нарботаға сүйкімді назармен көз тастап, төгілдіре
сөйлеп кетті:

-        Пәле
- жаладан аман болсам, сен аман болсаң, иншалла енді көп ұзамай сол игі заманды
да көрерміз.

Қауіп - қатерден аман қалсам сені
Уфа шаһарына алып кетіп, қалыпты орыс мектебінен оқытар едім. Бірақ қазіргі жағдайда
бұл жерден кетуге болмайды. Әзірге мұсылманша, орысша қатар оқи бер, кейінгі
тірлікті кезінде көрерміз...

Нарбота абайлап қараса, Зия сөзінің
кей жерлерін  тұспалдап, жұмбақтап
жібереді.

Зия көңілді. Әдемі райхан гүлін көргендей,
4 жас жеткіншектің сүйкімді келбетінен өзінің осындай балауса жас қалпын
тапқандай қызыға қарап қалған. Нарбота да бейқам емес. Бір сырлы, сегіз қырлы ұстазына,
жанашыр қамқор ағасына сүйсінген, риясыз риза болған албырт көңілдің тәтті
әуенімен балқып, шалқып отыр.

-        Уфаға
кеткіңіз келе ме? -  деді Нарбота
қобалжып.

Зия сұлық түспен басын шайқады.

-        Оны
қоя тұршы, аман болсам күндердің күнінде жетермін туған жеріме, - деді ол басқа
бір мәнді әңгімеге бет алғанын аңғартып. - Сен менің өмір тарихымның кейбір елеулі
деректерін білмейсің әлі. Есіңде болсын, Нарбота, қағаз тозады, жазу өшеді.
Менің өмір тарихымды жүрегіңе жазып ал.

Өлер алдында баласына өсиет
айтқан желқабыз қариядай үзілдіре тоқтады.

Нарбота жауаптан іркілген жоқ.

-        Мақұл
аға, сіздің өмір тарихыңызды жүрегіме жазып алайын, - деді.

-        Мен
айта берейін, сен мүқият тыңдай бер, - деді Зия.

-        Айтыңыз.

-        Мен
әке-шешеден жеті жаста жетім қалдым, Ярулла дейтін қарт нағашымның қолында тәрбиелендім.
Нағашымды әтиім деп, нағашы әжем Сабираны әниім деп атап кеттім. Әтиім еті тірі
пысық кісі еді, талай жылдан бері Уфадағы Ғалия медресесінде ағаш ұстасы болып
жұмыс істейтін. Әтиім мені он жасымда бастауыш діни мектепке оқуға түсірді,
төрт жылда түркіше хат таныдым, арабша кітаптарды ептеп оқуға жарап қалдым.
Сөйтіп жүргенде он жетіге келдім. Әтиім қояр да қоймай сұранып жүріп мені Ғалия
медресесіне оқуға түсірді. Сонда үздіксіз үш жыл оқып, негізгі міндетті пәндерін
тауыстым. Оның  үстіне үш жыл бойына аптасына
үш рет кешкі мезгілдерде Павлов дейтін мұғалімнен орысша сабақ оқыдым...

Зия өз өмір тарихының бас жағын
жалпыламалатып айтып, сыдыртып өте шықты. Аяқ жағына келгенде пышақ кескендей
келте қайырды. Тіпті өзін тәрбиелеп өсірген қарт әтиі мен әниінің хал-жағдайын
да айтпады. Медресе оқуын тауысқаннан кейін Уфадан қалай кеткені, бұл жаққа
қалай келгені күңгірт қала берді.

 

        Жетінші тарау

      Күн шідер бойы көтерілген.
Шәкірттердің бүгінгі бірінші кезектегі сабағы әлі басталмаған. Күндегі әдеті
бойынша Зия молда шамалы уақыттан кейін шынжыр баулы күміс сағатына қарайды да,
сегізге бес минут қалғанда мектептің шаңырағына «Пайғамбардың ақ туын» көтеріп,
шәкірттерін оқуға шақырады. Әлгінде төсектен тұрысымен Нарботаны ауылға қымызға
жіберген. Бұлар таңертең ылғиына оразаларын қымызбен ашады да, шайды түсте,
екінші кезектегі сабақ алдынан ауылға барып ішеді. Нарбота кешегі қымыздан болған
домалақ қара торсыққа Мұқанбай үйінен сапырулы сары қымыз толтырып әкеледі,
молда ағасына баптап құйып береді, өзі де қанып ішеді.

Зия қара мақпал қаптал шапанын
жамылып, күнге бетін беріп,  таңертеңгі
қоңыр-салқын самалға рақаттана желпініп, үй алдында тұр еді. Қартабай болыстың
шалдуар поштабайы Шәмен жын қаққандай құйғытып келіп, меңсіз ақ боз атының басын
мектепке тіреді. Түсі суық поштабай ат үстінен Зияға жан алғыш әзірейілдей
көрінді. Еңсегей бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, бадырақ көз, қара сұр поштабайды
Зия бұрыннан білетін. Қырық күн шілдеде басына күлапара киіпті, қаптал сары ала
шапанының сыртынан ендігі кере қарыс қызыл матадан белбеу байлапты. Омырауының
оң жағында аумағы тостаған аузындай дөңгелек жез белгісі жалтылдайды.

Поштабай сұсты. Амандасу жоқ,
сәлемдесу жоқ, ат үстінен Зияға едірейе қарап:

-        Әй,
молда, сені болыстың тілмәші Қатанаев шақырып жатыр, қазір менімен бірге
жүресің, - деді.

Зия қапелімде сескеніп қалды.
Сонда да поштабайға сыр білдірмей, бойын тік ұстап:

-        Тілмәш
мырзаға менің не керегім болып қалды екен, білмейсіз бе?-деп сұрап еді, анау
молданы шопақ құрлы да көрген жоқ. Шекесінен қарап, үзеңгіге аяғын шірей:

-        Барған
соң білерсің, көп сөзді қой да, дереу ат алдырып мініп, менімен бірге жүр, -
деді.

-        Барамын
ғой, - деді Зия сабырлы қалпынан танбай, - менің сізден бір пақыршылық тілегім
бар, поштабай мырза.

Шәмен ат үстінен оң жағына бір
қырын жантая еңкейіп, Зияға бетін төндіре:

-        Менен
не тілейсің?- деді.

-        Мені
болыстың тілмәші шақырып жатыр деп елді дүрліктірмеңіз, - деді Зия мүләйім
пішінмен, - осы елге молдалық құруға ресми рұқсатнама беруге шақырыпты дейік...-
Зия күйбендеп шапанының ішкі омырау қалтасынан қара былғары әмиянын суырып
алды. Александр патшаның әдемі бас суреті бейнеленген он сомдық  ақ құйрық қағаз ақшаны Шәменнің қолына қысты.

Шәмен сонда жып етіп аттан түсті
де, ақшаны қолына қысып ұстаған күйінде түлкідей жылмындап:

-        Бұл
 ненің ақысы? - деді.

-Жаңағы тілегімді орындасын деп,  сізге берген ауыз бастырығым, - деді Зия
саспай.

Шәмен ақшаны көзел етігінің
қонышына сүңгітіп жіберді. Енді ол көңілденіп, көлгір сыпайылыққа ауысты.

-        Менен
одан басқа қандай тілегіңіз бар?- деді.

-        Ендігі
тілегім тілмәш мені неге шақырды екен, соны айтыңыз, - деді Зия.

-        Маған
наныңыз, молда-еке, - деді Шәмен енпеңдеп, - құдай бар ғой, неге шақырғанын
білмеймін, тез алып кел дегеннен басқа маған түк те айтқан жоқ.

-        Жарайды,
бара көрермін, - деді Зия байсалды пішінмен, - сіз мені асықтырмаңыз, мұқият
әзірленіп алайын.

-        Мақұл,
ендеше, асықпай әзірленіңіз,- деді поштабай жұмсарып, - осы елде тағы да бір
тығыз шаруаларым бар еді, соларды тындырып алайын, бір үйден қымыз ішейін,-
деп, атына дік етіп мінді де, алдыңғы ауылға қарай шоқырақтата жөнелді.

Шамалы уақыттан кейін қымыз толы
домалақ қара торсықты құшақтап, жүгіре басып Нарбота да жеткен. Келісімен
іс-міс жоқ, торсықты шайқап-шайқап, молда ағасына табан аяқ қымыз құйып берді,
өзі де толтыра құйып ішті.

-        «Пайғамбардың
ақ туын» көтермейміз бе, балаларды сабаққа шақырмаймыз ба? - деді Нарбота
қымызы ортайған торсықты босағаға сүйеп қойып.

Зия қабағын түйіп,  түксие басын шайқады.

-        Бүгін
 оқу болмайды, - деді.

-        Неге?

-        Сен
шапшаң барып, Әліпбайдан бір тәуір ат сұрап ал да, ерттеп алып кел, - деді Зия
жайшылықтағы бейбіт қалпымен, - бүгін болысқа барып қайтатын тығыз шаруам бар.

Нарбота сөз қайырмай кетіп қалды.
Ол жоқта Зия мұздай киініп алды. Шәкірттер өз беттерімен оқуға жиналмайды. Неге
десеңіз, бір тұтқиыл оқиға болып қалса, сырқаттанып қалсам, мектеп шаңырағына
ту көтерілмейді, оқуға келмейсіндер деп, Зия әуел баста шәкірттеріне ескертіп
қойған. Балалар осыған әбден әдеттеніп алған. Зия отырып алып ой толғады. Қалай
дегенмен тілмәштің тегін шақырмағаны ақиқат. Әскерден бас тартып қашып кеткен
қылмысы бар. Оның бер жағында, шын ниетімен дін жолын ұстап, молдалық құрып
жүрген кіршіксіз пенде емес. Ендеше, қауіптенбеске әдісі бар ма?

Тілмәштің шақырғанына бармауға
және болмайды. Бұл жолы бармай қалса уезден қарулы стражник жібертіп, зорлап
әкетеді. Жаман айтпай жақсы жоқ, осы барған бетінде абақтыға жапса, алағанның
көкесі сонда болар. Жалғыз мына Нарбота болмаса артында пәлендей алаңы да жоқ.
Жиған-терген дүнне-мүлкі де жоқ. Басы артық ақшасын, киім-кешегін Нарботаға
тастап кетеді.

Енді Зия ой толғап отырып,
Нарбота жағдайына тоқыраған. «Тегі, осы жолы ұсталып кетсем, Нарботаның бұл
елден кеткені дұрыс болар, -деп түйді ішінен, - Ташкентке барсын. Ондағы
Әбдікәрім досыма хат жазып берейін...» Зия қаламы мен қағазын сайлап алып,
Әбдікәрімге хат жазды. Хатты жазып бола бергенде ерттеулі күрең төбел атты
ойнақтатып Нарбота келді. Атты белдеуге байлай салып, үйге кірді, Зия оны
қасына алып отырып, шынын айтты.

-        Мені
болыстың тілмәшы шақырып жатыр дейді, жаңа әдейі поштабай келді, абақтыға
жабатын шығар,- деді күрсініп.

Нарбота шошып кетті. Көзі аларып,
беті сұрланып:

-        Сізді
абақтыға неге жабады?- деді.

-        Мен
әскерлік кызметтен бас тартқан қашқынмын, патшаға қарсы күдікті адаммын.

Нарбота катты састы. Бірдеңе
айтайын десе аузына сөз түспей қойды. Зияның әскер қызметінен қашқаны Нарботаға
бұрыннан мәлім. Ал енді «патшаға қарсы күдікті адаммын» дегені таңқаларлық іс
екен.

Нарбота тұтқырланып, кемсендеп
тіл қатты.

-        Аман
қаларсыз, аға, абақтыға жаппас...

-        Тығыз
шақыртқан түрлері жаман, - деді Зия мұңайып, - құртатын шығар. Қазір поштабай
келеді, оған шейін саған айтып қояйын. Осы кеткенімнен қайта оралмасам сен бұл
елден кет, Ташкентке бар. Онда менің өзің білетін Әбдікәрім Байғараұлы дейтін
ашынам бар. Соған хат жазып қойдым. Әбдікәрімнің тұрған жері есіңде ме?

-        Ташкент
түбіндегі Қөктерек деген жерде молдалық құрады, бала оқытады дегенсіз...

-        Уфа
шаһарында, Затон кешесі 12-үйде менің Ахмар Ғилажев дейтін бөлем бар, - деді
Зия көзін төңкеріп, - түбінде дерексіз кетсем соған хат жазып хабарлас.

Нарбота Зияның жаңағы айтқан
адамының аты-жөнін, мекен-түрағын бұлжытпай қайта айтып берді.

Енді Зия Ахмардың жағдайын ұғындырды.
Ол Уфа зауытының байырғы жұмысшысы екен. Екі ұлы, бір қызы бар дейді. Зайыбы  Сүйінбике сол затонда үй сыпырушы болса керек.
Нашар да болса өздерінің меншікті үй-жайы бар екен. Зияның айтуына қарағанда
Ахмар да, Сүйінбике де - мейірімді жандар. «Түбінде Ташкент маңайына тұрақтап
қалудың реті келмесе, Уфаға кет, Ахмарды тауып ал», - деп мәслихат айтты. Пойызбен
Ташкенттен Кинель станциясына жетсе, одан басқа пойызға ауысып мініп Уфаға
баратынын ұғындырып берді.

- Мен саған Әбдікәрімге жазған
хатымды оқып берейін, - деді Зия. Үлкен екі парақ қағазды көзінің алдына
көтеріп ұстап оқи бастады: - «Ғиззатлу, уа хүрматлу, қадірдан көргуші достым
Әбдікәрімге дұғай сәлем. Үшбу сәлем бағдында өзіңізге мағлұм болған Зия Ярулла ұғлы
сізге өтініш жолдайды. Үшбу хатты сізге тапсырушы жас жігіт Нарбота Ақай ұғлы
молдалық құрған елімдегі өте сүйікті, зирек шәкіртім еді. Әмбе хал-ахуалын
сізге толық баян етер.

Мен алла тағаланың жазмышы
бойынша, патша ағзам хазіретлері хакімдерінің әмірі бойынша тұтқынға алындым.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ, хұқіметтің зорлығына шарам бар ма?
Әскерден бас тартып қашып кеттің, ел арасында жасырындың, Уфада медреседе оқып
жүргенде еркін пікірлі, бостандықшыл жастармен бірге болдың дейтін шығар. Менің
бұл «қылмыстарым» өзіңізге де мағлұмдұр.

Мына Нарботаны сіздің хұзырыңызға
жібергендегі игі мақсатым оқысын, білімін молайтсын, адам болсын деген.
Ата-анадан жастай жетім қалған, тұрмыста көп қорлық көрген бала екен. Аяп өз
қасыма алып оқытып едім.  Мақсатыма жете
алмадым.

Нарботаны өз  қолыңызға алып оқытсаңыз, онымен қоса сол
өзіңіз тұрған жердегі жалдамалы орыс мұғалімінен орысша сабақ окуына
жәрдемдессеңіз өте жақсы болар еді.

Бұл елге келгелі сізден Әулиеата
шаһарындағы Ғалиакбар молда арқылы екі хат алдым. Екеуіне де жауап хат жазып
жіберген едім. Кейінгі жылда сіздің хат-хабарыңыз үзілді. Мен сізді тұрған
жеріңізден басқа жаққа көшіп кетті ме екен деп те ойлап едім.

Сізден достық шапағат, игі
шарапат күтіп, сәлем-хат жолдаушы бірге оқыған серіктесіңіз, ниеттес жолдасыңыз
- Зия Яруллаұғлы.

1907 жыл, 18 май».

- Осыны Әбдікәрімнің қолына табыс
ет, - деді Зия хатты төрт бүктеп, сондай бір парақ ақ қағазға мұқият орап
қойды. Мына 100 сом  ақшаны ал, керек
болады.

Нарбота еңіреп қоя берді. Екеуі
айқаса құшақтасып, жыласып айырылысты. Сол екі арада Шәмен поштабай да келді.
Аюдай ақырған поштабайдың айбынынан сескеніп, ауыл адамдарының ешқайсысы
мектепке қарай аяқ баспады. Зия екеуінің аттанып кеткенін сырттан көріп тұрды.

Болыс кеңсесі тұрған ел Талас
өзенінің жоғарғы жағында қырық шақырым жерде. Молдалық куәлігін алып қайтады
деген Зия сол кеткеннен мол кетті. Әліпбайлар оны аржағынан Әулиеатаға барып,
қыдырыстап жүрген шығар деп те жорамалдаған.

Зия тіпті келер болмаған соң,
арада апта өткенде Әліпбай өзі іздеп барды. Болыс пен тілмәш оған бірден шындарын
айтты. Уезд әкімдерінің бұйрығы бойынша Зияны солардың құзырына тапсырыпты.
Олардың сөздеріне қарағанда Зия барып тұрған қылмыскер: «Өтірік молда, әскерден
бас тартқан қашқын, патшаға қарсы бұзық адам». Зия әзір Әулиеата қаласында
абақтыда жатқан көрінеді, жақында сотталады дейді.

Зия мініп кеткен күрең төбел ат
Шәмен поштабайдың қолында екен. Ол көрген жерден атын Әліпбайға табыс етті.

Бұл хабарды естігенде ел сілтідей
тұнып, ішкен астарын жерге қойып, қатты таңданып еді. Енді бір  жақсы молда тауып алғанша оқуды жаба тұруға
пәтуаласқан.

 

         Сегізінші тарау

      Нарбота «Нағашымның артынан
барамын, мүмкіндігін тапсам абақтыда кездесем, тілдесем» деген сылтаумен
Әулиеатаға кетті. Онда барған соң базарда кездескен бір қазақтарға ілесіп
Шымкент асып кетті.

Шымкентте де Нарботаға  олайлы жағдай туды. Азық-түлік, жеміс
базарында бір мархабатты қарт өзбекке кездесіп, оның үйінде он шақты күн жатып,
тынығып алды. Махкам қарттың Ташкентте туыстары тұрады екен. Соларға барып
қайтатын болып, Нарботаны ілестіріп ала кетті.

Нарбота Ташкентке екі күн аялдады
да, Зия айтқан жоба бойынша Төменгі Шыршық өзенінің бойындағы Көктерек деген
жердегі Әбдікәрім Байғараұлын іздеп тауып алды. Әбдікәрім қатты науқас екен. Бала
оқытып, молдалық құрудан қалғанына бір жылдан асыпты. Екі құс жастықты арқасына
қабаттап қойып, шалқалап отырған күйінде зордың күшімен баяу сөйледі. Ат жақты
жазық бетінде бір тамшы қан жоқ. Ұзын жағы сорайып, шықшыты шодырайып шығып
тұр. Көзі үңірейіп кеткен. Сәл шалқақ мандайының терісі қыртыс-қыртыс.

Зияның хатын оқығанда Әбдікәрім
көзіне жас алып, қиналып қалды. Қашан тұрақты үй, кесімді жұмыс тауып алғанша
Нарботаны өз үйінде ұстайтын болды.

Іргелес теміржол станциясында
Виталий Андреев деген орыс мұғалімі бар екен. Сол төңіректегі талапкер қазақ, өзбек
балаларына арнап жалдамалы мектеп ашыпты. Онда сабақ октябрь айының бас кезінде
басталады дейді. Әбдікәрім әдейі кісі жіберіп, Андреевті шақыртып алды. Сабақ
ақысын басқалармен бірдей төлейтін етіп,  Нарботаны оқытуға келісті.

-        Әзірге
орысша оқи бер, - деді Әбдікәрім  Нарботаға,
- осы аурудан аман қалсам мұсылманша сабақты өзім оқытамын.

-        Мақұл,
аға, - деді Нарбота, - сабақ басталғанша жалданып жұмыс істей тұрайын.

Нарбота сонымен егінін жинап
беруге  Бәймен деген қазаққа жалданды.
Бәйменнің балалары ерте кезде өліпті. Мал дегеннен екі сауын сиыры, екі түйесі,
он шақты қой-ешкісі бар. Негізгі күн көріс кәсібі - бақшашылық. Жарты десятина
бидай егеді. Кемпірі Қәмеш үй шаруасынан аспайды.

Бәймен Нарботаға егін жайларын
көрсетіп, кесімді ақысына қиянат істемейтінін айтты, туған жерін, елін сұрап
білді.

-        Шырағым,
қазақта «сұрай-сүрай қарын бөле шығыпты» деген мәтел бар, - деді бет-аузы бір
уыс, тұрымтайдай домалақ қара шал, - ерте кезде сауда-саттықпен сіздің жерге
төрт жыл ұдайымен барып қайтқаным бар. Сенің әкеңді де білемін. Шешеңнің
қолынан дәм ішкенмін. Ақай жігіттің сұлтаны еді ғой. Жанысбай дейтін елден
шыққан бір зұлым туысы бар еді, тірі ме?

Жанысбайдың өлгенін естігенде  Бәймен жері кеңігендей желпіне:

-        Тірліктегі
күнәларының жазасын тартсын, бәлекет,-       деді.

Әке-шешесімен дәмдес болған
адамға кездескеніне Нарбота қуанып кетті.

Бәймен Арқадағы елдерде өткізген
қызықты күндерін еске алып есіп кетті. Сол бір суын ішіп, дәмін татқан меймандос
елдің бейнесін Нарботадан көргендей, оның мүләйім қара көзіне ынтызар кейіппен
қарап отырды.

-        Осында
Арқадан келген бір жақсы жігіт бар, сені сонымен таныстырып қоярмын, - деді.

-        Ол
 қандай жігіт?- Нарбота дегбірсіздене сұрады.

-        Анығы
Арқаның қай жерінен, қай елінен екенін білмеймін, - деді Бәймен, - өзінің аты -
Жанбота, әкесінің аты - Жақай.

-        Жанбота
дейсіз бе? Әкесінің аты Жақай ма?

-        Оны
сен білесің бе?

Нарбота әлденені есіне түсіріп,
ойлағандай кейіп көрсетіп, үнсіз тұрып қалды, Бәймен айтқан жігіттің өз аты да,
әкесінің аты да ана жылы қой бағып жүргенде қасқыр талап өлтірді деген Жанботаға
дәл келіп тұр. Сонда оның өлгені бекер болғаны ма? Қойға қасқыр шапқанда
Жанысбайдан қорқып осы жаққа қашып кетуі де ықтымал-ау. Нарбота осы бір
олқылы-толқылы ойға шырмала берген. Неде болса айтылмыш жұмбақ жігітті көруге
асықты. Толқынып тұрғаңда Жанбота жайын байқамай айтып қоя жаздады. Зияның бір
нақыл сөзі есіне түсіп, тілін тежей қойды. Зия бір күні Нарботамен сырласып
отырганда менен естігенінді бір жерде байқамай айтып қалып жүрме, аузыңа мұқият
бол деген. «Үндемеу де - бір ғылым, мұның өзі әркімнің қолынан келе бермейді»,
- деп араб жұртының өнегелі қағидасынан мысал келтірген. Зияның бұдан басқа да
әлденеше тағлым сөздері Нарботаның көкірегінде сайрап тұр. «Қандай қиын жағдайда
болса да ең әуелі әбден ойланып алып әрекет істеген абзал, - деген ұстазы, - ең
ақыры қанқұйлы қаскүнем дұшпанынды атқалы мылтығынды кезеніп тұрсаң да алдымен
осы тәуекел әрекетіңнің түбінде я дұрыс, я бұрыс боларын ақылға сал. Ақылың әрдайым
қайнаған ашудың алдында жүрсін. Ақыл бастаған әрекет әсте теріс болмайды, тіпті
сүйікті досыңмен сұхбат құрып отырғанда да қыза-қыза аузыңа түскен сөзді күйсей
бермей, әр сөзінді ойлап, сайлап айт. Байқаусызда аузыңнан шығып кеткен бір
ауыз жаман сөздің қырсығы кейде кісі өлтіреді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі»
деген накыл осыған меңзеп айтылған. «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген
мәтелде терең мән бар...»

Арқада әлдеқашан сүйегі қурап қалған
Жанбота мұнда тірі жүр дегенге ойын бекіте алмай, алабұртып тұрса да, сыр
ашпай, сұлық тындады да қойды.

-        Ол
жігітті  көріп сөйлесейін, - деді.

-        Табыстырайын,
сөйлестірейін. Көрерсің, білісе келе, ол саған қарын бөле боп шықпаса нағысын...

Өмірде  не болмайды. Иттей талап, кан жоса ғып жаралап
кететін қиямет кезең болады. Аз да болса өткінші рақатымен, жылы-тәтті  ләззәтімен, тез шешек атып лезде семіп қалған
жауқазындай әсем бейнесімен өле-өлгенше есіңнен кетпейтін тамаша күндер болады.
Осындай күндерді бірге бастарынан кешірген, құлын-тайдай тебіскен, жалғыз
малтаны бөле жеген екі бауыр  Бәймен
шалдың бағында қауышты.

Бір-біріне тіл қата алмай, құшақтасып
тұрып, солқылдап жылай берді.

-        Бауырым-ау,
біз сені өлді деп жүрсек, мұнда жүр екенсің ғой, - деді Нарбота құшағын жаза
беріп.

-        Тірімін,
аман жүрмін, - деді Жанбота алқына,- өзің қайдан келіп қалдың?  Жанботаның дөңгелек ақ-сары жүзі құлпырып сала
берді.

Нарбота толқып отырып, ел жайынан
қысқаша хабар  берді. Жанысбай Жанботаны
қасқыр талап өлтірді деп, «мүрдесін» жерлегенін, басына мола орнатқанын тебіреніп
отырып айтты. Дәмелінің өлімін айтқанда екеуі қосыла егіліп жылап алды. Адамның
дауылды күндей бұрқанатын кезі болады. Жанбота қазіргі сәтте осындай күйге
түскен. Іші-бауыры солқылдап, екі иығы бүлкілдеп, ішіндегі бұрқ-сарқ қайнаған
кекті ашуы сыртқа атылып шықты.

-        Жанысбай
итті өз қолымнан өлтіріп-ақ  кетпеген екем,
- деді.

Нарбота бауырының иығына қолын
артып, елжірей тіл қатты.

-        Азап
тірліктен безіп,  мен де елден кеттім,
екеуміз осы жерде табысамыз деп ойлаппын ба. Қабіріңді құшақтап талай жыладым.

Ойда жоқта қауышқан қос бауыр
айналадағы тіршілікті белкүллі естен шығарып, өздерімен өздері болып, әңгіме
дүкен құрып отыр еді. Айта берсе сөз таусылар емес. Жанбота ел адамдарын
жеке-жеке сұрап білді. Осылай шалқып отырғанда бақтың үй жақ шетінен Бәймен көрінді.

-        Ертең
кешке біздің үйде кездесейік, сонда өз жағдайымды түгел айтып берейін саған,-деді
Жанбота.

-        Табыстындар
ма, бір-біріңді таныдындар ма? - деп, Бәймен алшандай басып, сөйлеп келеді.

-        Таныстық,
іргелес елдің адамдары екенбіз,- деп, Жанбота немқұрайлы жауап айтты.

-        Маған
сүйінші бересің, - деді Бәймен Нарботаға күле сөйлеп.

-        Сүйінші
сіздікі, ата, қарыздармын, - деді Нарбота.

-        Екеуіңнің
аттарың да, әкелеріңнің аттары да ұйқас екен, бұл да бір жақсы ырым болады,-
деп, Бәймен қауқылдай берді.

-        Лайым
жақсылық болсын,- деп, Жанбота тоқтады.

Бәймен Жанботаның күлімдеген нұрлы
жүзіне көзінің астымен бір қарап алып, шамалы зілдене:

-        Нарбота,
сенің бұл ағаң біздің діннен шыққан, орыс қызына үйленген, қазір бұл Айсаның
пендесі, - деді.

Жанбота  Бәйменнің бұл әрекетін ұнатпай тыржыңдап
қалды.

Нарбота шын пейлімен:

-        Кімнің
қызына үйленсе де мейлі, тек дәм-тұздары жарассын, - деді.

-        Ертең
келіп алып кетем,- деп, Жанбота кетіп қалды.

Бәймен мен Нарбота жұмысқа
кірісті.

Ертеңіне кешқұрым Жанбота әдейі
келіп, Нарботаны өз үйіне ертіп апарды. Келіншегі Мариямен, бір жасарұлы
Мейірмен таныстырды. Әдемілеп ас пісіртіп, шай қайнаттырып, неше түрлі жеміс
қойып, қонақасы берді. Екеуінің бір атадан өрбіген немерелес бауыр екендерін
Марияға әзірге сездірген жоқ. «Бір елдің адамдарымыз» дей салған. Мейлі,  кейін біле жатар.

Екі бауыр ауладағы жүзімдікпен
қоршалған, лала гүлдерінің жұпар иісі аңқыған биік сәкіде құшақтасып жатып,
көрер танды көздерімен атқызды. Жанбота өз басынан кешіргендерін түк қалдырмай
баяндап берді.

Жанбота күндегі әдеті бойынша бір
қотан қойды алагеуімде өріске шығарған. Сәске түсте қойларды Желкекті бұйратындағы
жайылма бұлақтан суарып, жусатып тастаған. Ақсақ кер құнанды тұсап, отқа
жіберген. Өзі шекпенін басына жастанып, киіз  қалпағымен бетін бүркеп жатып маужырап ұйықтап
кеткен. Түсінде әкесі марқұм келіп: «Жүр, Жанбота, сен мүнда тұрма, бірге
кетейік» деді. Әлдеқандай сұмдықтарға кездесті. Адам ұғымына сыймайтын бір
пәлелерді көрді. Бір қасқыр аузын арандай ашып, ырылдап ұмтыла бергенде шошып
ояна келіп қараса, төрт қасқыр анадай жерде қойларды дүркіретіп қуып жүр.
Қорыққанынан даусы шықпай қалды. Қойларды қасқырдан айырып алу қайда, зәресі
зәр түбіне кетіп, беталды зыта женелді. Отқа жіберген ақсаққұнаны да
көрінбейді.Жайшылықта дікендеп ұра беретін Жанысбай енді мына қойларын қасқырға
қырғызған соң, Жанботаны, сірә, тірі қоя ма? «Өлген кісі түсінде шақырса, ол
адам ұзаққа бармайды» дейтін еді, әкемнің жүр дегені сол шығар, не де болса
Жанысбайдың таяғынан жанымды қинап өлгенше айдалада қаңғырып өлейін деді де,
қасқыр қырып жатқан қойларға қарамай, беті ауған жаққа кете берді. Қайда, қай
жерге баратынын өзі де білмейді. Әйтеуір, Жанысбайдың көзінен шола болайын,
алыстағы бөтен жерге кетейін дейді. Ілгері басқан сайын көңілі құлази берді.
Сәті түсіп жолшыбай мейірімді адам кездессе, соған ілесіп, ілгері қарай кете
берер еді. Далбаса үміт үзілді. Жанысбайдан корқып, өз ажалыма өзім себепкер
болам ба деп опынып келеді. Кейін бұрылып елге қайтсам қайтеді, Жанысбайдан
келетін пәле болса көріп алармын деген тәуекелшіл ойға да бір ауық беріліп
кетті. Олай етуге болмайды. Жігітпін деп елден бір кеткен соң, бұралқы иттей
қаңғырып қайтып бару - барып тұрған жасық адамның ісі...

Жүйрік қиял жақсылық іздеп қанша
жүйткігенмен, айналып келіп тіршіліктен түңілдіре береді. Шіркін-ай, тым
болмаса алдында ұзаққа тартатын бір даңғыл жол болсашы.

Бет алысы оңтүстік, құлан жортпас
құба жон. Күн еңкейген. Шекпенімен қоса ораған шүберек дорбадағы табан уыс
сықпа құртты талғажау етіп, шамалы әлденіп алды. Түн болды, қас қарайды. Бір
мезгілде ес кетті, жан шықты дегенде алдыңғы жақтан жылтыраған от көрінді. Енді
Жанбота сол оттың бағдарымен жүріп келеді. Оған ой түсті: «Түнде далада адасқан
адамға шайтан от жағады, алдап шақырып алады» дейтін еді, бұл отқа барсам
өзімді шайтан иектеп, жын шалар». Осы бірдәлдір ойдың жетегіне еріп, кез келген
жерге отыра кетті. Сонда әлгі от көрінген жақтан үрген иттер мен бақырған
түйелердің даусы құлағына еміс-еміс шалынды. Сол от көрінген жерде адамдар бар
екен деген сеніммен ілгері қарай жүріп кетті. Жеделдете жақындаған сайын оттың
көлемі зорайып барады. Оттың айналасынан әлде-қандай жанды заттар қараңдайды.
Өлдім, талдым дегенде отқа жақын келді. От басында отырған адамдарды көргенде
денесі тітіркеніп, қолдары дірілдеп кетті. Осылардан бір жақсылық болғай деп
тілеп тұр.

- Ассалаумағалайкүм, ағалар!-деп
дауыстап сәлем берді.

-        Сәлемші
бала, бері кел, жөнінді айт!- мол денелі, ақ сақалды қария  дүңкілдей сөйледі.

Бұлар ілгергі Шу өзенінің бойындағы
елдерге жүк тартып, кәсіп қылуға бара жатқан Арқаның кірекештері екен.
Жанботаның жүдеу түрін көрген соң, дереу сүзбе шайып беріп, тыңайтып алды.
Сосын әлгі сөз бастаған  ақсақал:

-        Неғылған
адамсың? Қай жаққа бара жатырсың? - деп ежіктеп сұрады.

Жанбота түбі әлдеқалай болады
деген сақтықпен шамалы ойланып алып, ылғи өтірік айтты.

-        Шұбартауда
жалғыз апам бар еді, соның қолында тұратын едім, былтыр апам өліп, жездем жас
әйел алды. Жездем мейірімді кісі еді, ол үйде барда әйелі маған ауыз ашпайтын.
Жездем тұрмыстың әрекетімен ұзақ уақытқа Семейге кәсіп іздеп кетіп еді, сол-ақ
екен, әйелі мен сені баға алмаймын, қайда кетсең онда кет деп үйінен қуып
шықты. Сол ауылға түнеген бір жолаушының арбасына мініп кете бардым...

Бір пысық жігітЖанботаға ілгешек
сөз тастады.

-        Өзің
дардай жігітсің, қайдағы жоқ бірдеңені айтасың, есі дұрыс адам елінен қанғырып
кете ме?

-        Жездемнің
тоқалының қорлығына шыдай алмай кетіп қалдым.

-        Сөзін
 бөлме, Сәрсенбай,- деп, ақсақал әлгіні
басып тастады.

-        Қоналқалы
жерде бір ауылға түсіп қалдым, енді осы жақта қалың ел бар дегенге, құдай бір жөнін
берер деп жаяу келе жатырмын, -деді Жанбота.

Жолаушылар Жанботаны аяп,
өздерімен  бірге тамақтандырды. Ертеңіне
ілестіріп ала кетті. Жанбота кірекештерге тез жағынып алған. Жүгіріп барып түйе
айдап әкеледі, жүк артысады, аялдаған жерде лып етіп тезек, қурай теріп алып,
от жағады, су әкеп шай қайнатады, ет асады.

Кірекештер Шу өзенінің төменгі құрдым
жағындағы Көкшенің құмына жетіп, Жамантұма дейтін жерге қонды. Сол арадан тұз
кіреледі. Кірекеш басы Қалдыбай қария Жанботаға өз түйесінің басын жетектетіп
қойған.

Қалдыбай қауқылдаған ақ көңіл
кісі екен. Жанботаға жаны ашып, бәйек болады, онсыз тамақ ішпейді.

Жанбота өз елінде жүргенде
басында мұң жоқтай көретін, тең құрбысынан дәрежесі артық сияқтанатын. Мұның
өзі туған жердің асыл қасиетінен, жастықтың әсерінен пайда болған алдамшы сезім
екенін енді білді. Бір жағынан Жанысбай зұлымнан аман құтылып кеткеніне қуанса,
екінші жақтан алыс жерге ұзаған сайын туған елін аңсайды.

Кірекештер Жамантұмадан тиеп алған
қыруар тұзды Шудың жоғарғы жағындағы қазақ, қырғыз аралас қалың елге апарып
ақшаға сатты, ішермендік астыққа айырбастады. Піспек қаласынан керек-жарақтарын
алып, олжалы қайтты. Бұлар енді елдеріне қайту қамына кіріскен. Жанбота елге
кейін қайтпайтынын, не де болса лаждап осы жақтың бір жерінде күн көргісі
келетінін айтты. Шу өзенінің жағасында түнеп жатқанда кірекештер мәжіліс құрды.

- Бізге Жанботаның жолы құтты
болды, - деді Қалдыбай сүйсіне, - елдік істейік, бұған кісі басы қайыр-садақа
жинап берейік.

Басқалары Калдыбайды қостап, мақұл
десті. Бұлардың араларындағы шайқы мінезді Керім дейтін ақын шал Жанботаны
мақтап ала жөнелді.

-        Тірі
болса бұл Жанбота кереметті көрсетеді әлі, - деді Керім ырғақты дауыспен, -
қылышын қанға суарған, тайсалмайтын оттан да, сескенбейтін судан да, қаһарман
тектес хас батыр болады...

Отырған жұрт ду күлісті. Бәрі Жанботаны
ортаға алып мадақтай берді, Жанбота ыңғайсызданып қалған. Осылай құр бет алды
көпіртіп мақтай бергенше көп етіп ақша жинап берсе екен деп отыр ішінен.

-        Сіздер
мені тым артық мақтап  жібердіңіздер, -
деді Жанбота. Сонда әлгі сөзшең шал жаңағы мақтауы аз болғандай-ақ әсірелей сөйледі.

-        Несі
бар мақтаса, менің аз да болса адам танитыным рас болса, Жанбота сен дара туған
асылсың, тек,  айналайын, бағың
ашылсын...

-        Ал
жарандар! - деді Калдыбай ұрыс алдында әскеріне ұран тастайтын қолбасшыдай
қомдана саңқылдап. - Бұл жігіттің мақтауы жетті. «Құр қасық ауыз жыртады», кісі
басы екі теңгеден ақша салыңдар ортаға. - Шошақ төбелі қара елтірі бөркін
басынан жұлып алып, екі қолымен керіп ұстап, айнала тоса берді.

Күміс теңгелер, қағаз ақшалар
Қалдыбайдың беркіне домалап түсе берді. Айтылмыш екі теңге бергендері үндемейді.
Ал енді көңілдері түсіп көбірек бергендері атап айтып жатыр. Батар күннің
жансар жарығында Қалдыбай өзі бес сом ақшаны атап салды да, жиналған ақшаны
елдің көзінше санап шықты.

-        «Көп  түкірсе көл болады» деген осы,- деді Қалдыбай
масаттана, - Жанботаның пайдасына 55 сом ақша жиналды. Мұны естігенде
Жанботаның іші жылып, көңілі тасып кетті. Қалдыбай бөрік ішіндегі ақшаны
рет-ретімен қаттап, өзінің таза ақ орамалына түйді де, Жанботаның қолына ұстатты.

Қалдыбай Жанботаға бата берді.
Игі тілек айтты. Оған ілесіп бәрі де беттерін сипап бата қайырды.

Жанбота түні бойы оймен
әуреленген. Қай жерге барса қолайлы болар екен? Дес берісі, кірекештерден
Құрақбай, Сейіл дейтін шалдар бөлініп шығып,Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауидың
мазарына тауап қылып, сол қаланың маңайындағы Қарнақ қыстағына баратын болды.
Сондағы Мұхидцин халпеге қол тапсырып, пірәдар болмақшы. Бұлар Жанботаға
түйелерін бақтырып, от жаққызуға алдын ала келісіп, өздерімен бірге ала кетті.
Түйе аяңмен арада он бес күн жол жүріп, Түркістанға жетті. Онда барған соң Қожа
Ахмет Иассауидың мазарына тауап қылып, үш күн аялдады. Сосын, қаланың
солтүстік-шығыс бағытындағы әйгілі Қарнақ қыстағына жол тартты.

Екі шал алыс жерден әдейі іздеп келген
халпесіне ертеңіне-ақ кездесіп, шаруаларын айтқан. Пірге қол тапсырып, оп-оңай
пірәдар болып шыға келген. Халпеге ақшадай сыйлықтарын беріп, көңілін риза
еткен. Мешіт төңірегінде жүрген пақырларға да тиындап садақа берген.

Құрақбай мен Сейіл Қарнақта он
күн жатты. Жолшыбай Созаққа соғып, одан әрі қарай Төменгі Шуға құлап, сол
жерден Арқадағы елдеріне асатын болған. Аттанарда халпе бұларға уағыз айтты:
«Ел ішінде мұсылман дінін берік ұстаңдар, егер де хал-жағдайларың көтерсе Меккеге
барып, бәйтуллага тауап қылып, қағба тасын көріп, қажы болып қайтындар», -
деген. Дін жайынан бұдан басқа да көп рауаяттар айтқан.

Сөз соңында пірәдарлар халпеге
Жанбота жайын айтты. Оны жер-көкке сыйғызбай қатты мақтады. Жанботаның сондай
қолы епті, іске ыңғайлы, ақылды, инабатты жігіт екенін білгенде халпе бірден:

-        Бұл
жігітті осында қалдырып кетіндер, біздің медреседегі шәкірттердің отынын жарып,
дәрет суларын әзірлеп беріп тұрсын, біз оның ақысына қиянат істемейміз, тіпті
көңілі каласа бір жағынан сабақ оқысын, болмаса біздің Түркістан төңірегі күн көріске
өте қолайлы жер ғой, қайткенмен де тамағын асырар, - деді.

Халпенің бұл пікіріне пірәдарлар
ден қойды. Жалпақ жердің үсті бір өзіне тар болып, аспан астына сия алмай қаңғырып
жүрген мұңдық жігіт бұған қатты қуанды. Пірәдар шалдармен қоштасып, Қарнақта
қала берді.

Жанбота медресе шәкірттерінің
қызметін ойдағыдай атқарып, әбден жағынып алған. Тамағы да, көңілі де тоқ.
Ара-арасында ептеп сабақ та оқиды. Жұмыстан қолы босамай, кей-кейде сабақтан
қалып қойса, оны іздеп жатқан да еш-ім жоқ. Оқуға кеш түскен өзі құралпы ересек
шәкірттерден кейін қалып та қойған жоқ. Тұрағы - медресенің астындағы қараңғы
үй. Анадағы кірекештер жинап берген ақшаның шып-шырғасын шығармай сақтап
қойған.

 

          Тоғызыншы тарау

       Қыс өтті. Жазда шәкірттер оқудан
тараған үш айда Жанботаның қолы бос. Тоғайдан отын шауып, есек арбамен
Түркістан қаласына бес рет апарып сатты. Табаны күректей он бес сом ақша тапты.

Жанботаның Қолдасбек дейтін жас
досы бар еді. Ол осындағы Салқынбай дейтін диқан жездесінің қолында тұрып, медреседен
сабақ оқитын. «Енді бұл медресенің күйбең жұмысы саған қол емес, оқып жүрген
жөнді сабағың да жоқ, мал табуға, тұрмыс қүруға, тіпті мұсылманша оқу оқуға
біздің Ташкент айналасынан қолайлы жер жоқ, менімен бірге сонда жүр»- деп,
майлы ішектей айналдырды.

Ташкент қаласы жайында, оның
айналасындағы мәуелі бақтары жөнінде Жанбота осында келгелі талай адамнан
естіген. Оның қиялында Ташкент ертегінің алтын шаһарындай, жері жаннатпен тең.
Қолдасбектің ұсынысы бірден көңіліне жағып кетті. Жаз ортасында соған еріп Ташкент
асты. Онда аман-есен жетіп, екі күн аялдаған. Бұлар енді Төменгі Шыршық бойындағы
Көктерек деген жерге барды. Мұнда Қолдасбектің әке-шешесі, туыстары тұрады.
Жанбота оның үйінде бір апта тынығып, әлденіп алды.

Мұнда да шашылып жатқан тегін
дүние жоқ екен. Жанбота ойға қалды. Қолдасбек болса тиісті демалысы біткенде
Қарнаққа қайтады, бұрынғыша ауқатты жездесінің үйінде тұрады, медреседегі оқуына
қайта кіріседі. Оқуды биылша қоя тұрып, күн көрісті реттеп алмаса болмайды.
Қалтасындағы жиған-терген жетпіс сом ақшасы шындап жұмсаса қанша жерге апарады.
Сақтықта қорлық жоқ. Бір қысылган кезде керек болар, орамалға түйілген қалпында
жата берсін.

Жанбота қолайлы жұмыс іздеді.
Шаруаға оңтайлы қарулы жігіт табылса жалдайтын дәулетті диқан көп екен. Жеміс
бағын тазалап, баптау, арық-атыз аршу сияқты күнделікті жұмысқа жалданып жүріп
тамағын асырады, ша-малы қаржы тапты.

Бір күні Жанбота мәуелі бақ
ішінде жалғыз қыдырыстап жүр еді. Қауғадай аппақ сақалы кіндігіне түскен, орта
бойлы, шегір көз сары шал кездесе кетті. Үстіндегі киімі де тым жұпыны. Қолдан
тоқыған қоңыр жүн күртесінің ұзын етегін шекпен шалбарының сыртынан түсіріпті,
беліне жіңішке қайыс байлапты, басында етегі делдиген киіз қалпақ.

Шал  қазақша сайрап қоя берді:

- Мен, шырағым, осындағы Андрей Коркин
деген диқанмын,- деді ол, - танысып қояйық.

- Мен Арқадан қаңғырып келген
қазақпын, - деді Жанбота күліп.

Андрей Коркин жұғымды кісі екен.
Жанботаның ата-баба, зәузатын түк қалдырмай сұрағын үйіріп әкетті. Жаңа
танысының хал-жайына біршама қанып алған соң есілдіре сөйледі.

-        Оқасы
жоқ, шырағым. Біз де анадан алтау туып едік, өле-өле жалғыз қалдым. Бұтағы сынған
ағаштай сорайып жүрген түрім мынау. Сенің жөнің бір басқа.

«Орнында бар оңалар, орнында жоқ
жоғалар» деген мәтел бар қазақта. Аман болсаң өсесің, өнесің әлі...

-        Айтқаныңыз
келсін, ата, - деді Жанбота елпілдеп.

Мына шалдың қазақша осынша жетік
сөйлегеніне таңырқап тұр.

-        Алдындағы
пақырың - Андрей Петрович - өмірі қабырғасына шыр бітпеген кедей диқан, - деді
шал, - еркек баладан жұрдаймын. Үлкен қызым Нина бұрынғы жылы күйеуге тиіп,
Россияға көшіп кеткен. Кенже қызым Мария қолымда. - Шал қинала күрсінді. - Кемпірім
Анна Михайловна былтыр жазда дүние салды. О, дариға, елу жыл отасқан жұбайыңнан
айрылу жалғанда қиын екен.

-        Қазаның
арты қайырлы болсын,- деп, Жанбота шал көңіліне демеу беріп еді.  Анау мүңая сөйледі.

-        Өзімнің
де денсаулығым бапты емес, меншікті аз ғана жерімді де егіске дұрыс пайдалана
алмай, бір ат, бір сиырыма жетерлік пішен шауып алуға шамам келмей құрып
жүрмін.

Шал мен Жанбота бұдан былай
кездесіп тұратын болып сөз байласты. Қош айтысып, өз жөндеріне кетті.
Айтқандай-ақ, екеуі осы төңіректе бірнеше рет кездесіп жүрді де, ақырында ашына
болып кетті.

Арада бір апта өткенде, өз үйінің
жеміс бағында сөйлесіп отырғанда Андрей қарт Жанботаға бір аталы сөз айтты.

-        Бір
көріскенде білістік, екі көргенде тәп-тәуір таныстық, үшінші көргенде сыр
айтыстық, төртінші көріскенде ашына болып кеттік...

Шалдың жақсы нышанға бастап
әкетіп бара жатқанын сынайынан сезген Жанбота осы тұста бір сөз қосты.

-        Тіпті
туған әкемдей болып кеттіңіз, Андрей аға, мен сіздің жақсы пейліңізге ризамын.
- деді.

-        Жатсынба,
тосырқама, Жанбота, - деді Андрей сәл мұңайып, - екеуміз де басқа жарыған адам
емеспіз, сен менің үйіме кір, бірге тұрайық.

-        Мақұл,
барайын, Андрей аға, - деді Жанбота шын ниетімен, - бірге болайық.

Ертеңіне шал өз ауласындағы бір бөлмелі
бөлек үйді Жанботаға босатып берді. Жанбота оның күнделікті жұмысына
көмектеседі, тамақты бірге ішеді. Шалдың айтқанын қалт еткізбейді. Шаруаның бар
ауыртпашылығы Мария екеуінің мойнында.

Мария шымыр, толық денелі,
аяқ-қолы мәрмәрдан соққан мүсіндей. Бет ажары жарқылдақ сұлу болмағанымен көрер
көзге тартымды да сүйкімді қарша қыз. Шетін желке тұсына үйіріп әкеп, темір
тарақпен бастырған қалың шашы бейне алтынға ұқсайды. Қыз суреті Жанбота
көкірегінде бұдан да әсем, бұдан да жағымды сипат тауып, орнап қалған.

Қүз жақындап қалған. Андрей
үйінің жандары шағын бау-бақша мен аз ғана егіннің жиын-терімін бітіріп, енді қысқы
шаруа қамына кіріскен.

 

* * *

 

Қыс өтті. Келесі көктемнен былай
қарай Андрей Петровичтің науқасы ауырлап, далаға кіріп-шығудан да қалған.

Бір күні кешкісін Жанбота өзінің
баспанасында тыныстап жатыр еді. Алтын шашы жалбырап, қоянша секендеп Мария
жетіп келді.

-        Жанбота,
тұр, сені әкем шақырады, - деді. Салмағын екі  аяғына кезек алмастырып, ырғаландап түр. Көкшіл
үлкен көзінде әлдеқандай мысқылды күлкі ойнайды.

Жанбота басын көтеріп, жайымен
сөз қатты.

-          Неге
шақырды екен?

-          Білмеймін,
 айтқан жоқ, жүрсейші, барған соң   білесің, - деді Мария тықыршып, - жүр
деймін. Бұдан бұрын көзге шалынбаған бір қыз қылығын көрсете жалт етіп шығып
кетті.

Жанбота шапшаң киіне бастады. Қыз
бейнесі қандай сүйкімді. Еркелеуінде де мән бар. Екеуінің мінездері
үйлесіп,  тілдері жарасқан. Бір бақта
жүмыс істейді, бір ыдыстан ас ішеді. Андрей қарияның да Жанбота дегенде шығарда
жаны басқа. ІІІал неге шақырды екен? Әлде мына Мария оған сырын айтып қойды ма?
Әкесінің көзі тірісінде рұқсат сұрады ма екен?

Андрей Петрович Жанботаны көрген
жерден басын көтерді. Екі қолымен төсек ағаштың шетіне таянып отырып:

-        Бері
келші, Жан! Отыршы қасыма, - деп арбиған ағаш төсектің жанындағы жалпақ тоқал
орындықты нұсқады.

Жанбота орындыққа отыра беріп:

-        Хал
қалай, ата? - деп еді,  анау іле-шала:

-        Халдың
несін сұрайсың, шырағым, күнім батуға тақап қалса керек, - деп мұңайды.

-        Мен
саған есім барда сыр айтайын, Жан, - деді Андрей Петрович сәл ширап, - осы
уақытқа дейін реті келмей жүр еді... Менің туған жерім Курск губерниясындағы Валуйск
уезі, Панкино селосы. Туғаннан бері өмірдің жетпіс үш жазы мен қысын өткізіппін.
Ағайын-туыс дегендерден жұрдаймын. Бұл жерге көшіп келгеніме табаны күректей қырық
жыл болды...- Шал осы араға бір аялдап, өткен өмірінің бел-белестерін оймен бір
шолып өтті. Қарқындата жөтеліп, қарлыққан даусын түзеп алды. Аппақ сақал-мұрт
басқан сопақ бетін көстиген күсті алақанымен сыпыра бір сипап өтті. Сөзін
сабақтап алып, баяу сөйлеп кетті.

-        Әуел
баста кедейшіліктің салдарынан қаңғырып келіп едік. Ташкент жері дүниенің
бейіші, тастаған шыбығың лезде мәуелі бақ болып шыға келеді дегенге
қызыққанбыз. Мұнда келген соң да байып кете алмадық. Әйткенмен де, құдайға
шүкір, күн көрісіміз онша жаман да болған жоқ. Меймандос, мейірімді өзбек,
қазақ бауырлардың арасында тұрмыстан тарығып та көрген жоқпыз. Сен орыссың,
кәпірсің деп бетке қаққан біреу жоқ.

Халыққа ризамын... - Андрей қария
осы жерге бір тоқтап, бой түзеп жөнделіп отырды. Сіңіріне ілінген ұзын саусақтарымен
ұйпалақ сақал-мұртын сылап-сипап, бір азырақ тыныстап алды. Өлім халінің тақаған
ауыр дертін ойлап, ышқына күрсінді.

-        Менде
ұл бала жоғын білесің, Жан, - деді шал көзінің шылауын бас бармағының ұшымен
іле сыпырып, - енді мен де дүниеде көп тұрмаспын, балам. - Еңкілдеп жылай
бастады.

-        Олай
демеңіз, ата, - деді Жанбота шал көңілін жұбатқысы келіп, - жазыласыз, ұзақ жасайсыз.
Шалдың жіпсіген тайқы мандайына ыстық алақанын басты.

Байыптап қараса, Андрей Петровичтің
көзінен нұр кеткен екен. Бет-аузы тозған шүберектей құп-қу, сақал-мұрты
сабалақтанып қурап кетіпті.

-        Жоқ,
балам, - деді шал шамырқана тандайын қағып, - осы ауру алады мені.  Бір жыл қолымда тұрып, қызметімде болдың,
ренжіткен жоқсың, ризамын саған. Саған айтатын бірінші өсиетім - мені өз
қолыңнан көм. Қабірім жермен жексен болып құрып кетпесін, басыма жай қара тастан
болса да қалқитып белгі қой, атымды, туған, өлген жылымды қашап жаздыр.

-        Жаман
айтпай жақсы жоқ, өсиетіңізді сөзсіз орындаймын, - деді Жанбота.

Андрей Петрович басы бұлғақтап,
теңселе қозғалды да, шалқалап төсегіне жатты. Сәлден кейін қинала сөйледі.

-        Мен
Мария екеуіңнің өзара ықыластарыңды көптен сезіп жүрмін. Бір-біріңе теңсіңдер,
құптаймын, бақытты болындар, үбірлі-шүбірлі болыңдар...

Жанбота беті нарттай қызарып,
төмен қарай берді. Шал қимылсыз жатқан қалпында сөзін  үстеп жіберді.

-        Тірі
кезімде Мария екеуінді қосып, аз ғана мал-мүлкімді қолдарыңа тапсырсам көңілім
тынар еді. Қөрде тыныш ұйықтар едім. Әй, Мария, қайдасың?

Мария ашық есіктің артында тұрып,
манадан бергі әңгімені түгел естіген.

-        Мен
осындамын, әке, - деп шалдың қасына жетіп келді.

-        Менің
Жанботаға жаңағы айтқандарымды тыңдадың ба сен?- деп шал Марияға сүзіле назар
аударды.

-        Бәрін
де естідім, әке,- деп, Мария шынын айтты. Әйтпесе басынан қайта айтып қиналып
қалады.

-        Айтқаным
сол, мен сендерге шіркеуге барып неке қиғызындар демеймін, молда некесініңде
керегі жоқ сендерге...- Шал зорлана жымиды. - Бір қызық болсын, орыс діні мен
мұсылман дінінің екі арасында делдал болып тұрып қалдындар. Менің берген
батамды адал неке деп есептендер де, тезірек қосылындар.

Жанбота мен Мария толқып үнсіз
отырып қалды. Іздеген бақыттарын тапқандай бір-біріне үнсіз қарасты.

 

           Оныншы тарау

        Жиырмасыншы ғасырдың оныншы жылы
орталанып қалған. Нарботаның Ташкент атырабына келгеніне жылдан асқан. Содан
бері өз әлінше тырбанып, недәуір іс атқарған. Ең әуелі келген бетінде осы
жердің бір ауқатты диқанына жалданып, астықпен жемістің жиын-терімінде білек
сыба-нып жұмыс істеген. Одан қолы босасымен қыс бойына іргелес теміржол станциясынан
пәтер жалдап алып, сондағы орыс мұғалімінен сабақ оқыған. Ана жылы Зиядан алған
азғана орысша білімін молайтқан.

Нарботаның бүйтіп емін-еркін
жүргені - ала қыстай орысша сабақ оқығаны, Ошақты елінен аттанарда Зия беріп
кеткен көп ақшаның арқасы.

Нарботаның түпкілікті тұрағы - Көктеректегі
Жанбота үйі. Ішіп-жемі де солармен бірге. - Тірліктің ендігі рақатын да,
бейнетін де бірге көрейік, өлсек бір шұқырда, тірі жүрсек бір төбеде болайық, -
деп екі бауыр серт айтысқан. Шыршық өзенінің мәуелі атырабында қайтадан бой
көтерген Айназар шаңырағының қос тірегі Жанбота мен Нарбота болғанда, бұл үйдің
құты - Мария Андреевна. Ол Жанботаға тұрмысқа шыққаннан бері осы үйдің бірін
екеу, жартыкешін бүтін етіп, шаруасын шашау шығармайды. Жібектей биязы мінезімен,
мейірбан пейлімен елге де қадірлі, ауыл үй арасына да сыйлы. Мария қазақша
сөйлегенде көршілеріңнің өзін де жаңылдырады.

Нарбота қайнысы дегенде Марияның
шығарда жаны басқа. Бірін-бірі қатты сыйлайды. Бұған былайғы ел қайран қалып,
«мүндай да мейірімді әйел болады екен» десіп, Марияны көтере дәріптейді.

Жанботаның шағын да болса
меншікті үй-жайы бар, бау-бақшасы, екі-үш бас мал тұяғы, жүзге тарта асыранды
құсы бар. Жиын-терімнің қарбалас кезінде әркімге қолма-қол жалданып жұмыс
істегені болмаса, көбінесе өз шаруасымен айналысады. Мария болса, екі жасар
Мейірінің тәрбиесімен от басының, күйбеңінен артылмайды. Екі бірдей
сойда-уыттай жігіттің асын пісіріп, кірін жуып беру, бір жағынан қыруар
қаз-үйрек пен тауықтарды асырау Марияның бір басына аз тауқымет емес қой. Қанша
қиын болса да кейістік білдірмей, тойған қозыдай монтиып жүргені...

Енді жаз бойына орыс мектебінде
оқу болмайды. Нарбота күзге шейін тырбанып тірлік істейді. «Жазғы күннің сапасы
сапырулы қымыздай» дейді. Дені сау, көңілі сергек, қарулы жігіт бір жазда
жылдық үнемін жинап алады. Осы мақсатпен Нарбота да осындағы Байжан деген
ауқатты диқанға жалданған. Бір жақсы жері, Шыршық бойындағы қазақтар шетінен
отырықшы. Бұлар жайлауға көшу дегенді әлдеқашан қойған. Әркім өз киіз үйін
жазда қыстауының іргесіне тігіп қояды. Мұндай орнықты тірлік әсіресе бақшашылық
кәсібіне қолайлы-ақ. Бұл жерді мекендейтін елдер төрт түлік малын орталарынан
бақташы жалдап өрісте бақтырады.

«Ат үйірін сағынса арқанын
шүйіреді» дейді. Жанбота мен Нарбота алыстағы елін, туған жерін аңсайды.

Бір күні кешкісін саяханада шай
ішіп болып, желпініп отырғанда Жанбота ел жайынан сөз қозғады.

-        Біреуіміз
елге барып, тірлігімізді білдіріп қайтсақ қандай жақсы болар еді, Нарбота, сен
бұған қалай қарайсың?- деді.

Нарбота ағасын қостай кетті.

-        Менің
де ойым осы, қайсымыз барсақ та осы жаздан қалмайық.

Жан құмары тасқындап отырған
Жанбота толқынды жұмсақ дауыспен:

-        Елге
құс болып ұшып кетер ем, әттең не керек, қанатым жоқ,- деп, елге өзінің барғысы
келетінін аңғартты.

Ана жылы Жақайдың жылы өтісімен
төркіндері дауласып келіп алып кеткен анасы Жанботаның үш ұйықтаса есінен
кетпейтін. Тірі жүрген шығар деп үміттенетін.  Енді сәті түсіп, ел жаққа бара қалса
Қамажайдың төркін жұртына да соға қайтайын деген ойы бар. Тірі болса шешесімен
табысып, өлсе қабіріне бата оқыса көңілі тынар еді. Бірақ бұл ойын Нарботаға
айтқан жоқ.

Нарбота да сағыныш сезіміне
беріліп кеткен. Бір есептен елге Жанботаның барғанын теріс көріп те отырған
жоқ...

-        Шет
жерде жүргенде кісіге өз елінің қадірі өтеді екен, оның тақыр төбешігін де сағынады
екенсің, - деді.

-        Осыны
Марияны ішімізге алып отырып ақылдасайықшы, - деді Жанбота елендеп. - «Мария  рұқсат бермесе мен бәрібір елге бара алмаймын ғой,
түбінде сен барасың ғой» деген жерін бөліп алып, іркіп қойды. Қайткенмен де
Марияны көндірермін деген үміт үйірілді ішкі са-райына.

-        Қайсымыз
барсақ та тез  жүруіміз керек, - деді
Нарбота, - күзге қалсақ жетуіміз қиын болады.

Елге бару турасындағы сөз осымен
тамам болды.

 

* * *

Осында Жансейіт деген саудагер
бар. Ол жыл сайын жаз ортасы кезінде Арқаға түйемен кіре айдап, ондағы елдерге
кездеме, шай-қант, өрік-мейіз апарып сататын, жүн-жұрқаға, тері-терсекке айырбастайтын.
Әйтеуір, не керек шаш-етектен пайдаға батып қайтатын. Жансейіт Жанботаға көрші,
үй арасында үй жоқ. Марияның әкесі Андрей Петровичтің тірі кезінде де әлденеше
жыл дәм-тұздары араласып, әкей-үкей болып кеткен. Оның бержағында, Жанбота мен
Нарбота арагідік қолдары босай қалғанда Жансейттің шаруасына болысып, ауған
түйенің жүгін басқандай қолғабыс тигізетін.

Жансейіт Арқаға жүру қамына
кіріскен. Тамыз айының орта шенінде аттанбақ ойы бар. Төрт түйеге жүк теңдеп,
қасына қарулы үш жігіт жолдас ертіп, өзі салт атпен бастап алып жүрмек. Қосалқы
серіктікке Жанбота мен Нарботаның біреуін ала кететін болған. Ағайынды екеуі
өзара акылдасқанда елге Жанбота баратын болған. Осы пікірді Жанбота Марияға
айтып еді, ол кішкентай Мейірін бауырына қысып тұрып қинала:

-        Алыс
жолға  бізді қалай қиып тастап кетесің? -
деді.

-        Әйтеуір,
 ниет еткен соң елге барып-ақ қайтайын, мұнда
Нарбота бар, сендерді жүдетпейді, - деді Жанбота.

-        Әй,
білмеймін-ау, - дегенде Марияның қабағына уайым бұлты үйірілді - Алыс жолдың
қауіп-қатері көп болатын еді. Осыны айтты да кіршіксіз аппақ белдемшесінің
шалғайымен көзінің шылауын сүртті. Жұбайына мұңая қарап түрды. Мейір сонда
көкесіне қыңқылдай ұмтылып, мойнынан құшақтай алды.

Мария іштей толғанып алып,
Жанботаны алыс жолдан тоқтату амалын тапқан.

-        Асығатын
не бар, биылша тұра тұрсайшы, - деді ол, - Мейіржан өсіңкіресін, тілі анық
шықсын, еркін жүгіре бастасын...

-        Мен
саған елге не мақсатпен баратынымды ашып айтайын, - деді Жанбота. Осыны айтты
да әуелі құшағындағы Мейірдің бетінен емірене сүйді. - Әкемнің басына зират
орнатамын, тірі болса, баяғыда әкем өлгенде төркіні алып кеткен шешемді іздеп
тауып аламын.

-        Мұны
бұрын неге айтпадың?-деді Мария қынжылып, - заты орыс деп маған сенбедің бе? Шығын
көбейеді деп, жібермей қояды деп ойладың ба?

-        Ондай
ой болған жоқ менде, - деді Жанбота қолайсызданып, - елге барған соң ыңғайына
қарай бірақ көрейін деп едім... Енді сені білсін деп әдейі айтып тұрмын.

Мария Мейірді Жанботаның қолынан
алып, екі қолымен баурына қысты. Екі бетінен алма-кезек шөпілдетіп сүйе берді.
Көзі Жанботада. Көңілі бұзылып көзіне жас толды.

-        Қайтейін,
еліңе барып қайт, тек аман бол, - деді.

-        Мұнда
сендер аман болындар,- деді Жанбота,- қуанышпен қауышайық.

-        Сендер
елге барып жеткенше, қайта айналып келгенше кім бар, кім жоқ. - Мария
көкірегіне ұялаған уайымдылық еткізді.

-        Олай
деме, Мария, - деді Жанбота ішкі толқынысын білдірмей,- мен елге барып келгенше
тауығының бір балапаны да шығын болмайды.

-        Лайым
айтқаның келсін, ойдағы-қырдағымызға кілең

жақсылық болсын,- деп, Мария қабағын
ашты.

 

* * *

 

Жанбота Жансейіттермен бірге
еліне баруға бел байлап, жол даярлығына қауырт кіріскен. Жұрт көзіне жұтаң
көрініп қалмайын деп, бір-бір қабат киім-кешегін де жаңартып алған.

Күн кешкіріп қалған. Жер жүзіне
қаракөлеңке жайылған. Әбдікәрім мұғалім Нарботаны шақыртып бала жіберіпті. Екі
қыстақтың арасы үш шақырымдай жер. Нарбота асығыс келсе Әбдікәрім шағын аулада
- үстін киіз үйдің төбесі тәріздендіріп жүзімдікпен дөңгөлете торлаған
саяханадағы биік сәкідегі төсегінде шалқасынан киімшең жатыр екен. Нарботаны
көргенде басын көтеріп, тіктеліп отырды. Екі құс жастықты тік қатарлап қойып,
соған сүйене берген. Өңі жүдеу, көзі үңірейіп кеткен. Әйткенмен, Нарботаның бұдан
бұрын әлденеше келіп кеткенде көргендегі қалпы өзгеріп, едәуір тыңайып қалыпты.

Нарбота Әбдікәрімге иіліп сәлем
берді. Анау екі қолын кеудесіне айқастырып қойып, ақжарқын шырайынан мейірім төге:

-        Хош
келдің, қарағым, қасыма отыршы, - деді.

Нарбота сәкінің шетіне ырғып шығып,
Әбдікәрімнің төсегіне жанаса отырды.

Әбдікәрім ұстарамен типылдап қырған
жалтыр басын бір сипап өтті де, тұқыл иегін сәл көтеріп, ойланып қалды.

-        Келгенің
жақсы болды ғой, - деді ол даусын созып.

-        Еркін
отырып бір сөйлесейікші.

-        Денсаулық
жағдайыңыз қалай, аға?

-        Шүкір,
әжептәуір түзеліп қалдым, тамаққа да зауқым жақсы, көңілім де сергек...

-        Сауыққаныңыз
жақсы болды ғой.

-        Менің
немен ауырғанымды сен білмейсің ғой, - деді Әбдікәрім соны айтуға әдейі
шақырғандай-ақ.

-        Қандай
ауру?

-        Құяңның
қайдағы бір ауыр түрі... Оның үстіне өкпеме суық тигізіп қалып. Ол екеуі  аз болғандай асқазанға кінәрат жабысты. Дер кезінде
емделмегенде әлдеқашан бұл дүниемен қоштасатын едім.

-        «Ауруын
елемеген өледі, дауды елемеген төлейді» деген нақыл тегін айтылмаган ғой...

Мақалдап сөйлегеніне қарағанда
мына Нарбота халықтың қасиетін жанымен ұққан жайсаң жігіт екен деген ой келді
Әбдікәрімге.

-        Ауруынан
сауыққанда кісі зерігеді екен, - деді Әбдікәрім толқынып, - сырласып көңіл
ашатын адам да жоқ осында. Сөз тындаушы толып жатыр, бірақ сөзіңе маңызды жауап
қайтарып, салиқалы пікір қосатын адам табыла бермейді.

Әбдікәрім түйдек-түйдегімен
маңыздандыра сөйледі де, Нарботаны тағы да бір мәрте анықтап көріп алғысы
келіп, тына қалды. Оның түлежіген  ақ-сары
жүзіне күлімсірей қарады.

Әбдікәрімнің осынау күлкі ойнаған
жадау шырайында терең сыр бар екенін Нарбота оның жаңағы сөз төркінінен қапысыз
таныған. «Мен де сізді сөзге қайбір жарыта қояр екем»- дей жаздап, кейітіп
алармын деп, бой тартқан.  Ең жақсысы осы
кісінің ыңғайына еріп, ырқына көне берген.

-        Сен
бүлдіршіндей көрікті жігітсің, - деді Әбдікәрім Нарботаға бетін түзеп, - менің
байқауымша ақылдан да кенде емессің. «Түсі игіден түңілме» дейді. Менің ішімде
шер де көп, сыр да көп. Солардың бір азын бөліп алшы, айналайын. Жеңілденіп
қалайын.

-        Мен
сіздің құзырыңыздамын, аға.

-        Мен
саған ең алдымен өз өмірімнің мұңлы хикаясын баян етейін, - деді Әбдікәрім
шерменде жанның кейпіне кіріп,- өткен күндеріңді әр кезде еске алсаң, бүгінгі
өміріңнің бағдарынан жаңылмайсың, келешек тірлігіңе жол табасың...

Әбдікәрім өткен күндерін еске
алды. Ол осыдан отыз екі жыл бұрын Ақмешіт қаласында туыпты. Әкесі Досымбет жасынан
арбакеш болып күнін көрген момын кісі екен, елуден асқанда сүзектен өліпті.
Әбдікәрім әкесінен тоғыз жасында қалыпты. Шешесі Жамал пысық әйел болса керек.
Қала байларының отын жағып, кірін жуып, Әбдікәрімді еңбегімен асырапты.

-        Жасымда
қандай қиыншылық көргенімді, қалай өскенімді түгел айтып, басынды қатырмай-ақ қояйын,-
деді Әбдікәрім серпіле, - енді он екі жасқа келгенде зордың күшімен оқуға
түсейін де, Ақмешіттегі бастауыш мұсылман мектебін тауысайын. Содан кейін Алланың
әмірі бойынша топалаң тоғыз жыл бойына істемеген кәсібім қалмасын. Әкемнің
жолын куып арбакеш те болайын, байлардың малын бағайын, пішенін шабайын...
Сонымен не керек, жиырма бес жасымда, құдай тілеуін бергір Зейнолла деген кедей
татарға еріп, Уфа шаһарынан бір-ақ шығайын. Сен Уфаны көрген жоқсың ғой,
Нарбота!

-        Қайдан
көрейін, - деді Нарбота өкінішті пішінмен,- мен Уфаны Зия ағамның айтуынан ғана
білемін.

-        Уфа
- Зияның туған жері, менің ұзақ уақыт тұрған жерім, - деді Әбдікәрім
шабыттанып, - менің білуімше, бұл шаһар Ресейдегі барша мұсылмандардың Меккесі
тәрізді. Қадіми ескі дін оқуы да, жаңалықты жадит оқуы да сол жерде.  Менің бес жыл өмірім Уфада өтті. Ғалия медресесінде
оқыдым, алғашқы махаббат дауасын да сол шаһарда бастан кешірдім. Әбдікәрім
осыны айтып кілт тоқтап, кеудесін кере ауыр күрсінді.

-        Сен
сүйікті шаһар, алғашқы махаббат дегеннің не екенін білесің бе?- Әбдікәрім
Нарботаға тікелей сұрақ қойды. Бұл да өмір емтиханының бір елеулі тармағы екен
деп, Нарбота іштей толганған.

-        Мен
шаһарда тұрып көрген жоқпын ғой,  аға, -
деді ол саспай, - махаббатты да бастан кешірген жан емеспін.

-        Мен
осы екеуінің де қызығын көріп, машақатын тартқан адаммын. Мен саған бір мысал
айтайын. Таудан мың бұлақ тарайды. Солардың бәрі де өзенге, көлге жол шегеді.
Амал қанша, сол бұлақтардың бәрі бірдей көздеген жерлеріне жете бермейді, қайсы
біреулері жолшыбай шүңғыл шұқанақтарға, терең сайларға кездесіп, құмға сіңіп,
су аяғы құрдымға айналады. Пайымдап қарасақ адамдар өмірі де осы секілді!

Нарботаның сезімі тасқындап,
көңілі шалқып кеткен.

-        Ұққан
кісіге осы сөзіңіз үлкен ғибрат екен, - деді.

Әбдікәрім сөз тақырыбын кенет
өзгертіп жіберді.

-        Қалың
қалай, Нарбота?

-        Қал
жақсы, тамақ тоқ, киім бүтін...

-        Тамақтың
тоқтығы, киімнің бүтіндігі жанға пайда, - деді Әбдікәрім ширатыла, - ұшқан құс,
жүгірген аң бәрі де өйтіп-бүйтіп тамақ асырайды, басына пана табады. Ал адам
тамақ пен киімді ғана қанағат тұтпауға тиіс. - Сәл бөгеліп барып, ыңырана сөзін
жалғады. - Адам ақылмен, мимен ойлап әрекет істейді, дүниедегі барлық
болмыстарды айқын пайымдайды, белгілі бір мұрат-мақсатқа ұмтылады, соған жету
жолында не түрлі қиындықпен алысады, жеңеді. Адамның хайуаннан алшақ айырмашылығы
да осында...

-        Бұл
сөзіңіз де маған үлкен қағида болды,- деді Нарбота сүйсініп.

-        Зия
ұстазыңнан не хабар бар?- деді Әбдікәрім.

-        Ол
кісіден хабар болмай кетті ғой, - деді Нарбота елендеп, - хат жазуға қай жерде
жүргенін де білмеймін.

Әбдікәрім кінәмшіл кейіппен мырс
етті.

-        Тегі,
жігіт, сен де ептеп өтірік айтады екенсің,- деді. Оның бұл оспағы Нарботаның
өңменіне ине қармақтай қадалды.

-        Ағатай-ау,
мен қашан өтірік айтыппын, - деді шыжбалақтап.

Әбдікәрімнің сайқымазағы
Нарботаның шамына тиді. Кеңірдегіне бір кесек зат тұрып қалғандай үні бітіп,
көзіне жас толды. Шашала жөтеліп, тынысын кеңейтіп алды да:

-        Бүйтіп
тәлкек қылсаңыз, онда мен кетейін, - деді.

-          Сен
ешқайда  кетпейсің.

Нарбота енді Әбдікәрімнің әлгі
теріс қақпай оспағын оның өзіне бағыттап:

-          Менің
сізге не керегім бар?- деді.

Әбдікәрім тіктеліп, жинақтала
отырды. Оң алақанымен көзін көлегейлеп, айналаға сақтана қарап өтті.

-          Сен
маған серік боласың, Нарбота, - деді ол өктем раймен. - Мұны да маған Зия
айтқан.

- Осы сіз қайдағы Зияны айтып
отырсыз?

Әбдікәрім терең сырлы әлпетпен
мырс етіп:

-          Көрсетсем
Зияны танисың ба?- деді.

Нарбота тіксініп қалды.

-          Неге
танымаймын?..

Әбдікәрім үнсіз отырып қалды.
Нарбота байқаса оның көз нұры сыртқа теуіп, терісі сүйегіне жабысқан сұрқай
сопақ бетіне жұқалтаң қан жүгіріпті. Ол керіліп-созылып алды да, көнтек аузын
аңқайта ашып, рақаттана есінеді. Төсегінің шетіне қолын жүгіртіп, бір парақ ақ
қағазды суырып алды.

- Мә, көр мынаны,- деп, Нарботаға
суретті ұсына берді.

Нарбота суретті шапшаң қармап
алып, құмарлана көре бастады. Бет-аузын қалың түк басқан, басына миығына түсіре
құлақшын киген, үстіндегі аю терісі тәрізді жалбыр тонының сыртынан айқыш-ұйқыш
шандып тастаған адамды көргенде есі кетіп, қайран қалды. Зияны Нарбота көзінен,
бет пішінінен әрең таныды.

-        Мынау
Зия ғой, - дегенде Нарботаның даусы толқынданып шықты. Суретті бетіне басып
аз-кем тынып қалды да, әлдеқандай әсерлі әлпетпен қолын созып, Әбдікәрімге
қайырып берді.

-        Осы
суретті алғаннан кейін көңілім сергіп кетті,- деді Әбдікәрім күлімдеп. - Мына
қарашы, «сүйікті досым Әбдікәрімге ғұмырлық жәдігер» деп жазыпты сыртына.

-        Бұл
суретті сізге кім әкеп берді? - деп сұрады Нарбота байыз таппай.

-        Суретті
қоя тұршы, - деді Әбдікәрім одан да маңыздырақ әңгімесі барын аңғарта. - Сен
Зияны жанындай жақсы көресің бе?

-        Жақсы
көргенді айтасыз, егер қажет болса Зия ағамның жолына жанымды қиюға да бармын.

-        Сертіне
берік адам сенімді серік болуға да жарайды, - деді де Әбдікәрім айтайын деген
негізгі пікірін келтесінен қиып тастады.

-        Байқаймын,
сіз менен сақтана бересіз, бір сөздің шетін шығарасыз да, үзіп тастайсыз,- деді
Нарбота.

-        Мен
саған сенем ғой, - деді Әбдікәрім тұрлаулы пішінмен. - Жастығының астынан екі
бүктеулі қағазды алып, Нарботаға берді.- Мә, Зия ағаңның жағдайымен таныс.

Нарбота қағазды алақанына жайып
қойып, ішінен оқи бастады. «Ардақты досым Әбдікәрімге алыстағы Зиядан дұғай
сәлем. Сау-сәлемет жүрсің бе? Менен хабар білмек болсаң, Саха (Якут) елінің
терістік жақ шетінде, мұз мүхитының ызғарлы өтінде жүріп жатырмын. Денім сау,
шыбын жан орнында. Бұл жерге не үшін жіберілгенім өзіңе мағлүм болса керек.
Кесімді мерзімі төрт жыл еді, соның екі жылы ғана өтті. Ажалдан аулақ болсам туған
елге қайтармын, көрген-білгендерімді туыстарға жырдай ғып айтармын.

Сенің жағдайың маған мағлұм емес.
Нарбота деген жас жігітті саған әдейі жіберіп едім, іздеп барып сені тапқан шығар.
Канатыңның астына алып, қыранның тас түлегіндей баулып өсір. Түбінде сенің
сенімді серігің сол болады.

Тұрган жерлеріңнің ауа райы
қуаңшылық қой. Ол жерге алла тағаланың өзі бермеген рахмат жаңбырын сендер
жаудыра алмайсындар. Әзірше таң алдындағы қалың шық ылғалының өзімен-ақ қураған
өсімдіктерді көректендіре беріндер. Қазіргі бейнеті мол, түбінде рақаты көп бұл
қиын еңбекке менің шәкіртім Нарбота да білегін сыбанып аралассын. Сендер ол
жігіттің қыбын тауып, игі іске дұрыс пайдалана біліндер.

Қаһарлы қыс өтер, көктем келер, жарқырап
жаз шығар. Сонда тіпті мұз мұхитыныңда көбесі сөгілер. Мен осыған иманымдай
сенемін. Мен сендердің диқандарыңның арасында болмасам да, мені Нарбота бауырым
жоқтатпас де-ген сенімдемін. Егер ол жігіт сендердің үміттерінді ақтап, ойлаған
жерлеріңнен шықса, өліп кетсем де арманым болмас еді.

Мен Нарботаға білімнің де,
өмірдің де әліпбиін үйретіп едім, енді оны биік белеске шығару сенің маған
деген достық қарызың болсын.

Мұнда біз де босқа қарап жатқан
жоқпыз. «Егіннің ебін білетін», сол себептен осы өлкеге көшіп келген кәсіпкер
шаруалар бар. Солардың басшылығында шамалап арпа-бидай, көк жеміс ектік.
Үйренген тәжірибемді елге барганда кеңінен қолданып, егіс көлемін молайтармын
деген үміттемін.

Досың Зия, 1910 жыл. Июнь.

- Бұл хатты сіз қашан алдыңыз? -
деп сұрады Нарбота.

-        Мұны
маған Зияның тұрған жерінен келген бір кісі әкеп берді.

-        Қандай
кісі?

Әбдікәрім жымың етті.

-        Өзіміз
сияқты кісі...

-        Ондай
құпия кісі болса айтпай-ақ қойыңыз, - деді Нарбота тамаққа өкпелеген балаша
бұртындап.

-        Ол
кісімен кейін өзіңді таныстырамын.

-        Оған
да шыдайын.

-        Сен
маған қолғанат боласың ба?- Мұны айтқанда Әбдікәрімнің шүңірек көзінен бір ұшқын
жалт етіп өтті.

-        Қандай
іске жұмсасаңыз да дайынмын.

Әбдікәрім ширыға сөйледі.

-        Жоқ
жерде науқастанып қалып, қанаты қиылған құстай болдым... Әйтпегенде...

-        Деніңіз
сау болғанда не істер едіңіз?

-        Езілген
нашарлардың көзін ашар едім, - деді Әбдікәрім. Одан кейінгі айтайын дегенін
ішіне бүгіп қалды. Көкірегінде тұнып жатқан алуан сырлары бардай-ақ қобалжып,
тұнжырай қалды. «Қиялың шабан екен, менің тұспалыма түсінбей отырсың ғой»
дегендей, Нарботаға назырқана қарап қойды.

Нарбота өз ойымен әуре. Зия жазған
хаттың астарынан әлде бір терең мағыналы жайттар қылтиып тұрғандай болады. Мына
Әбдікәрімнің бүгінгі сөз әлпеті де осы хатқа үйлесіп жатыр. Енді сырласқысы
келсе жұмбақтамай-ақ ойындағысын ашық айта бермей ме?

-        Өзіңізге
серік болуға жарайды деп маған сенсеңіз, ойдағыңызды ашып айтыңыз, аға, - деді
Нарбота. Жас жігітті қомсыныңқырап отырған Әбдікәрім осы арада сөзден
жеңілгенін сезіп:

-        Мен
сенен сыр жасырып отырған жоқпын, қарағым, әр нәрсеге сабырлылық керек, - деді.

-        Мақүл,
ендеше.

-        Осы
үйдің иесі Зүлайха апай бақпағанда, дәрігер емдемегенде мен әлдеқашан қара
жердің қойнында жатқан болар едім, - деді Әбдікәрім қабағы жадырап, - көзге
көрінбейтін, дүниеде тұрақты мекені жоқ құдайды мен білмеймін. Менің дүниедегі
табынатын тәңірім - Тихон дәрігер мен Зұлайха апай.

Нарбота Зұлайханың қолынан талай
дәм ішкен. Ал Тихон дәрігердің атын естіп тұрғаны осы.

-        Тихон
дәрігеріңіз кім, аға? Қай жерде тұрады?- деп сұрады.

Тихон Иванович Алпатов Ташкентте
тұрады.. Өзі іш ауруларды қарайтын бес аспап дәрігер.Мені де сол кісі емдеп
сауықтырды.

Әбдікәрім Тихон жайындағы сөзді
көбейтпей, сырғақтай есірді. Мұны байқап қалған Нарбота да сөз сарынын басқа жаққа
тез бұрып жіберді.

-        Зұлайха
апай қайда кеткен?-деді.

Мана таңертең Ташкенттегі қызына
кетіп еді, енді көп ұзамай келіп те қалар.

-        Зия
менің қамқоршым еді, ол қазір алыста жүр, - деді Әбдікәрім сәл үнсіздіктен
кейін, - ағаң жоқта сен менің қолғанатым бол, Нарбота.

-        Сізге
қолғанат болуға жарасам, маған одан артық не керек. - Нарбота Әбдікәрімнің ыңғайына
бейімделе берді. Әйтеуір, айнала бір қиын жұмбақ, шытырман тұспал. Өзі ашып
айтпаса Әбдікәрімнің түпкі мақсатын біліп отырған Нарбота жоқ. Қалай дегенмен
де түбінде бір игі жақсылыққа бастайтын шығар деген жорамалға тоқырай берген.

-        Сен
Зияның хатындағы астарлы сөздерге түсіндің бе?

Әбдікәрімнің бұл сұрағында үлкен
мән бар екенін Нарбота қапысыз аңғарды да:

-        Зия
ағам сізге жарлы-жалшылардың көзін аш, халық арасына білім-өнер тарат деп отырған
жоқ па? - деді.

Әбдікәрім кеудесін кере ұмтылып
келіп:

-        Жігіт
екенсің, маган серік болуға жарайды екенсің,- деп, әлсіз қолымен Нарботаны арқаға
қақты. Орнына шегініп барып, шалқая отырды.

Осы сәтте Нарбота ыстық сезімге
беріліп кеткен. Мына жадау жүзді, шүңірек көз, аққұба жігіт оған өзінің сүйікті
бауыры Зиядай көрінді. Тіпті Әбдікәрім мен Зияның бейнесі тұтасып, сом тұлғалы
бір керемет адамға айналып кеткендей болды. Бұл енді не айтар екен? Айналып
келгенде сөз аужайы неменеге саяр екен?

Әбдікәрім біреу естіп қалмасын
дегендей сақтана сөйледі.

-        Тихонмен
екеуміздің арамызда дәнекер боласың.

-        Ашыңқырап
айтсаңыз.

-        Ашып
айтқанда, біз Тихон екеуміз сенің Зия ағаңның аманатын орындауға қарекет істейміз,
сен бізге көмектесесің, екі арамызда хабаршы боласың.

-        Халық
арасына оқу-білім таратасыздар ма?

-        Бұл
да болады, одан басқа қиынырақ істер де бар.

-        Ол
қандай істер?

-        Біз
ел арасына бостандық ұранын таратамыз, кедей-жалшылардың көзін ашамыз. Бұл
туралы Зия аға саған ештеңе айтқан жоқ па еді?

Нарбота еркін кетті.

-        Алдымызда
әділдік, бостандық заман келеді, ондай күн енді онша алыс емес деп еді Зия ағам,
- деді.

-        Ендеше,
сол заманды жақындатуға бәріміз де шама келгенше кызмет істеуіміз керек.

-        Қайда
болса да сізбен бірге боламын.

-        Менің
жалған атым - Арша, - деді Әбдікәрім даусын соза, - ал енді сенің жалған атың
соған ұйқас Алша болсын... Жалған аттың не үшін керек екенін білесің бе сен?

Нарбота, әйтеуір, жобасы осы
болар деген жорамалмен:

-        Өзіңіз
айтқан қызметті білдіріп алмау үшін керек шығар, - деді.

-        Үстінен
дәл түспесең де, шамаң дұрыс. Үйренесің, жаттығасың, - деді Әбдікәрім сәлден
кейін, - ең әуелі Тихонға барып танысып қайт.Сосын оған менің хат-хабарымды
жеткізіп тұрасың, одан хат-хабар әкелесің... Сөйте-сөйте үйренесің.

-        Үйреніп
кетем ғой.

-        Есіңде
болсын, Тихонның жалған аты - Алтай.

Нарбота жалған аттарды бажайлап
айтты.

-        Сіздің
атыңыз - Арша, менің атым - Алша, Тихонның аты - Алтай...

Әбдікәрім ізгілікке толы шүңірек
қара көзін сығырайтып, толқынды сезім әуезімен:

-        Сезімтал
жігіт екенсің, осы бетіңнен тайма,- деді.

-        Сіздің
айтқандарыңызды бұлжытпай атқаруға тырысармын, аға.

-        Сапарың
сәтті болсын, Алша! Кедей-жалшыладың бостандығы жолындағы еңбегің жемісті
болсын. Әкелші қолды.

Екеуі бір-біріне ішкі ыстық
сезімдерін үнсіз таныта қол алысты.

Арада екі күн өткен. Нарбота
Ташкентке шаңқай түс мезгілінде келген, Әбдікәрімнің сілтеуімен Тихонды оңай
тапты. Ол кісі темір жол станциясының шағын емханасында дәрігер екен. Нарбота
емделуге келген ауру адамдармен бірге дәлізде күтіп отырды да, кезегі жеткенде
рұқсат сұрап, дәрігер бөлмесіне кірді.

Басына ақ шүберек тақия, үстіне
ұзын етек ақ шапан киген, тығыз денелі, қалың мұртты, қырма сақал, орта бойлы,
істік мұрын, шегір сары кісі Нарботаға бас изеп селқос амандасты.

-        Қай
жеріңіз ауырады? -деп сұрады таза қазақша. Нарбота қуанып кетті. Мына
дәрігердің өзі қазақша сайрап тұр ғой, еркін сөйлесуге жақсы болды ғой.

Нарбота енді Әбдікәрім ұғындырып
жіберген әрекетті бастады.

-        Алтайға
Аршадан дұғай сәлем!..

-        Сәлемет
болсын, -деді дәрігер елеусіз жымың етіп, -    сен
кімсің?

-        Менің
атым - Алша, - деді Нарбота дәрігердің бетіне жалт-жалт қарап. - Арша мен
Алтайдың арасындагы хабаршымын...

Бүйірдегі дәрі-дәрмек бөлмесінің
есігін ашып өзі кірді де, Нарботаны қолымен ымдап шақырып алды.

-        Арша
маған не айтты?- деп сұрады.

-        Науқасымнан
сауықтым, енді іске кірісуге әзірмін, - деді.

-        Одан
басқа не айтты?

-        Сізге
берген хаты бар еді,- деп, Нарбота өзбекі көк ала шапанның сыртына буынған жалпақ
шүберек белбеуінің мықын тұсынан шетін желімдеген шаршы қағазды алып берді.

Тихон ол қағазды ашпай-ақ
шапанының омырау қалтасына салып қойды.

-        Сен
маған кешке жақын бір айналып соқ, жарай ма?-деді Тихон. - Аршаға хат жазып
қояйын. Саған айтатын сөздерім бар. Осы жерде күтемін.

-        Мен
онда базар аралайын, бір жерден тамақтанып алайын. Сосын сізге кешке таман
келейін.

-        Байқа,
жігіт!- деді дәрігер оң қолының сұқ саусағын шошаң еткізіп.- Абайсызда біреуге
сыр білдіріп алма.

-        Ондайға
мен сақпын, алаң болмаңыз. Тихон күлім қағып Нарботаның қолын қысты.

-        Кешке
шейін аман бол...

-        Сіз
де аман болыңыз.

Нарбота аяғын жымып басып шығып
кетті. Дәлізде кезек күтіп отырғандардың біреуі дүрсе қоя берді.

-        Дәрігер
сені ұзақ ұстады ғой, немене сонша?  Нарбота оған үн қатпай, бетіне де қарамай кете
берді. Нарбота кешке таман айналып келсе Тихон бөлмесінде тосып отыр екен.
Дөңестене біткен тарлан мұртын бас бармағының ұшымен сыпыра сылап қойып,
қысыңқы шегір көзі күлімдеп, кеңілді пішінмен қарсы алды.

Күміс құтыдан мәнерлі сапты аяққа
шербет құйып берді.

- Шөлдеген шығарсың, мынаны іше ғой,
- деді.

Нарбота ыстықтап, сусап келіп
еді, сапты аяқтағы тәтті суды қағып салды.

- Бар  мәселелерді мына хатқа жаздым, - деді Тихон
маңғаздана,- мә, конвертті бешпентіңнің ішкі қалтасына салып ал, жоғалтпа.

Нарбота үн қатпай қоңыр конвертті
қара бешпентінің ішкі төс қалтасына тығып жіберді.

- Аршаға айт, денсаулығым жақсы,
тамаққа тәбетім күшті, азық-түлігім мол деп айтты де, ұқтың ба?

- Ұқтым, айтамын...

- Теміржол базарында да, қала ішінде
де саудамыз өнімді болып тұр, пайдамыз көп деп айтты де. Ұқтың ба?

- Ұқтым, айтайын.

- Жолбарыс жақында пойызбен
Орынборға барып қайтты, жанымызға керекті көп нәрсе әкелді деп айтты де. Ұқтың
ба?

- Ұқтым, айтайын.

-        Менің
жаңағы айтқандарымды қайта айтып берші.

Нарбота Тихонның жаңағы
айтқандарын ішіне түйіп алған. ІІІамалы ой толғап алды да, қайта айтып берді.
Тихон жүзі гүл-гүл жайнап, құлдыраңдап кетті.

-        Жарайсың,
Алша! Сен бізге серік болуға лайық в жігіт екенсің, - деді сүйсініп. - Орыс
тіліне қалай едің?

-        Орыс
тіліне әзір шорқақпын, - деді Нарбота, - талаптанып үйреніп кетем ғой.

-        Орыс
тілін білсең қор болмайсың, - деді Тихон,- мен саған сәт тілеймін.

Екеуі қош айтысты.

 

       Он бірінші тарау

      Жанбота кірекештерге ілесіп, алыс
сапарға аттанған. Жолдары оңғарылса Жансейіттер әрі кеткенде екі айда қайта
айналып келеміз деген. Оған шейін Нарбота мұнда екі қолының күшімен тырбанып
қаражат табады, алдағы қыстағы орысша оқуына қамданады, Жанботаның келіншегі
мен кішкентай баласын асырайды.

Биыл Арқада қыс жақсы болып, қар
ерте кеткен. Бетпақ даланың теріскей беткейін қапталдай мекендеген қалың ел жылт
етіп көктем шығысымен,  Арқа төскейіне
қарай ұзап көшіп кеткен.

Жансейіттер құнарлы қоныс, шүйгін
жайлау қуалап алыстап кеткен елдің ізіне түсіп, ұзақ жол шекті. Ел шетіне
жетуге түйе аяңмен екі күндік жер қалғанда, мидай далада он кісі жау кездесіп,
кірекештерді түк қоймай тонап алды. Өздерін жаяу шұбыртып қоя берді. Бұлар енді
жандарын олжа көріп, әупіріммен ілгергі ел шетіне әрең ілікті. Ызғыған Тама,
Тарақты елінде Жансейіттің ашыналары көп екен. Бұдан бұрын талай келіп
қайтқанда алыс-берісі, сауда-саттығы араласып, дәмдес болған дәулетті адамдарға
бұлар тастай батып, судай сіңді де кетті. Жансейіттің өзі де, қасындағы еріп
келген жігіттері де тез естерін жиып, тынығып, сайланып алған. Бұлармен бірге
Жанботаның да күйі жақсарып, көңілі бір демдеп алып еді. Тек өз еліне жете алмай,
орта жолда жаяу қалғанына өкінеді. Осы елмен үйренісіп, білісіп алған соң бір
жөнін тауып, ілгергі еліме жетермін деген үміттен де безбейді.

Ел ішінде шүйіркелесіп, жөн
сұрағандарға Жанбота шынын айтпайды. Ташкент түбіндегі Қаңлы деген елдің баласымын.
Жансейіт саудагердің атқосшысымын дейді. Шынын айтса, қарға тамырлы қазақтың
біреуі болмаса, біреуі біліп қалар, Жанысбайдың ана жылғы қасқыр талап өлтірді
деген қойшысы тірі екен, қашып-пысып жүр екен деген бөстекі сөз көбейер деген
оймен жөнін әдейі жасырады.

Бұл елден Жанысбайдың бірен-саран
жекжаттары да табылды. Жанбота мұны шағын дәулетті бір шалдың үйінде қымыз ішіп
отырғанда білген. Сақалдары сапсиған екі шал өзара қызды-қызды сөйлесіп отырып,
сөз арасында Жанботаның елін, Жанысбайды ауызға алды.

-        Жанысбайдың
шаңырағы құрып кетті, - деді қаба сақалды сұқсыр қара шал қамыға, - артында тұяқ
та қалмады.

-        Жанысбай
саған құда еді ғой, - деді қоңқақ мұрын, ала кез, ақ бұжыр шал.

-        Иә,
менің Нәуетек апамның қайнысы еді. Ол апам өлгелі қашан. Қара жер хабар
бермесін, Жанысбай мінезі қатты кісі еді. ЬІрқыма көнбедің деп, жесір келінін ұрып
елтірді. Бір туысының жетім баласына қой бақтырып, ит қорлық көрсетіп, ақырында
оны қасқыр талап өлтірді. Әлгі жесір келінінің баласы Жанысбай өлген күні елден
қашып кетіпті. Оның қайда кеткені, өлі-тірісі осы күнге шейін мәлімсіз.
Жанысбайдың өзі де жынданып өлді.

-        Өлген
кісіні ғайбаттап қайтесің, - деді екінші шал, - иманы жолдас болсын...

-        Ғайбаттамаймын,
құдай сақтасын, - деді сұқсыр қара, -        дүниедегі
қысастық ақыретке кетпейді деген рас екен...

-        Бәрінен
де құдаңның артында тұяқ қалмағаны қиын болған екен.

-        Өздері
Андағай руынан отыз шақты шаңырақ еді, -      деді
сұқсыр қара Жанботаға көзінің астымен қарап қойып, - түптер, Кіші жүз
Жағалбайлы екен. Арғы аталары баяғыда, бір қиыншылық жылда Жайықтан Арқаға
көшіп келіпті. Сондағы бір пысық туыстары былтыр алыстан ат сабылтып іздеп
келіп, Андағай тұқымын түк көтеріп көшіріп әкетті.

Осы тұста Жанбота сұқсыр қараға
назар аударып, сөзге араласты.

-        Сіздер
айтқанда есіме түскені, сол Андағай руында менің әкемнің қарындасы бар еді.
Әйтеуір, осы жаққа бір келіп қалған соң барып қайтсам қайтеді деп екі ойлы
болып жүр едім. Олардың көшкенін анық білесіз бе?

-        Ит
арқасы қияндағы Ташкенттен сенің апаң ол елге қалай барды екен? - деп, ақбұжыр
шал тамсанып тандайын сылп еткізді.

Жанбота мұныңда дәлелін тапты.

-        Бір
кезде Арқадан Ташкентке кіре айдап барған бір жігіт менің апамды ақшаға сатып
әкетіпті, - деді.

-        Ол
елдің Жайыққа көшіп кеткенін басындағы бөркіндей көр, - деді сұқсыр қара шал, -
апанды іздеп кетіп қалмағаның жақсы болған, көшкен жұрттарын сипалап қалатын
едің.

Әңгіме осымен тынды. Ақбұжыр шал
қымызға тойып алып, үйіне кетті. Жанбота осы үйде жалғыз қалды. Үй иесі сұқсыр
қара шал жантайып жатып қор ете қалды. Жанбота ойға батты. Енді не істеу керек?
Жансейіт осы елдегі бай таныстарынан несиеге білдей төрт ат алып, қасындағы үш
серігімен бұрнағы күні Ташкентке қайтып кеткен. Жанбота, әйтеуір, бір бет алып жолға
шыққан соң неде болса еліме барып қайтайын, нағашыларымды іздеп табайын деп,
Нарбота мен Марияға сәлем айтып, қалып қойған. Елінің Жайыққа көшіп кеткенін
сәл бұрынырақ білсе, Жансейіттермен бірге үйіне қайтып кетпей ме?

Енді бұл елде жүмыс істеп қаражат
табатын берекелі жер де жоқ. Мұндағы ел диқаншылықты атымен білмейді, кілең мал
өсіреді. Әлдебір бай адамға жалданса ақысына арық-тұрақ мал береді. Бейнеттеніп
тапқан малын семіртіп сата қоятын жақын жерде қала да жоқ. Жанбота енді қайда
барады? Не кәсіп істейді? Жер ортасы көк төбеде жалғыз қалғандай дағдарды
жігіт.

Енді шешесінің төркіндерін іздеп
табудан басқа лажы қалмады. Шамалағанда нағашы жұрты осы елден онша қашық
болмауға тиіс. Руы Шұбыртпалы болса керек еді. Нағашысының аты Сейсенбек екені
де есінде. Әркімдерден сұрастырып көріп еді, бұл елде Сейсенбекті білетін
құдандалылар да табылып қалды. Сейсенбектің елі осы арадан атты адамға түстік
жол - Айнабұлақ деген жерде екен.

Жанбота ертеңіне таңсәріден тұрды
да екі етегін беліне түріп алып, ел сілтеген жөн-жобамен Айнабұлаққа жаяу жүріп
кетті.

Бозторғай да шарлай-шарлай Меккеге
барыпты дейді. Жанбота жаны қысылғанда шарқ ұрып іздеп жүріп, нағашысын тапты.
Ол айтылмыш ауылға кештетіп жеткен. Иірім-иірім бастау бұлақты айнала қонған
ақбоз ордалары, қоңыр, қара үйлері аралас ауылдар көрген жерден көзіне жылы ұшырап
кетті.

Сейсенбектің үйі терең сайдың
қабағына жағалай қонған екі ауылдың аржағында жалғыз екен. Сұрай-сұрай келсе,
шот мандай, таңқы мұрын, тапал бойлы, қатқан сары шал оны оқшырая қарсы алды.
Қеңірдегіне қарай қайқая біткен селдір ақ сақалын бақалтақ саусақтарымен умаждай
тарағыштап, «менде нең бар?» дегендей сұстана қарап тұрды. Жылқышының қосынан
аз-ақ қалқыңқы үш қанат қүрым үйін бейтаныс жігіттен қорығандай, қиқы-шойқы
сықырлауығын арқасымен қалқалай берген.

-        Осы
елде нағашым бар дегенге іздеп келдім, - деді Жанбота сәлемдескеннен кейін, -
Сейсенбек деген кісі сіз боларсыз?


Иә, мен боламын.

-  Мен Айназардың Жақайының баласымын, шешемнің
аты - Қамажай, өз атым - Жанбота...

Шал көзі шатынап, баж ете қалды.

-        Өтірік
айтасың, мені алдап түрсың... Жақайдың баласын қасқыр талап өлтірген.

-        Сөзіме
наныңыз, ата! - деді Жанбота түсі бұзылып, - мен -Жақайдың баласымын. Мені
қасқыр жеді деп сізге кім айтып жүр?

-        Ел
құлағы елу емес пе, - деді шал сәл бәсендеп,- осында жиі-жиі қатынап тұратын
талай адамнан естідім.

Жанбота шиыршық атып, батыл
кетті.

-        Сізді
алдап тұрсам мені ата-бабамның аруағы атсын. Сіз менің кескініме анықтап қараңызшы.
Мені жұрт әкеңе ұқсайсың дейді.

-        Е,
бәсе, сен өзің Жақайға тартқан екенсің, - деді шал Жанботаның кескін-келбетіне
еңсесін сала үңіліп. - Әу баста байқамай қалыппын. Жақайдың аузынан түскендей
екенсің. Еміреніп келіп маңдайынан сүйді.

-        Сені
қасқыр жеді деген сөз бекер болды ғой, - деді де, Жанботаның білегінен ұстап
үйіне кіргізді. Үйге кіре бергенде шал ескі қоңыр шекпенінің шалғайын жіңішке
қайыс белдігіне қыстырып алды. Басындағы қауқиған қызыл сеңсең бөркін беталды
лақтырып тастады. Жанботаны жетектеп апарып төрге отырғызды. Өзі сол жақ
босағадағы аласа ақ шидің ішінен домалақ қара торсық пен кетік қара аяқты құшақтап
алып шықты. Аяқты жерге қоя салды да, торсықтың ағаш тығынын оң қолымен тұқырта
қысып алып, сол қолымен демеп, түбін қапсыра ұстап шайқап-шайқап жіберді.
Жүресінен отыра қалып, кетік қара аяққа қымыз құйып Жанботаға берді. Жанбота
ішінде көне қара ала сырмақтан басқа іліп алар мүлкі жоқ аядай үйдің төрінде
малдас құрып отырған күйінде қымызды сыңғытып ішіп салды. Шал босаған аяққа
қымыз құйып алып, торсықты керегеге сүйеп қойды. Қымызды ішіп болды да, аяқты
торсықтың қасына қойып, өзі Жанботаның сол жағына тізерлеп отыра кетті.

-        Менде
бала жоқ, - деді шал мұңайып, - құдай мені шынымен-ақ қу бас қып жаратыпты. Кемпірім
осы өткен қыста қайтыс болды. Қу ағаштай сорайып жалғыз қалдым... Жанашыр
туысым да жоқ...

Енді шал екі қолын кере жайып
жіберіп, күбірлеп дұға оқи бастады. Бісімілладан басталып, раббилғала-минмен
аяқталған ұзақ аяттың мағнасына Жанбота түсінген жоқ. Тек оның әредікте
пәленшеге тие берсін, түгеншеге тие берсін дегенінен бұл дұғаны өлгендердің
аруағына бағыштап отырғанын аңғарды. Сейсенбекке ілесіп, екі қолын жайып, бата
қайырды.

-        Сенің
шешең Қамажай менің қарындасым,- деді ол, - одан сен ес білмейтін кезінде
қалдың ғой... Сен шешеңнің өлі-тірісін де білмейтін шығарсың...

Жанбота түнеріп, басын шайқады.

-        Білмеймін.

-        Естіген
шығарсың, Жақайдың жылы өтісімен біздің елдің шонжарлары сіздің ауылға барып,
Қамажайды алып келген, - деді Сейсенбек қинала күрсініп, - мұнда әкелісімен
көрші елдегі бір бай шалға қалыңмалға сатып жіберген. Малды бәрі бөліп алған.
Қамажай бишара бұл қорлыққа шыдай алмай, алты айдан кейін жартастан терең суға
құлап өлді.

Жанботаның үстіне от түсті. Өңі
бұзылып, басы зеңгіп кетті. Үнсіз қатты да қалды.

-        Шешеңе
қайғырып отырсың ғой, - деді Сейсенбек иығын бүлк еткізіп,- қапаланба, балам...
Қайран, Қамажай ақылды, шырайлы еді. Бүл дүниенің қорлығын көріп өксігенше, ол
дүниедегі Жақаймен қауышайын, бейіштен орын алайын деген гой.

Қутындаған сүйкімді шалдың жаңағы
сөзіне Жанботаның көңілі көтеріліп, жан сарайын бір ғажап тәтті сезім билеп
әкетті. Жақай мен Қамажай шынында да бейіште қауышып, мұңсыз өмір сүріп
жүргендей көрінді оған...

-        Мықтағанда
екі аяқ қымыз ішерсің, - деді Сейсенбек бос аяқты қолына алып, - Нұрғазы байдың
көп биесін ертең кешке шейін саусам, тағы да торсығымды саумалға толтырып
аламын... Мандайыма бие бітпесе де,  екі
қолымның күшімен, шүкір, әйтеуір, сусыннан кенде емеспін. Байдың үйінен қымыз
ішем деп қылқиып күнде бара бергенше, биелердің сауған сүтінен осы кішкентай
торсықты толтырып алып тұрайын деп келіскем... Қымыз құйып берейін, іш тағы да.

-        Құймай-ақ
қойыңыз, сусыным қанды, ата, - деді Жанбота ізет көрсете. Анау жып етіп орнынан
тұрып кетті де, іргедегі торсық пен аяқты алып, шидің ішіне апарып қойды. Қайта
айналып келіп, орнығып отырды да, кара көлеңке басқан қапырық үйді күңіренте сөйлеп
кетті:

-        Бұл
шал мұқым елден бөлініп, үйін сай басына неге жалғыз тігеді екен деп танданып
отырған шығарсың, жиен, мәнісін айтайын. Жалғыз басыма не жетпейді. Биылдыққа
осы үйге жылт еткен от жағылған жоқ. Шаңырағынан будақтап түтін шықпаған үйде
береке бола ма... Ей, балам, несін айтасың, «қартайғанда қатының өлмесін, орта
жолда атың өлмесін» деген осы да. Күнде кешкісін қу домбыраны сабалап, зарлап
алатын да әдетім бар. Менің зарым мен әнім кімге дәрі?.. Жұрт естімесін деймін де,
мына қуарған моланы ылғи елден аулақ жерге тігемін...

Шалдың бұл айтып отырғаны үстірт
ойлаған кісіге қияли адамның сандырағы секілді. Ал енді аудара қарап, ақтара
тексерсең, қайғылы жанның қам көңілінен шыққан азалы күй екен. Жанботаға қас
қағымда осы бір садарлы ой келген. Шалдың жаңағы айтқанын ұнатпаған кісіше
бедірейіп үнсіз отырып қалуды жөн көрмей, кенеттен қылаң берген бір қаңғыбас
ойды ірікпей айтып салды.

-        Тұғырдан
түсіп қартайып отырған жоқсыз. Өзіңізге қолайлы бір әйел тауып алмайсыз ба?

Сейсенбек тебірене сөйледі.

-        Керімбала
марқұм екеуміз елу жыл отастық. Сегіз бала туып еді, ажалы құдайдікі, бәрін де
жер алды. Әне, адал жар, ақпейіл жолдас болса, Керімбаладай-ақ болар... Қайран
асылым-ай, аяулым-ай, әй-шәй деспей, қандай қиыншылық көргенде де қасымда бірге
болып, балдай тату қалпында өтті дүниеден... Сөйткен сүйіктімнің төсегін басқа
әйелге иемдендіре алмаймын. Кәрі қойдың жасындай өмірім қалды... Енді төрімнен
көрім жуық. Жалғыз өтейін дүниеден.

Бұған Жанбота не десін? Қалай
дегенмен жассынбай жан сырын ақтарып отырған ақ пейіл шалдың аталы сөзін аяқсыз
қалдыру да жөн емес.

-        Мен
сіздің осы пікіріңізге ден қоямын, - деді Жанбота толқына, - нағашы әжемнің
топырағы торқа болсын, жаны бейіште болсын...

-        Керімбала
мені бейіште күтіп алады, - деді Сейсенбек,- ол дүниеге қазір аттанғалы тұрғандай-ақ
бар денесімен төңкеріле қозғалып. - Керімбала - иманды адам... Оның шарапаты маған
да тиеді.

Жанбота оған тесіле қарады.

-        Сіз
өлуге асықпаңыз, ата... Жүзге жетіңіз. Ар жағын тағы көре жатарсыз.

-        Қазіргі
жетпіс сегіз жасыма мықтап тұрып бес жыл қосып берсең, маған со да жетіп
жатыр,- деп, шал жымия күлді.

-        Қолымнан
келсе осы жасыңыздың үстіне тағы да жетпіс сегіз жыл қосып берер едім,- деп,
Жанбота мырс етті.

Сол екі арада үй ішіне қараңғылық
түсіп, күңгірт тартқан.

-        Біздің
үйде шам да жоқ, - деді Сейсенбек шағынып, - қараңғыда өмір сүріп жатыр кәрі
атаң... Қане, төрге төсек салып берейін.

Бір ескі құрақ көрпе мен шағын құс
жастықты сүйреп әкеліп, төрге тастады.

-        Көрдің
ғой, біздің үйде шамалы төсек-орын мен төсеніштен басқа мүлік те жоқ. Мына менің
көрпемді үстіңе жамыл... Маған шекпенім де жетеді.

-        Шекпеніңізді
мен жамылайын, - деді Жанбота, - көрпеңіз өзіңізде болсын.

-        Жақсырақ
нәрсе жасқа лайық, - деді Сейсенбек су жаңа корпені Жанботаның үстіне жаба
беріп,- ұйықтай ғой, балам...

 

* * *

 

Жанбота мұнда келгелі бір апта
өткен. Алыс жерден Сейсенбектің жиені іздеп келіпті, өзі бір үріп ауызға салғандай
шырайлы жігіт екен, мінезі жібектей екен деп, ел мадақтайды. Алыстан алты жасар
бала келсе алпыстағы шалдары әдейі барып иіліп сәлем беретін қазекеңнің ежелгі
әдеті емес пе. Әдепкі кезде Жанботаға арнайы келіп, амандасушылар көбейген.
Шайын қайнатып, етін асып, сый көрсеткендер де бар. Бұған Сейсенбек те мәз.

-        Балам,
мен Жиделіге барып қайтайын,- деді Сейсенбек бір күні таңертең, - ол елде менің
Құлыбек дейтін жүзден асқан нағашым бар... Сол кісі нашарлап жатқан көрінеді,
бақылдасайын, келсін деп, кеше бір кісіден маған хабар айтып жіберіпті.
Бақылдық айтысамын да дереу қайтамын... Қайтыс болып кетсе, жаназасына қалып
қоям...

-        Жиделі
бұл арадан қанша жер? - деп сұрады Жанбота.

-        Шақырымын
соның кім өлшепті, атты кісі биенің үш сауымында жететін жер.

-        Жаяу
барасыз ба?

-        Нұрғазының
бес жүз жылқысынан маған ауыл арасына мініп баратын бір ат бұйырмаса, онда мен
неге тірлік етіп жүрмін осында?

-        Жалғызсыраймын
ғой, тезірек барып келіңіз,- деді Жанбота. Мына аяқ аузындай қара домалақ киіз
үйде жалғыздықтан шегетін жапасын күні бұрын сезініп, іші-бауыры бүлкілдеп
кетті.

-        Тек
Құлыбек нағашымнан ажалдың беті аулақ бола тұрсын десеңші, балам, - деді
Сейсенбек уайымды пішінмен, - аман болса, күн бата қайта айналып келермін... Нұрғазының
сауын биелерін қайырып, құлындарының басын ұстап, қатындарға саудырарсың...
Оқтын-оқтын қарап тұрғайсың. Құлын желіге оралып үйелеп өліп қалып жүрмесін.
Және бір шаруа бар. Ұлтай келін бүгін келіп, кір жуып берем деген. Менің
кірлеген көйлек-көншегімді, екі жастықтың тысын, өзіңнің кір киім-кешегінді бер
соған. Бұлаққа апарып бұзаушық сабынмен ондап тұрып жуып береді. Кешегі өзің
көрген Сәмеке дейтін көсе қара шал маған бүгін кешке қарай бір семіз бағлан
әкеп берем деген. Әкелсе алып қал да, мойнына жіп тағып, босағаға байлап қой. Шөп
жұлып әкеп жегіз, су бер.

-        Алаң
болмаңыз, ата, тапсырған шаруаларыңызды қалт еткізбеймін. Ал бірақ кірімізді Ұлтайға
жуғызғанымыз ретсіз болар. Сабынын алайын да, кірді бұлаққа апарып өзім жуайын.

-        Тіпті
ерігіп бара жатсаң, онда бұлақ басына Ұлтаймен бірге бар. Бірақ кірді сол жусын.

-        Алаң
болмаңыз, нағашы ата, - деді Жанбота екі бүйірін таянып тұрып, - айтқан
шаруаларыңыз орындалады. Бірақ Ұлтайға кір жуғызудың қажеті бола қоймас.
Өзім-ақ жуайын.

Сейсенбек сыртқы босағаға сүйеніп
тұрған қалпында көзінің қарашығын төңкеріп, нығыздала сөйледі.

-        Білдім
ойынды, жесір келіншекке жоласам қырсығы тиеді дейсің ғой. Кап, мынаның қорқағын-ай,
ә! Қой бала, қайта Ұлтайга осы бастан жұғыса бер... Түбінде осы келіншек қолыңа
тисе, тақияңа тар келмейді...

-        Енді
көп ұзамай өз мекеніме кетемін ғой, нағашы ата, - деді Жанбота, - күйеуі өліп,
қайғы тартып жүрген сорлының несіне басын қатырамын...

-        Сөзді
қой, Жанбота! Мен бәйтерек болғанда, сен менің бұтағымсың. Бірімізсіз
біріміздің күніміз жоқ. Мен өлмей сен ешқайда кетпейсің.

Сейсенбек Жанботаның бетін басын,
 сипап, л<анаса берген.

-        Нағашыңызға
барып келіңіз, - деді Жанбота бекем сыңаймен, - сосын мен сізге өз жағдайымды
түгел айтып берейін.

-        Сенің
мен білмейтін жағдайың бар ма еді? - деді Сейсенбек таңдана, - жарайды, мен
кетейін, сен тамақтанып ал да, желі басына бар.

-        Жолыңыз
болсын.

-        Жүзден
асқан батыр нағашымның соңғы өсиетін естиін, не айтар екен? - деп, Сейсенбек
етек-жеңін сілкіп, Нұрғазы аулына қарай жүріп кетті.

Жанбота оның артынан телміре
қарап қалды.

 

* * *

Сейсенбек барған жерінен айтылмыш
мезгілінде оралмады. Демек, оньң «жүзден асқан батыр нағашысы» аллаға жан
тапсырған болар. Жанбота Сейсенбектің тапсырып кеткен шаруаларын қалт еткізбей
орындады.

Күн батып, іңір қараңғылығы
қоюлана бастаған. Көк жиекті аспанда жұлдыздар самсайды. Жар басындағы жалғыз
үйдің босағасында келсең, құйрық қоңыр бағлан ауыз жаппай маңырайды. Кешікпей
келдесі қиылатынын сезгендей өңешін созып аянышты үн шығарады. Үй алдында шарта
жүгініп отырган Жанботаға жаутандай қарайды.

Жанбота мана түстен кейін осы
үйге келіп кеткен Ұлтайды еске алып, ойга батты.

Орта бойлы, сүмбіл шаш, қалам
қас, пісте мұрын, оймақ ауыз, нәркес көз, сүйкімді қара торы келіншек. Екі жыл
отасқан күйеуі өліп, шерлі болған арудың жүзіндегі табиғи әсем бояуы солып,
күзгі гүлдей қуарыпты.

Амандық айтысқаннан кейін
келіншек сызыла:

-        Әткем
келіп кет деп еді, өзі үйде жоқ па? - деді.

-        Әткеңіз
мана таңертең Жиделіге кеткен. Шал нағашысы әл үстінде жатыр дейді.

-        Нағашысы
жүзден асқан қария ғой, - деді келіншек, - ол кісілердің өлімі той емес пе.

-        Нағашым
маған кір киімдерді саған жуғызарсың деп еді, - деді Жанбота жымиып, - бірақ соны
ұят көріп, өзім жуайын деп тұрмын.  Маған
бұзаушық сабын берсең...

-        Оныңа
мен көнбеймін, жиен, - деді Ұлтай наздана, - біздің елдің жігіттері кір
жумайды, су әкелмейді, от жақпайды.

Бұл келіншекке не десе болар еді?
Жанбота әзіл-қалжыңнан тартына берген. Ұлтаймен бетпе-бет кездесіп тұрғаны осы.
Жесір келіншектің ел-жұрттан ұялып, жігіт атаулыдан қашқақтап жүретінін де
білетін. Ауыл арасында да, Сейсенбек үйінде де жиендік істеп, еркін жүретін
Жанботаға Ұлтай ілуде бір кездесіп қалганда қысқа-қысқа сөз қатысқаны болмаса,
ашылып шүйіркелеспейтін. «Жас басыңнан сорлы болған жан екенсің, бағың қашан
ашылар екен» - деп, Жанбота Ұлтайды іштей аяйтын.

-        Біздің
жақтың өзбекпен аралас қазақтары үй шаруасын көбінесе өздері істейді,-деді
Жанбота аз-кем үнсіздіктен кейін, - әйелді сыйлаған еркек оның басындағы
ауыртпалықты өзі көтеруге тиіс.

-        Ештеңе
де етпейді, - деді Ұлтай қабағын сәл ашып, - кір киімдерді қазір бұлаққа апарайын
да жуып берейін.

-        Сендер
кірді суық суға жуасыңдар ма?

-        Көбінесе
ыстық суға жуамыз, бірақ асыққанда азғантай кірді бұлақ суына сабындап, шапшаң жуып
аламыз.

-        Онда
былай болсын, - деді Жанбота бір үлкен істің тетігін тапқандай мардамсып, -
қазір мен мына сайдың қабағынан жерошақ қазайын. Шелекпен су тасып берейін. Нағашымның
ана каңсып жатқан қара қазанына су ысытайық та, кірді екеулеп жуайық. Нағашыма
кірді сен жуып берді дейін.

-        Мақұл,
ендеше.

Айтқандай-ақ Жанбота мен Ұлтай
жерошаққа от жағып, қазанға су ысытып, осы үйдің кір киімдерін, ұсак-түйек
нәрселерін түк қалдырмай сабындап жуып, кептіріп алды. Ұлтай бұл үйден күн
батарда кеткен. Үлтай бұл күнде іргелес ауылдағы кәрі шешесінің қолында тұратын.
Қарайласатын, қарасатын басқа адамы болмаған соң өлмелі жалғыз кемпір жесір
қызын осы жазда қолына кіргізіп алған.

 

* * *

Сейсенбек қайтыс болган «батыр нағашысын»
жерлесіп, үшінші күнге қарағанда кештетіп келген. Ұлтай келінінің кір жуып
бергеніне, Жанботаның Нұрғазы үйінің шаруасын алаңсыз тындырғанына Сейсенбек
дән риза.

Сейсенбек пен Жанбота әр кездегі
әдеттері бойынша іңір кезінде үй алдында әңгіме-дүкен құрған. Сейсенбек бір
әңгімені бастаса, алысқа сілтеп кетеді:

-        Айтпақшы,
осы Ақайдан қалған жалгыз бала жоғалып кетті деп естіп едім, одан не хабар бар?
- деп сұрады.

-        Нарботаны
айтасыз ба? Ол елден кетіп, мені іздеп барған, бірге тұрамыз. Аман-есен жүріп
жатыр, Жанбота шешіле сөйледі. Жайымен отырып Нарботаның хал-жайын нағашысына
баяндап берді. Сейсенбек бұған да көңілі толып, куанып қалды.

-        Ағайынды
екеуіңнің бір жерде табысып, Айназар шаңырағын қайта көтергендерің әбден жақсы
болған екен, ұзағынан сүйіндірсін, - деді. Өленді «қара жер хабар бермесін» деп
қойып, Жанысбайдың шектен шыққан зұлымдығын еске түсірді. Оның бәйбішесі Зағираның
көкайыл мінезін, мейірімсіздігін айтып тебіреніп алды. Ерлі-байлы екеуінің
аруақтарын жаһаннамның түбіне жіберді.

Жанботаға енді бәрібір. Өлген
адамдардың аруағын тербете бергеннен не шығады. Тек нағашы сөзін үнсіз құптап,
бас изей берген.

Сейсенбек өмірдегі кем-кетігі
есіне түсіп, жауар бұлттай түнеріп кетті. Үйдің ішкі іргесінде сүйеулі тұрған
жалпақ шанақты, ұзын мойын қара домбырасын қолға алды. Бармағының ұшымен сырт
еткізіп тиегін түзеді, сытырлатып құлағын бұрап-бұрап жіберді. Ашаң саусақтарын
сегіз перне бойына құйқылжыта ойнатып, қос ішекті шертіп-шертіп, күйіне
келтіріп алды да сұңқылдата сөйлетті. Өзі домбыра сазына қоңыр даусын қосып
өлендете бастады.

Сейсенбек өлеңін айтып,
домбырасын үй іргесіне сүйеп қойды. Ішіндегі шершемені орта түскендей жадыраңқы
қабақпен жауап күтіп Жанботаға қарай берді.

Сейсенбектің өлеңі Жанботаның
құлағына жағып, көкейіне қона кетті. Жалғыз-ақ өлеңнің «қарағым біздің елде
тұрақтап қал» деген жерін ойша бөліп алып, ақылға салғанда өзін нағашысының
бала ғып алғысы келетінін қапысыз аңғарған. Мұнда қалмаймын, тез арада Ташкенттегі
үйіме қайтам деп, әлден кергігенше, Сейсенбектің өзі қолқалап айтқанша бұл
туралы білмегенге салынып, үндемегеннен жақсысы жоқ. Өлмелі шалдың онсыз да енжар
көңілін ойсырата берудің не керегі бар. Әзірге бедеу құрсақ үмітпен жүре
берсін. Алда-жалда қолыма кір, бала бол деп, көз майын салбыратып отырып алса,
жеме-жемге келгенде мінәйі уәжін айтып құтылып кетпей ме.

Нагашымның көңілі қалар, шоқыншы деп
жиіркеніп безіп шыға келер деп, орыс қызына үйленгенін, одан екі жасар баласы
бар екенін айтпауға бекінген. Тіпті болмай бара жатса, Сейсенбектен оңай құтылып
кетуге бұдан артық қандай дәлел керек.

-        Өлеңіңіз
жақсы екен, ақындығыңыз күшті екен, - деп, шалды көтере мақтады.

-        Елден
асқан күміс көмей ақын емеспін, - деді Сейсенбек өз өнерін назырқанғандай
бұртиып. - Көңілімдегі көп ойларды өлеңмен айтып беруге сөзім жетпейді.

-        Жаңағы
маған айтқан өлеңініз анау-мынау шәлдірік ақыннан шығатын өлең емес, - деді
Жанбота мақтауын үдете, - әр сөзіңіз сайдың тасындай екен.

Жиені мақтады екен деп, Сейсенбек
әулікпеді. Қайта қабағын түйіп, мұңая қалды. Бір уыс дөңгелек бетінің терісін
жиыра:

-        Осы
жасымда көрген бейнетімді өлеңге қоссам, тура Қара Қыпшақ Қобландының жырындай
болар еді, әттең соған шамам келмейді, - деді.

-        Сен
осы жазу-сызу білесің бе? - деп Сейсенбек Жанботаға төтен сұрақ қойды.

Оған мұның не қажеті болды екен?
Сөз көбейіп, сұрақ қабындап кетер деп, Жанбота Қарнаққа барғанын, ондагы
медреседен бір қыс сабақ оқығанын айтпады.

-        Қазіргі
тұрған жерімдегі бір молдадан бір жыл сабақ оқып, түркіше хат танып едім, -
деді.

-        Өзің
Ташкентке барып, олжалы болыпсың ғой, - деді Сейсенбек миығынан күліп,- сен,
ендеше, менің өлеңдерімді қағаз бетіне түсіріп бер. Өлгенде артымда қалсын.

-        Мақұл,
нағашы, кейін қағаз-қалам тауып алайын да, сіздің өлеңдерінізді жазып берейін.

-        Сөйтсең
тым жақсы болар еді, - деді де, Сейсенбек белдеуде байлаулы тұрған жүндес қоңыр
бағланға аянышты пішінмен қарап қойды. - Екі күн байлаулы тұру оңай ма, мына
бейшара бүйірі солып жүдеп қапты. Қолдан суарып, шөп жұлып беріп, асырай
тұрайық. Енді көп болса екі күнде кеңірдегі қиылады мұның.

-        Мұны
қонаққа соясыз ба?

-        Құдайыға
шаламын.

-        О,
неғылған құдайы, нағашы ата?

-        Ұлтайдың
некесін қиғызамын.

-        Қелініңізді
кімге қосасыз?

-        Қазір
оны менен сұрама.  Кезіңде бір-ақ көр.

Жанбота сөз қайырған жоқ.

Ертеңіне, сәрсенбінің кешінде
осындағы Қабанбай, Қамбар дейтін шалдар мен Сәркен дейтін кексе жігіт
Сейсенбектің құрым үйіне жиналды. Олар үй иесі мен Жанботаны араларына алып, әу
баста келер-кетері жоқ ұсақ-түйек кеңеспен біраз қауқылдасып алған.

Жанбота бұларға бір ауыз сөз
қоспаған. Әңгімелерін ықыласпен тыңдай берген. Байқаса, Сейсенбектің әжім торлаған
жүдеу жүзінде әлдеқандай толқыныс бар екен. Беті дамылсыз жыбырлайды, қаны
шыққан жалақ ерні діріл қағады.

Сейсенбек беліндегі жіңішке қайыс
белдігін ағытып жанына қойды. Ұзын етек ескі қоңыр шекпенін шешіп жерге
тастады. Қисық өкше салқам етігінің қатпар-қатпар кең қонышын тізесіне қарай
ышқына тартып жөнделіп отырды. Басындағы қауқиған қызыл сеңсең бөркін алшысынан
киіп, бөз көйлегінің етегін тері шалбарының ышқырына мұқият қыстырып қойды.
Сөйтті де үй алдында алқа-қотан отырған жарандарына сөз бастап берді.

-        Әлдеке
ағамнан қалған жалғыз тұяқ Сәмен былтыр өліп кетті. Алла басқа салған соң амал
бар ма. Тым болмаса артында бір бала да қалған жоқ. Тұл келіншек қашанғы жалғыз
отыра береді... - Ол енді күрсіне тоқтап, мұңлы көзін Жанботаға аударды. - Мына
жиенім дәм айдап біздің елге келіп қалған екен... Бұл да алды-арты шолақ жалқы
жігіт. Екі жарты бір бүтін болсын, Ұлтай келінді Жанботаға қосайық. Осыған
сендер не айтасындар, ағайын?

Қайқы мұрын, тақыр бас, сіріңке
қара жігіт еліре түрегелді. Бөрте лақтың құйрығындай шошайған шоқша қара
сақалын жұлқылап, қоңырқай көзі ойнақшып, құтырына сөйледі.

-        Тентіреп
жүрген келімсекке жесірімізді беріп, осында біз тірі отырамыз ба? Мұндай сөзді
қойыңыз, Сейсеке!

Тапал бойлы, таңқы мұрын, жылмағай
көсе, қызыл көз, шегір сары шал бірдеңесі күйе кетіп бара жатқандай жанталаса
бір сөз айтты.

-        Ойбай-ау,
айдаладағы атасы басқа біреуге жесір берем деген не сұмдық? Сәркен дұрыс
айтады.- Безгек қысып бара жатқандай екі иығы бүлкілдеп, танауы қусырылып
кеткен. Сейсенбек оны жауырынынан тұқырта басып отырғызып қойды.

-        Сап-сап,
Қамбар, жөніңе көш, бөтенсіме жиенді,- деді.

Енді жаңағы Қамбар мен Сәркен
Сейсенбекпен айтысып кетті. Әйтеуір, Ұлтайды Жанботаға қоспауға мың түрлі
сылтау айтып, бет бақтырмай қойды. Тықыр қара пүлішпен тыстаған үш бұрышты
көнетоз бұшпақ бөркін лақтырып тастап, дабы көйлегінің жағасын ағытып жіберіп,
қаба сақал бадырақ көз қара бұжыр шал сөзге араласты.

-        Сендердің
осынша құтырғандарың не, әй! Ұлтай келінді ала қоятын әмеңгердің реті жоқ қой
осында. Оны мына Жанбота жиенге қосқаннан дұрысы жоқ. Екеуі мына жалғыз басты
Сейсенбекке қолғанат болсын. Әйтпегенде, келін елден кетеді, сонда қайтер
екенсіндер, түге!

Сейсенбек қол қусырып елпең
қақты.

-        Төрелігіңе
құлдық, Қабанбай.

-        Қабеке,
сіз де қайдағы жоқ бірдеңені айта береді екенсіз, - деді Сәркен беті шімірікпей,
- осы елден Ұлтайды алатын бір жігіт табылмайды дегенге кім нанады?

-        Ұлтайдан
сенің дәмең бар екенін білеміз, - деді  Қабанбай
ызалы көзін Сәркенге қадап, - байғұс-ау, несіне босқа әуре боласың, сенің көк долы
қатының саған оны бәрібір алғызбайды.

Бір бүйірден Қамбар қоқия сөйлеп
жатыр.

-        Әйелі
неге көнбесін, тіпті болмаса оны қоя береді. Қайтсе де Сәркен Ұлтайды алмай
қоймайды.

Сейсенбек ашуға булығып отырған.
Бүл сапар өзін-өзі тежеп ұстап, сыпайы келді.

-        Жесіріміз
елден де кетпесін, ерден де кетпесін. Ең алдымен менің жағдайыма қарандар, ағайын.
Сәркен, сен жесір алам деп құр текке әйелінді де тастама, шаңырағынды құлатпа.

Бұлар енді жақ-жақ болып айтысып
кетті. Сол екі арада Жанботага бір салдарлы ой келген. «Егер мыналар Ұлтайды маған
қосуға пәтуа байласса, оған көнейін, өтірік некеленейін де, Ұлтайды Ташкентке
алып кетейін, онда барған соң бір теңіне қосылар, тіпті болмаса бір мәнісі
табылар» деп ойлаған. Егер сәті түсіп Ұлтайды ғұрып күндігінен азат етіп алып
кетсе, тағдыры соған ұқсас мың сан қазақ қыздарын күндіктен азат ететіндей
көрінді оған. Сіздердің манадан бергі қым-қиғаш сөздеріңіз маған шыбын шаққан құрлы
да білінген жоқ деген мығым сыңаймен:

-        Мен
сіздердің жесірлеріңізге қызығып та отырған жоқпын, мына мандайының соры ашылмаған
кәрі нагашымды аяймын, - деді.

-        Ал
енді осыған пәтуа байлайық, - деді Қабанбай жеделдете.

Сәркен ықылық ата күрсінді де,
қисынсыз іске лажсыз көнген пішінмен:

-        Көпшілігің
ұйғарсандар, мейілдерің, - деді.

-        Мен
де осыған ризамын,-- деп, Камбар көңілсіз күңк етті.

-        Бәсе,
осылай болса керекті,- деп, Сейсенбек көңілденіп, серпіліп қалды.

Жанбота басын төмен иіп, терең
күрсінді де, жасық дауыспен:

-        Менің
сіздерден бір ғана тілегім бар, - деді.

-        Айт
тілегіңді, - деді Қабанбай.

-        Мен
болса-болмаса да сіздердің сөздеріңізге көніп, жесірлеріңізді алатын болдым ғой,
енді неке қиылғанша маған үш күнге мұрсат беріңіздер. Көйлек-көншегімді жуып,
үстіме бір жаңа киім тіктіріп киейін, төсек-орнымды жаңартып алайын.

-        Жарайды,
солай болсын,- деп, мұның билігін Қамбар айтты.

-        Мына
бір қозыны осында неке құдайысына шалайын деп байлап қойып едім, - деді
Сейсенбек белдеудегі қоңыр бағланды қолымен көрсетіп, - көп тұрып жүдеп калды.

-        Қозыны
әзірше қойға қосып жібере тұрсайшы, - деді Қабанбай.

-        Ұлтай
келінді Жанбота жиенге келесі сәрсенбіде некелеп қосуға уәде байластық, - деді
Қабанбай екі қолын шалқайта жайып, - тілегіміз қабыл болсын, аумин!- Бәрі де оған
ілесіп қолдарын жайып, күбірлеп бата қайырды.

 

 

* * *

Жанботаның Ұлтаймен көріспегеніне
бір жеті болган. Әнеугі Сейсенбек қария нағашыларына кеткен күні әдейілеп
келіп, жүздескеннен кейін Ұлтай бұл үйге қатынамай қойған. Жанбота да әдеп
сақтап, оның үйіне сылтаусыз бара қоймаған.

Сейсенбектердің Жанботаға қосамыз
деген ұйғарымын Ұлтай, сірә, біле ме екен? Бұлар әлде мұндық келіншектің хал-жағдайымен,
еркімен санаспай, қазақшылық ғұрпымен сыртынан саудалап жүр ме? Осыны ойлағанда
Жанбота сол келіншектің еш нәрседен хабары жоқ, некесін қияр кезде бір-ақ
білетін шығар деген жорамалға тоқырай береді.

Некесін қияр алдында Ұлтаймен
кездесіп, сөйлесу жағдайын Жанбота көп ойланды. Оны қалай да дұшпан көзі жалған
некеге көндіргісі келеді. Адал ниетіне түсініп, көздеген түпкі мақсатын риясыз
тура ұқса, әуелі некелеп қосылған болып, сәл кейін есебін тауып Ташкентке алып
кетпек.  Ұлтай мен сенің мұндай сиқырлы
мазағыңа көнбеймін, тіліңе ермеймін деп қасарып отырып алса, Ташкентте әйелі
мен баласы бар екенін Сейсенбекке ашық айтып, құтылып шығады да, тез арада бұл
елден табанын жал-тыратады.

Ұлтайдың үйінде кәрі шешесі бар.
Оның көзінше бұл мәселені қозғауға әсте болмайды. Ендеше, Ұлтайды ауыл
сыртындагы аулақ жерге шығарып алып оңаша сөйлесу керек. Сейсенбек үйі мен бұл
ауылдың арасы бір шақырымдай жер.Жанбота Ұлтай үйіне ел аяғы басылып, ымырт үйірілген
кезде келген. «Нағашым қатты науқастанып қалды, саған тез келіп, кетсін» дейді.
Амандықтан кейін Жанбота Ұлтайға осыны айтқан. «Ұлтай, жаным, тез барып құданың
көңілін біл, шайын қайнатып бер» деді төсекте ыңқылдап жатқан Бәтіш кемпір.

Ұлтай сөзге келген жоқ. Жанботаға
ілесіп Сейсенбек үйіне қарай жөнеп кетті.

-        Нағашым
науқастанып жатыр деп мен саған өтірік айттым, - деді Жанбота ауылдан ұзай
бергенде.

Ұлтай көңіліне күдік алды. Сонда
да Жанботаның алдап алып шыққанына ренжи қойған жоқ. «Бұрын болмаған бір бөтен
жосықты бастап, бұл не оймен мені бейуақта ертіп алып шықты екен?» деп ойлаған.

-        Жиен-ау,
сен осы мені түңде алып қашайын деп жүргеннен амансың ба?- деп, танауының астынан
жымың етті.

-        Алып
қашсам несі бар, аламын да кетемін, - деді Жанбота жымындап.

-        Ондай
ерлік саған қайдан келді?-деп, Ұлтай Жанботаның намысына от тастады.

-        Қалжынды
қоя тұрайық, Ұлтай, - деді Жанбота батылдана, - саған оңаша айтатын сөзім бар
еді.

-        Сөзінді
жаңа біздің үйдің қасында айтып кете бермедің бе?

-        Біреудің
көзіне түсіп қалсақ, біздің адал ойымызды арамға шығарар деп қауіптеніп едім.

-        Сен
осы мені қайда апара жатырсың?- Ұлтай зілсіз қынжылды.

-        Сайға
түсейік, еркін сөйлесейік.

Бұлар терең сайдың ішімен
оңтүстікке қарай ұзап кетті. Енді елден аулаққа барып, алаңсыз сұхбат кұрады,
сыр айтысады. Ала бұлт бүркенген толық айдың шұбар сәулесімен сай іші алабажақ.
Бір заматта Жанбота кілт тоқтады. Көйлегінің жеңінен тартып Ұлтайды да тоқтатып
алды.

-        Осы
жерге аялдайық, - деді.

-        Мақұл
ендеше.

Қойдың жабағысындай туырылған
көделі жерге жайғасып отырысымен, Ұлтай сызыла тіл қатты.

-        Ал
қане, сөйле жиен!

-        Ұлтай,
сен не білдің?- деді Жанбота таңғаларлық бір керемет хабар айтатындай атой
салып.

-        Мен
не білейін...

-        Нағашым
бар, ағайындары бар - бәрі кеше мәслихат құрды... Сен екеумізді некелеп қосуға
сөз байласты.

Ұлтай жіңішке қара қасы иіліп,
нәркес көзі мөлдіреп, демін ішіне тартып, мөлие қалған. Қеңсірігі қырлана
біткен иісте мұрнын көтеріп, ғайыптан бір жақсылык күткендей, аспанға қарады.
Қолмен мүсіндегендей дөңгелек қара торы жүзінде айдың ақ аяң сәулесі ойнап,
Жанботаға назар ау-дарды.

-        Сен
солардың айтқанына көндің бе?- деді Ұлтай еліктей елеңдеп.

Жанбота әуелі келіншектің пейілін
байқап алайын деп, нақтылы ой аңғарынан әдейі ауытқыды.

-        Сені
қайдан білейін, менің көнбеуге лажым болмады, - деді.

-        Көңілің
қаламаса бекер көнген екенсің...

-        Көңілімнің
сенен бөтен емес екеніне құдай куә. Ал енді үлкендердің билігіне не дейсің?

Ұлтай бірден жауап айтуға
дәйектемей үнсіз қалды. Тұла бойына қан ойнап шыға келді. Жүрегі ысып кетті.
Қапелімде өз сезімін жігітке жеткізуге батылы бармай, мылқау жанша  үйліге берген. Көрікті, сүйкімді ақ сары
жігітке ойлы нәркес көздер шаншыла қадалды. Жанбота осы бір сәтте оған шың
басында күнге қасқая қарап тұрған арқар сипатында көрінді. Енді бірде ол айлы
түнде аспаннан түсе қалған перизатқа ұқсап кетті. «Аңсаған арманым да, іңкәрім
де - бір өзіңсің» деп, жігіт қабағымен ым қағады. Бірақ Ұлтайдың ет жүрегі осыған
кәміл сеніп те отырған жоқ. Әйткенмен де, жігіт тұлғасына көңілі толып,
татаусыз пейілімен ой толғады: «Сен ақыл-көркің бірдей, қайратың мол ер
жігітсің. Қайда барсаң да саған менен де артық жар табылар. Ал бірақ жиырма екі
жаста байым өліп, бағым күйген мен бейбаққа сендей жар қайдан табылар».

-        Неге
үндемейсің? Менің сөзім қолайыңа жақпады ма? - деп, Жанбота келіншекті қузап
жіберді.

-        Мен
не дейін, жиен? Үлкендер осылай ұйғарса, өзің соны мақұлдасаң, солай болады-дағы...

-          Мен
саған өз көңілімді білдірдім, сенің ниетің менен бөтен емес екенін білдім, -
деді Жанбота қаймыға, - енді мен саған сырымды, шынымды айтайын.

-          Айтатын
сырың болса тындауға мен әзірмін.

-          Ташкент
түбіндегі Көктерек деген жерде менің үй-жайым бар, орыстан алған әйелім бар,
одан туған екі жасар ұлым бар.

Үлтай әлдебіреу төбесінен суық су
құйып жібергендей шіміркеніп, отыр,ан орнынан ыршып түсті. Қаны бетке шапшып,
қызуы күшейген иауқастай елеурей:

- Оныңды үлкен кісілерге айттың
ба? -  дсді

-          Айтпауымда
үлкен себеп бар.

-          Қандай
себеп?

-          Сені
азаптан құтқарайын деп едім, алып кеткім келіп еді...

-          Үйіңде
әйелің бар екен, балаң бар екен, мені қалай алып кетесің?

Жанбота ернін тістеп, аз-кем
ойланып қалды.

-          Мен
сені қорлайды екен деп қорықпа. Сені қалай құтқарып әкетсем екен деп көп
ойландым. Ел көзінше өтірік некеленіп, қосылған болайын да, Ташкентке алып
кетейін деген байламға тоқтадым. Осыған не дейсің?

-        Сен
өзің әжептәуір жігіт басыңмен есін білмейтін баланың сөзін айтып отырсың ғой, -
деді Ұлтай даусын көтеріп, - мен сені ақылды жігіт деп жүрсем, дәлдір екенсің ғой...

-        Қапаланба,
аптықпа, маган арнаған тентек сездерінді де бір сәтке тия тұр, - деді Жанбота
күшейіп. - Осы оңашада ашып сөйлесіп алайықшы. Мен саган өтірік некеленіп,
Ташкентке алып кетем дегендегі көздеген нысанамды айтайын.

-        Қане,
айтшы, ойың не сондағы?

-        Мұнда
қалсаң көрінгенге жем боласың ғой, тірідей қор боласың ғой. Ақ пейілді досыңның
көмегінен бас тартпа, Ұлтай. Саған қолымнан келген жақсылығымды істейін, бағынды
ашайын дегеннен басқа ойым жоқ менің. Есебін табайық та Ташкент жаққа жөнеп
кетейік. Ол жерге бір барып алған соң ерік өзіңде. Теңіңе қосыларсың. Үйде дәл
өзім сияқты Нарбота дейтін інім бар. Қөңілдерің жарасып, бір-бірінді ұнатсандар
екеуің, қосыларсындар... Тіпті болмаса сол төңіректегі ызғыған қалың қазақ
елінен қолайлы бір жігіт табылар.

Ұлтай жігітке тура қарап үнсіз
отырып қалды. Қасын қиғаштап, көзін төңкере, жылы шыраймен толқына қарағаны:
«Қайтсем екен? Бұған не деп жауап берсем екен?» - деген олқылы-толқылы
көңіл-күйін аңғартқандай, сүйікті жарға, бақытты тұрмысқа аңсаған жан құмарын
танытқандай. Бір жағынан өмірден қызық көре алмай, ерте өліп кеткен жар күйігі
өзегін өртеп бара жатқандай.

-        Мен
сенің ойынды енді үқтым, - деді Ұлтай мәмлеге келгенін аңғартып, - жарайды, қайда
әкетсең де ерейін соңыңнан. Бірақ сенен бір тілегім, әлгі жалған неке деген
пәлеңді қой.

-        Жоқ,
Ұлтай, некеленбеске болмайды,- деді Жанбота бұл сапар үстемдік алып, - орыстан
алған әйелім бар, балам бар деп, шынымды айтсам, некеден құтылып та кетер едім.
Бірақ олар сені бәрібір тыныш қоймайды онда. Көңілің сүймеген біреуге қатын
үстіне зорлап қосады. Ана Сәркен құдай тілеуімді берді дейді де, саған бүйідей
жабыса түседі. Одан да жалған некені сылтау етейік те, оларды тас қаптырайық.

Ұлтай бұған иланып қалды.

-        Түбінде
кететін болсам әжемді қайтем?- деді ол күрсініп, - жалғыз қала ма?

-        Әженді
Бикен апаңның қолына енгізіп бер. Топырағы өз жерінен бұйырсын. Ал, енді,
некеміз қиылған күні сенің отауынды нағашым үйінің қасына көшіріп қондырайық та
 бірге тұрған болайық. Сенің абыройыңа тырнақтай
кір жуытпаймын. Сүттей ақ, судай таза қалпында бұйырған күйеуіңнің қолына табыс
етемін.

-        Бұлай
болғанда кету амалын қарастыра беру керек, - деді Ұлтай жайымен.

-        Мен
оны да ойланып едім, - деді Жанбота толғана,- некеміз қиылып, көңіліміз
жайланды. Ел бізді ерлі-зайыпты болды деп біледі. Арада апта өтеді. Әнеугүні
менің нағашымның Құлыбек дейтін жүзден асқан нағашысы өлген жоқ па. Бір қой
тауып алып соямыз да, сен екеуміз сол кісінің орнына бата оқуға барамыз. Ол
елде бізді кім қудалайды. Мініп барған атымызбен әрі қарай Әулиеатаға асамыз.
Ол жерге аман-есен жетіп алсақ, ар жағында Ташкент тиіп түр.

-        Бұл
да жөн екен, - деді Ұлтай иек қағып.

Жанбота Ұлтайды қолтығынан сүйеп
тұрғызып, қатқыл алақанымен қолын қатты қысты. Уәдеге берік болайық, айтысқан
сертімізде тұрайық дегені.

Осыны білгендей-ақ Ұлтай да Жанботаға
бітегене жанаса беріп, жайрандай тіл қатты.

-        Уәдеміздің
беріктігіне, сенің маған қамқоршы аға болатыныңа, менің саған қарындас
болатыныма аспандағы ай мен жұлдыздар куә болсын... Өмірі ойына келіп көрмеген
осы бір әдемі сөздердің жоқ жерде тіліне үйіріле кеткеніне Ұлтайдың өзі де
қайран болып еді.

-        Айтысқан
серт, алысқан қол бұзылмайтын антымыздай болсын,- деп, Жанбота жылжып жүре
бастады.

Екеуі түн жамылып ауылға қарай
беттегенде ай да бұлттан жаретіп шыға келіп, жер-дүниені жарқыратып жіберді.

 

* * *

Оныншы жылдың қоңыр күзі
басталған. Арқадағы еліне барып қайтам деп жазда кеткен Жанбота кешікті. Жанботаны
ілестіріп әкеткен Жансейіт саудагердің сапардан оралғанына айдан асқан.
Жансейіт барлық жағдайды Мария мен Нарботаға баяндап берген. Елге бара жатқан
беттерінде орта жолда жау тонап алып, жаяу қоя бергенін де мұндағылар содан
естіген. Әдейі бет алып шыққан соң өз еліме барып қайтайын деп, Жанбота жеткен
жерінде серіктерінен бөлініп қалып қойыпты. Енді Жанбота әне келеді, міне
келеді деп жүргенде арада бір ай өтіп кетті.

Нарбота әр түрлі ойға қалады.
Елге бара жатқан жолында бәлкім Жанбота өліп қалған шығар. Жансейіттер бұл жаманат
 хабарды Нарбота мен Мариядан жасыратын
шығар. Нарбота бірақ бұл күмәнді ойын жеңгесіне айтпады. Мария да ойын-шыны
аралас: «Осы сенің ағаң елге барып қазақ қызына үйленіп, қалып қойғаннан аман
ба екен өзі?» - деді. «Үйленетін оны сонша не қара басыпты, үйге жете алмай
жаны қиналып жүрген шығар»,- деп, Нарбота оның көңілін аулаған.

Үш ай өтіп, төртінші айға
қарағанда күздің жайма-шуақ бір кешінде Жанбота жетіп келді. Қасында
бүлдіршіндей әдемі келіншек бар. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегеннің кері
ғой мынасы. Келіншекті көрген жерден Мария мен Нарбота кірпідей жиырылды.
Қасқыр көргендей қарадай үркіп тұр.

Мария Жанботаға тарпа бас салды.

-        Көк
соққан-ау, мынауың кім?-деп, жанын жағасынан суырып ала жаздады.

-        Аптықпа
беталды, - деді Жанбота саспай, - бұл менің Сәмен дейтін нағашымның тұл
келіншегі. Аты - Ұлтай.

-        Ұлтай
болса қайтейін, мен мұның шашын жұлып қолына беремін, - деді Мария тұлданып.
Тіпті ай-шайға қарамай түтіп тастағалы тұр.

-        Сен
азғана сабыр ет, Мария, -деді Жанбота жалынып, - мен сендерге Ұлтайдың жағдайын
айтып берейін. Бұл бейшараны елдегілер еріксіз бір шалға қосатын болды. Сосын
мен бұл байғұсты теңіне қосайын, бағын ашайын деп елінен ұрлап алып кеттім.

Жанботаның сөзі Марияның бір құлағынан
кіріп, екінші құлағынан ағып кетіп жатыр. Өз ағасының сөзіне Нарбота да иланып
тұрған жоқ. Марияның ыңғайымен қабақ бермей қарысып тұрып алды. Ол сұқ саусағын
шошайтып, Жанботаға доңайбат көрсетті.

-        Осыдан
бізді алдап жүрсең, мұнынды мен саган кешпеймін, араздасамын, - деді зіркілдеп.

-        Нарбота,
сен мұны ет қызумен айтып тұрсың, - деді Жанбота сабырмен, - адалдығыма
көздерінді жеткіземін. Өздерің ұяласындар сонда.

Мария ернін бұртитып, шытынай
сөйледі.

-        Әйтеуір,
мұсылманнан құдай қосқан жарың осы болса, жалтарма, шынынды айт...

Жұрт жақ-жақ болып, жауығып
жатқанда Ұлтай жұмған аузын ашқан жоқ. Қай жеңгенің менікі дегендей көзі жайнап,
сазарған қалпында тұра берген.

-        Бұл
келіншекке бола қапаланбандар, қобалжымаңдар, - деді Жанбота шамырқанып, - мен
мұны күні ертең осы елдің бір бойдақ жігітіне беріп жіберемін.

Ұлтай наздана күлімсіреп, Марияны
алақанымен арқаға қақты.

-        Сенің
күйеуінде шаруам жоқ менің... Маған да құдайдың бір бұйыртқаны бар шығар, -
деді қасабалы бәйбішедей маңғазданып. Қара көзінің сұғын Нарботаға қадады. «Бір
көрмеге тәп-тәуір жігіт екен, құдайдың маған ендігі бұйыртқаны осы шығар» деп тұр
мөлдіреген жанары. Нарботаның жүрегі лүпілдеп, іші ысып кетті.

Келіншектің сымбатты көркі оны
дембе-дем өзіне тартып барады.

-        Енді
не тұрыс бар, үйге кірейік, қонақ жайғассын, - деді Нарбота сыпайысып.

-        Иә,
сөйтейік, Мария, сен шай қайнат, тамақ әзірле, - деді Жанбота. Сол-ақ екен,
Мейіржан бақ ішінен томпандап шыға келді. Арсаландап келіп әкесінің құшағына
қойып кетті. Жанбота ұлын бауырына қапсыра қысып алып, аймалап сүйіп жатыр.

-        Аузыңнан
тастамайтын жақсы балаң осы екен ғой - деді Ұлтай Мейірге сүйсіне қарап. -
Келші, қалқам, бетіңнен сүйгізші маған. Жанбота баланы құшағынан босатып, Ұлтайға
ұсынып еді, ол азарда безер болып, бармай қойды. «Баймаймын, кейегі жоқ» дейді.

Бұлар үйге кірді. Әне-міне
дегенше Мария шай демдеп әкелді. Шай ішіп болып, ауладағы саялы биік сәкіге жайғасты.
Жанбота осы сапарда көрген-білгендерін Мария мен Нарботаға қысқаша баяндап
берді. Марияның Жанботаға сақтап жүрген бір семіз бағланы бар еді. Нарбота соны
лездің арасында сойып, бөлшектеп тастады. Көрші-көлемдер жиналды. Бәрі де
Жанботаның аман-есен оралғанына өте қуанышты. Мына келіншекті Жанбота оларға «Нағашымның
келіні, біздің үйге әдейі қонаққа келді» деп таныстырды. Көршілерден бүгінгі
жиналғаны не бәрі сегіз-ақ адам. Әйелдері манағы әзірде келіп, амандасып кетіп
қалған. Ол заманда қонақ болған жерде еркектер мен әйелдер араласып отырмайтын.
Ұлтай мен Мария да асты бөлек үйде ішті. Салқын келбетпен сараң сөз қағысумен
шектелген. Ал енді қариялар қаншама қузап сұраса да, Жанбота елге барған
сапарында көрген, білгендерін, көңілге түйгендерін текпелемей, сарабдал
сөйлеген. Елдің кілең жақсы жақтарын, меймандостық қасиеттерін мадақтаумен болған.
Ет желініп, шай ішіліп, біраз желпінісіп алғаннан кейін қонақтар үйлеріне тарап
кеткен. Үй іші жандары да көп ұзамай жатып қалған. Нарбота ауладағы саяханаға жатқан.
Ұйқысы келмей көпке шейін көзі бақырайды да жатты. Ғайыптан пайда болған сымбатты
келіншек өзіне арналып жаралғандай болады. Оның сұлу тұлғасы көзіне елестейді.
Талып ұйықтап кетіп еді, Ұлтай бірден түсіне кірді. Екеуі қол ұстасып, мәуелі
бақ ішінде сейіл құрып жүр екен. Әлдеқайда өңешін соза бақырған есек даусынан
шошып оянды. Таң бозарып атып келеді. Аспанның мандайында шолпан жұлдыз
жымындайды. Нарбота төсегінен тұрып, мұздай киініп алды. Бақ ішін әрлі-берлі
кезіп жүр. Күннің шығуын, үй іші жандарының ұйқыдан тұрып, саяханада бас
қосатын қайырлы мезгілін асыға күтті.

Үй адамдары күн көтеріле
саяханада бас қосқан. Дастарқан жайылып, шай ішілген. Жанбота енді Ұлтай жайынан
сөз қозғады. Мұның елдегі ауыр халін айтып берді. Сөз арасында көксау шалға
тиіп қор болған, ақырында азап-қорлыққа шыдай алмай жартастан терең суға құлап
өлген өз шешесі Қамажайды қайғырып еске алды. Арманда кеткен бейбақ шешенің кегіне,
осы Ұлтайдың басына еркіндік беріп, теңіне қосқалы әдейі алып келгенін тебірене
отырып айтты.

Мария біресе Үлтайға, біресе
Нарботаға жымия қарап қойып, көңілді қияпатпен ашыла сөйледі.

-        Ұлтай
біздің үйден ешқайда да кетпейді, - деді ол Нарботаға назар аударып.- Тетелес,
осыған сен не айтасың? (Мария Нарботаға осылай ат қойған болатын).

-        Мен
не дейін, тұра берсін, - деді Нарбота қаймыққан әлпетпен. - Ол осыны айтты да
сөз сарынын басқа жаққа бұрып жіберді. - Менің осы жерге келгеніме екі жыл болып
қалыпты. Мен келгенде де дәл осындай шуақ еді, өріктер балбырап пісіп тұрған.
Осы жерде отырып шай ішкенбіз, әңгімелескенбіз, ән салғанбыз...

Жанбота арманы орындалған мұңсыз
жандай тоқмейіл кейіппен алақанын бір-біріне соғып, серпіле бір сөз айтты.

-        Иә,
екі жыл дегеніңіз екі айдай болмай өтті де кетті. Мен елге барып қайтқан
арасында үш ай өтіпті.

-        Айтпақшы,
өзіміздің ел жағдайын сұрамаппын ғой, қалай екен?- деді Нарбота.

-        Мен
өзіміздің ауылдың орнын сипап қалдым, - деді Жанбота күрсініп.

-        Олар
қайда кетіпті? - деп сұрады Нарбота абыржып.

-        Баяғы
ата-бабаларымыздың шыққан жеріне, Жайыққа көшіп кетіпті.

-        Жайықтың
қай жеріне көшті екен?

-        Оншасын
білмедім, - деді Жанбота басын шайқап, - әйтеуір, Орынбордан онша қашық болмаса
керек..

Жанбота енді жолшыбай іздеп тауып
алған Сейсенбек нағашысын қынжыла еске алды. Олардың мына Ұлтайды Жанботаға
некелеп қосамыз деп әуре болғандарын да жасырған жоқ.

-        Сейсенбек
нағашыммен аттанарда қоштаса да алмадым, - деді Жанбота қабақ шытып, - мына Ұлтайды
азаптан құтқарайын, теңіне қосайын, сөйтіп құсада өліп кеткен сорлы шешемнің
кегін қайтарайын деп, өлмелі шалды көзін бақырайтып тастап кеттім.

Нарботаның көңіл-күйі бұзылды. Көрмесе
де жалғыз қалған шалды аяп кетті.

-        Нағашынды
да ала келгенінде болатын еді, - деді мұңайып.

-        Ол
менің соңымнан тіріде ере ме?- деді Жанбота ақтала.

-        Әдейі
әкелген Ұлтайды арманына жеткіз, көсегесін көгерт, - деді Нарбота бұған Жанбота
не айтар екен деген оймен.

-        Еңсеңді
көтер, Тетелес, бұл Ұлтайды арманына сен жеткізесің, көсегесін сен көгертесің,
- деді Мария тікесінен.

Нарбота бірден жауап қатпай үнсіз
қалды. «Бұл келіншекті Жанбота маған арнап әкелген екен, оны оңашада Марияға
айтқан екен, мейлі, тұрдым осыған», - деп отыр ішінен. Көңіл-күйін барлағалы Ұлтайға
ұрлана қарайды.

«Саған дегенде көңілімде титімдей
қылау жоқ, сенен өзге сүйенерім де, сүйерім де жоқ, билігімді өзіңе
бердім»,-дейді томпиған нұрлы жүзі, жаудыраған нәркес көзі.

-        Ұлтайды
сен есік көрген деп кемсітпе, Тетелес! - деді Мария басқа шаруаның бәрі тыйып,
сөз байланғандай-ақ, - сыйласындар, бір-бірінді сүйіндер.

-        Жеңеше-ау,
сен өзің Ұлтай екеумізді қосып та үлгердің бе?- деді Нарбота қулана күліп.

Ұлтай Марияға бажырая қарай қалған.
Түсі сары, көзі көк, шабдар шашты орыс қызының қазақ тілін осынша жетік
білгеніне есі кете қайран қалған сыңайы бар.

-        Ұлтай,
шырағым, Нарбота, екеуің жата-жастана танысындар, білісіндер, - деді Жанбота.

-        Мақұл,
сендердің айтқандарың болсын, - деп  Нарбота
лып етті.

Ұлтай ұйқысы келгендей көзін шала
жұмды. Терең толқынысын білдіргісі келмей жинақталып отырды. Басындағы кимешегінің
мандайын жөндеді. Әлі құрығандай ерінін әрең қимылдатып, күбірлей сөйледі.

-        Жанбота
аға, Мария жеңеше, ендігі қалған өмірімде мен сендермен бірге боламын, - деді.

Бәрі Ұлтайға сүйсінген пішінмен
қарап, күлімсіреп отырып қалды.

 

Қаңтар-қазан, 1973 жылы