ВЕРНУТЬСЯ

     Сейітжан Омаров жайын­дағы
естелікті қолға алуыма өңгеден бұрын ол кісінің мінезі себепші болды. Өзім іске
араласқан сонау 50-ші жылдардан бері Сейітжан ағайды тек Қазақстан Жазушылар одағынан
кездестіріп, ақыл-кеңес алушы едім. Қазақстанда айғайы естілмейтін, шуы
білінбейтін, ардың-дүрдің жүрісі бай­қалмайтын, улатып-шулатып жатпайтын жазушы
болса, ол жалғыз Сейітжан Омаров қана шығар. Ол кісі бір адамға дауыс
көтеріпті, кеуде көрсетіпті дегенді есіме түсіре алмай отырмын. Пенде болған
соң ол кісінің тірлігінде ондай қылық болған да шығар, алайда оны естіген адам
аз болғанына кепілдік беруге болады. Өйткені, қақ-соғы жоқ адамның тіпті
архивте де ізі сақталмайды екен. 

Күлімдеген көзі болмаса үлкен аға
болып бауырына тартқан сәті де есімде сақталмапты. Сейтекең - Атбасардың, мен -
іргелес Бұландының адамдары­мыз. Қойымыз аралас, ауыл-аймағымыз құдандалы
болып, қыз беріп, қыз алып жатқан туысқандармыз. Сөйтсе де, менің жүзімнің
суықтығынан ба, әлде Сейтекеңнің сабырлы мінезінің әсерінен бе, әйтеуір
амандасумен шектелетін едік.

1957 жылы Саттар Ерубаевтың шы­ғар­маларын
толыққа жақын газет-журнал беттерінен, мұрағаттардан жинап шығарғанда өзіме
туыстығы бар Т.Бал­тағожин баспа директоры, С.Омаров бас редактор болып
отырғанда ресмиліктен қия баспағандары есімде. Мен асық­қан­мен ағаларым заңды
қисыны келіп тұр­ғанның өзінде қол жалғап жібермеген­деріне ренжіген де сәтім
болып еді. Ол кезде жең ішінен жалғасу жоққа тән еді ғой.

Содан да болар, Сейітжан ағайдың
"Аққу күйі", "Хан тағы", "Бақ жұл­дызы" әңгімелер жинағы мен "Балзия", "Алтын
алқап", "Күншуақ", "Дала қызы", "Өмір асулары" повестерін және "Қызыл арай"
романын, 1980-82 жыл­дары шыққан үш томдық таңдамалы­ларын оқығаныммен еш лебіз
білдірме­генім ардан аттап кетпеудің бір ама­лын­дай болды-ау деймін. Өйткені,
осы шы­ғармалар жарық көрген тұста әдебиеті­мізге келген "Үкілі балалар" жарық
көр­ген тұщымды шығармалары түгіл, ойы­на алып, жүзеге асырайын деп жатқандарын
ағайын-туыстарына, пайда іздеген іні-қарындастарына насихатта­тып жатқан-ды.

1962 жылы менің "Октябрь өркені"
атты монографиям Қазақтың мемлекет­тік көркем әдебиет баспасынан шы­ғайын деп
жатқанда жартылай ақын, жар­тылай ғалым ағамыз домалақ арыз­бен әлек-шәлекке
салған-ды. Қазақстан Жазушылар Одағының жауапты хатшы­сы болып отырған Сейітжан
ағайға барғанымда "оны Лито шешеді ғой" деген ресмиліктен аспап еді. Мен мұны
ағамның міні деп айтып отырғаным жоқ, қайта адалдықтың белгісі, арамдыққа аяқ
баспаудың үлгі-өнегесі деп білемін. Әркімнің өз күшімен күн көргеніне не
жетсін, жүзің де жарқын, еңбегің де өнімді.

Сейітжан ағаймен қоян-қолтық
араласқан кезім Башқұрт кеңес әдебие­тінің негізін қалаушылардың бірі, бүкіл
кеңес еліне танымал, данагөй Сайфи Құдаштың шығармаларын қазақ тіліне аудару
тұсында болды. 1957 жылы Уфа қаласына барғанымда Сайфи ағадан "Ғалия"
медресесінде оқыған қазақ­тар­дың жайын, Бейімбет Майлинмен достығын біліп, хат
жазысып, твор­честволық байланыс жасап тұрдық. Сейіт­жан Омаровты ертеден
білетіндігімді естіген соң шығармаларын башқұрт­шадан қазақшаға тікелей аударып
жат­қанын айтып, қашан баспаға жібере­тіндігін білуді тапсырған еді.

Сейтекеңнің үйіне баруға сылтау
таба алмай жүргенде жақсы болды деп қуанып кеттім. Өйткені, Сайфи ағай 1963
жылы Қостанайға баяғыда өзі бала оқытқан Арқа Қарағайды аралауға келгенде Сәбит
Мұқановтың және Қостанай облыстық газеті редакторының орынбасары Хамит
Біржановтың қошеметін көріп, жастық шақтың ізімен жүріп өткенін әңгімелеген
шығармасын Сейітжан ағай аударып, баспаға тап­сырыпты. Сол хабарды Сайфи ағайға
телефонмен жеткіздім.

Қазақтың үйіне барған соң шай
ішпей кетпейсің ғой. Сайфи Құдаштың "Сейітжан, Сейітжан" дей беретінінің сырын
дастархан басында аңғардым. Жеңгеміз Сәуия башқұрттың матур қызы екен. Сейітжан
ағайдың Сайфи Құ­даштың "Көктемді қарсы алғанда" және "Жастық шақтың ізімен"
атты хикаяларын тікелей башқұртшадан аударуының құпиясын әбден анықтап алдым.
Түсінбей қалған жерлерінде Сәуия жеңгей демесін жасап жіберетін көрінеді.

Жақсыда жаттық жоқ. Сәуия жеңгей
ағамызды бағып-қағуда болсын, дүние­ден өткеннен кейін барлық рәсім­дерді
жасауда болсын, 80-90 жылдықтарын өткізуде болсын, жар құлағы жастыққа тимей
адамгершілік көрсеткені талай қазақ әйелдеріне үлгі боларлық деңгейде екенін
көзімізбен көрдік, естідік.

Сейітжан ағай 1935-36 жылдары
Петропавл қаласында бір кездері "Бос­тандық туы" атанып, кейін "Ленин туы"
делінген газетте қызмет істеп жүргенде, 1936 жылы Сәбит Мұқанов Қазақстан
Жазушылар Одағының бастығы болар қарсаңында еліне барады. К.Ахмет екеуміз
"Сәбит Мұқанов" деген "Тарихи тұлға тағылымы" деген ғұмырнамалық сериямен
шыққан ғұмырнамалық эссе­мізде Сейтекеңнің естелігін келтірдік.

Сәбит Мұқанов редакция қызмет­керлерімен
кездескенде "шілде-тамыз дүниенің жігіт шағы ғой. Алматыда басталған "Жұмбақ
жалау" романымды өндіртіп жазып тастайын деп өзімнің сүйікті Қызылжарыма әдейі
келдім" дегенінде редакторымыз Сейілбек Үсенов:

- Сейітжан, сен бүгіннен бастап
Сәбеңе хатшы боласың, - деді. Мен түсінбей қалдым.

- Сен маған көмектесесің, қолжаз­бамды
машинкаға бастырасың, тексеріп оқисың, хатшылығың осы, - деді Сәбит аға
жайраңдап" (Кәдімгі Сәбит Мұ­қанов. Естеліктер жинағы. 1984. 21-22) деп есіне
түсіріпті қазақтың ірі жазу­шысы Сейітжан Омаров. "Сәбең редак­цияның бір шағын
бөлмесінен жұмыс орнын сайлап алды. Күн сайын сағат тоғызда жұртпен бірге
кеңсеге келеді, түсте бір сағат үзіліс жасайды. Әзірлеп қойған қонақ үйдің
жайлы бөлмесіне түспей, өзінің досы Жұмабай деген жұмысшының үйіне түсіп, кешкі
сағат жеті кезінде қайтады", деп Сейітжан ағай Сәбеңнің қарапайымдылығы мен
жұмыс істеу тәсілін, күй таңдамайтынын әдемі бақылапты. Сәбеңе екі ай "хат­шы"
болған Сейтекең осы қызықты күн­дерді еш ұмытпай, ұлы жазушының мінез-қылығын
былай жеткізіпті: "Әлде­неше жылдан бері бір көруге зар болып, аңсаған қадірлі
ағамен дидарласу сәті тү­сетініне қуанып жүрмін. Жүрегім лүпіл­дейді, көргенше
байыз табатын емеспін.

Сәбит аға ол кезде отыз алты
жаста еді. Сонда да ол кісі бізге ұзақ жасаған, көпті көрген қариядай
көрінетін. Бет әлпетінде, көзқарасында жатсыну, тосырқау дегендердің ырымы жоқ.
Бір көрген адамның өзімен де ескі таны­сындай жарқылдап, елжіреп сөйлеседі.
Жылы сөзімен жаныңды баурап алады. Біздің Сәбит ағамыз өз халқының, бүкіл
отанымыздың сүйіспеншілігіне ие болып еді" деген (С.Мұқанов туралы есте­лік­тер.
2001. 18 бет) ойы бүкіл қазақтың аузынан шығатын ілтипатты лебіз ғой.

Сейітжан ағайды еске алғанда
Сайфи Құдаш еріксіз еске түседі. Біріншіден, та­тар-башқұрт мәдениетіне,
әсіресе әде­биетіне етене жақын болуы, екіншіден, Сайфидай данагөй қартпен дос
болуы бұған негізгі себеп. 1984 жылы Сайфи ағай тоқсан жасқа келді. Сейітжан
ағайға шақыру жіберіпті. Өзім тойға аттанарда Сейтекеңе телефон соғып, қашан
жолға шығатынын сұрадым. Телефоннан естілген дауыс ұнамады.

- Тұрсынбек-ау, бар қазақтың
атынан ақсақалға сәлем айт. Қазақтың шапанын кигіз. Ондай дана қарттарды қалай
қадірлесек те бағасына жетпейміз. Өкінішке қарай, мынау сырқат жолға шықпақ
түгілі үй ішінде жүргізбеймін деген­ге көшкен сияқты. Саулығым болғанда
міндетті түрде баратын едім. Қазір қанаты қайырылған сұңқардың күйіндемін.
Құшақтап, бетін сүйіп, менен сәлем айт, бауырым! - дегені әлі құла­ғымда. Уәде
- құдай сөзі ғой, ағай­дың аманатын орындағанымды оралған соң көңілін сұрай
барғанымда айтып ем, ағамыз көзіне жас алғандай болды. Бұл біздің соңғы
көрісуіміз екен, көп ұзамай ағамыз бақилық сапарға аттанды.

Естелік болсын деген соң пенделік
қатынасты ғана жазып отырмын. Әйт­песе, Сейітжан Омаров сынды кемеңгер
жазушының еңбегі туралы көсілуге шамам жетеді ғой. Алайда, жаңа заман­ның
таптық мақсатын жарқырата жазып, биік деңгейде суреттеген әдебиеттің айбынды
өкілі екенін досы түгіл, дұш­паны да мойындайды. Ол біздің рухани байлығымызды
жазған шығармаларымен ғана емес, соның ұйымдық жағынан да көр­кеюіне ерен еңбек
сіңірген қайрат­кер. Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезден жамбасы қара жерге
тигенше Қазақстан Кеңес Жазушылары одағының қазақты әлемге таныту жолындағы
азабы көп, абыройы аз ұйымдастыру жұмыстарына күні-түні жегілген еңбек торысы
болғаны әмбеге аян.

Тіпті, Сейтекең жауапты хатшы
болған тұстарда жазушы ағайындардың ағайыннан гөрі еңбекшілдігі мол, ауыз­бірлігі
күшті болып, абыройға кенел­гені де жасырын сыр емес. Алдына келгеннің ғана
емес, алыстан айбат шеккендердің де тілін тауып, сабасына түсіретін мә­мілегерлігі,
салмақты мінезімен-ақ асау­лардың аптығын басатын азаматтығы бар еді. Қазір
осындай қасиет жетпей жатыр-ау деп қалғандайсың. Сейітжан Омаровтай ақылды
ағалардың, мейірімді жандардың, шебер ұйымдастыруш­ы­лар­дың артына қалдырып
кеткен үлгі-­өне­гелерін қадірлеп, еліміздің абыройын асқақтата берсек қана
асыл ағалары­мыздың әруағы риза болары сөзсіз.

 

           Тұрсынбек   КӘКІШЕВ,
профессор.