ВЕРНУТЬСЯ

       С. қаласына келдік. Қиян-кескі
шайқас жалыны әлі сөнбепті. Сұрапыл соғыстың ойран-ботқа іздері сайрап жатыр.
Гитлер армиясының «айбарлы» құралы саналған «Жолбарыс», «фердинанд» танктері төрт
аяғы көктен келіп, орталық көшеге теңкие құлапты.

Үлкен көшенің бір мүйісіне
жеткенде машинамыздың суы қайнап кетіп, тоқтауға мәжбүр болдық.

Киімі жалба-жұлба имек шал
еңкендей басып қасымыздан өте беріп еді, біз оны әдейі тоқтаттық.

-        Неміспісіз!-деп
сұрадым мен одан.

Ол шала-шарпы орыс тілінде
сасқалақтай сейледі:

-        Жоқ,
пан офицер! Құдайым сақтасын, немісті атай көрмеңіз, полякпын...

Шал ыңғайсызданып қалды да, үнсіз
төмен қарап, жылжып жөнеле берді. «Адамзаттың асыл қанды әулетіміз, бүкіл дүние
біз үшін жаралған»,- деп көкитін көк соққандар енді, міне, өз ұлтынан безетін
болыпты. Бүкіл әлемді жаулап алмақка жанталасып жорық жасаган неміс мырзасы енді
өз жерінен қара басын қоярға пана таппай, жебедей жерге кіріп тұр, міне.

Менің жан сарайыма жайма-шуақ жаз
орнады. Жүрегім дүрсілдейді. Напалеон айтқан «Ұлылық пен масқара-мазақтың арасы
жалғыз қадам» осы екен деймін ішімнен.

Біз енді жүргелі тұрғанымызда бір
буда нәрсе арқалаған бүкір кемпір қасымызға келіп, жыламсырып тіл қатты:

-        Мені
неміс әйелі екен деп ойлап қалмандар, балаларым! Орыспын! Кенигсбергтен қашып
шықтым. Россияға, еліме кайтып бара жатырмын... Менің туған жерім Смоленск...
Мария Ивановна Жигалова...

Адам көргісіз жүдеу бетіне,
бүкірейген тұлғасына, шілбиген аяқ-қолына қарағанда жетпістен асып кеткен
кемпірдерлік. Сұрастыра келсек, оның жасы бар болғаны елуге биыл шығыпты. Үш
жыл фашистер тұтқынында шеккен ауыр азап оны осы күйге түсіріпті.

Мария Ивановнаны іш тартып, жылы
сөйлестік. Оның жасық жанарлы көкшіл көзіне кенеттен нұр кірді. Бізге аса бір
ыстық шыраймен қарайды.

-        Машинаға
отырғызып жіберіндер, көгершіндерім! Отаныма тезірек жетейін, туған жерімнің
топырағын басып өлейін... Мария Ивановна кемсендеп жылап жіберді.

Біз оны қала комендантына табыс
етіп, елге тезірек жөнелтіп жіберуін өтіндік.

- Жолыңыз ашық, елге қарай бөгелмей
тартасыз енді,- деді жас капитан оған.

Мария Ивановна бізге, жас капитанға
Мария ана атымен, ата-бабасының аруағымен алғыс айтты.

Комендант оған біздің көзімізше
бір сержант қосып беріп, әскери мейманханаға жіберді.

Міне, әйгілі Тильзит қаласына
жеттік. Сұрықсыз қала жаралы арыстандай сілейіп тұр. Бір заманда Наполеон
Бонопарт пен Бірінші Александр патша бас қосып, бітім шартына қол қойған зәулім
сарайдың биік жасыл мұнарасында жеңістің ал қызыл туы желбірейді. Балтық
жағалауындағы елдер мен Германия арасындағы болат қамалды біздің қаһарман армия
бұзып өтті. Кенигсберг Шығыс Пруссияның жүрегі десек, Тильзит оның күре тамыры.
Пруссияның соғыс құмар озбырлары осы қалалар арқылы Балтық бойындағы бейбіт шағын
елдердің қанын сорып отырған.

Орталық көшені бойлап жүз қаралы
неміс солдаттарын біздің екі қызыл жауынгер күншығысқа қарай айдап барады.

«Мына жексұрын неміс солдаттарының
сиықтарына қараңыздар»,- дегендей бізге күлімсірей қарайды.

Дүбірімен жер солқылдатып біздің
танктер кетіп барады. Қала сиқы атам заманғы құлаған моланы еске түсіреді. Біз
тоқтап, айналаға көз жіберіп қараймыз. Біздің аяғымыздың астында, жол ернеуінде
Гитлердің «Менің күресім» атты бәдік кітабы парша-паршасы шығып жайрап жатыр.
Фашист көсемсымақтардың портреттері жол жиегінде күл-қоқыспен араласып кетіпті...
Жаралы Тильзит жеңілген фашистік Германияның бейнесі сияқты.

Біздің армия тоқтаусыз алға кетіп
барады. Оларға ілесіп біз де кетіп барамыз.