ВЕРНУТЬСЯ

       Тоғыз тарау Тентек өзенінен өтіп,
Сайқан тауына бет алғанымызда, сәске түс мезгілі еді. Аспанды тұтас торлаған сұсты
бұлт, екілене соққан суық жел көңілімізді жүдетіп жіберді. Күні кеше жайнап тұрған
жанға жайлы қоңыр күз оңтүстікке қарай ығысып бара жатқандай сезілді.

Қасымдағы төртпақ қара шалды жол
бастасын деп «Жаңаберген» колхозының бастығы қосып жіберген. Әңгімеге жарытады,
ішінді пыстырмайды, осы төңіректің ой-шұқырына шейін білетін жершіл шал деп
мақтаған оны.

Сыпсып құйрық, жатаған торыны
сипай қамшылап, үзеңгісін шірене тебініп қояды Оңғарбай.

Баратын жеріміз онша қашық
болмаса да, жолға ермек болсын деген оймен шалға тіл қаттым:

-        Ақсақал,
әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын.

-        Жілігі
татымайтын бірдеңе айтсам, қарның ашып қалар, шырағым,- деп, шал кеудесімен тұтас
бұрылып маған қарады.- Сөзге орашолақ жанмын...

Оңғарбайдың сөзшең адам екенін ауылында
үш күн жатқанда талай адамның аузынан естігенім бар. Әйтседе бітегене жақын
отырып әңгімелесудің орайы келмеген. Осы кемістігімнің орнын толтырайын деп
ойладым.

-        Қандай
әңгіме айтсаңыз да ерінбей тындайын! - Ойнақы теңбіл көк бестінің ауыздығын тартып,
тізгінін тежеп қойдым.

-        Осы
бастан көшіріп алайын,- деді шал қуақылана жымындап.- Найманның бір мылжың шалы
қай-қайдағы бірдеңелерді айтып құлағымды сарсытты деп жүрме...

Баурынан жараған оқтаудай семіз
аттар құлақтарын қайшылап, есіле аяндайды. Оқта-санда шоқырақтап желдіртіп
аламыз. Айтатын әңгімесін жүйелеп алғысы келеді ғой деймін, Оңғарбай біразға
шейін үн шығармады.

Бір белестен асып, құла беріске
құлдилай бергенімізде қария кенет сөз бастады:

-        Асыл
анамыз ғой, жарықтық, әңгімені жер жайынан бастайын. Желмен желбіреп,
кеңірдегіне үйірілген сирек тарлан сақалын умаждап қойды.

-        Құлағым
сізде, айта беріңіз!

-        Артық
жаралған жер ғой біздің Жетісу! Шөбі шүйгін, суы бал, берекетті өлке деп біздің
қазақ осындай жерді айтады. Жер жүзінде, күн астында Жетісудай ғажап өңір бар
дейсің бе, тегі...

Жетісуды көтере мақтап қойды да,
атының басын іркіп, кілт тоқтады. Ырғаңсапты бұзаутіс қамшысын бүктеп ұстап, алға
қарай сілтеп қойып, есіле сөйлеп кетті:

-        Анау
жатқан кең жазықты көремісің? Май айында көрсең, кілемдей кұлпырып кетеді, қарағайлы
таулары мен тарам-тарам мөлдір бұлақтарын айтсайшы!.. Нағыз жер жаннаты
осындай-ақ болар..

Жетісудың жеті өзенін
айырым-айырым мақтап, біраз желпініп алды қария. Алатаудың өркеш-өркеш қарлы
шындарын жан баспаған. Қойнау-құздарын ертедегі ғажайып бір дүниедей суреттеді.

-        Құт-берекенің
кені ғой, шіркін, Жетісу!- деп қарияны көтермелеп қойдым.

-        Уа,
дариға!- Оңғарбай ерден қунақ көтеріліп, ауыр күрсінді. - Басынан небір қиын
дәуірді өткізбеді біздің Жетісу! Арғысын қоя тұрып, осы бертінгі шежіренің бір
саласын айтсам да жетер... Сендер ол кезде баласындар ғой. Осыдан біраз жыл бұрын
біздің осы өңірді Анненковтың қарақшылары жайлаған-ды.

Анненковтың атын атағанда
Оңғарбайдың жүзінде суық ызғар пайда болды.

Оңғарбай сөзін үзіп, ашулы
пішінмен түйлігіп қал-ды. Карасам, аласыз үлкен қара көзіне жас іркіліп, қаймыжықтай
еріндері кемсендеп тұр. Әңгіме айтқызам деп шал жүрегіндегі ескі жараны
білтелеп алдым-ау деген өкінішті оймен ыңғайсызданып қалдым.

-        Айтып-айтпай
не керек, атаңа нәлет Анненков жалғыз баламды жайратып кетті. Өмір-бақи
жазылмайтын жара салды жүрегіме...

-        Қалайша,
айтыңызшы?

Оңғарбай ширыға сөйледі.
Анненковпен бетпе-бет келіп тұрғандай тісін шықырлатып, шарасы кеңөткір қара
көзі жайнап, әжімді қоңырқай жүзінен кекті ызғар білінді. Дөнес біткен қалың
қабағы түйіліп, жазық мандайынан тура түскен қырлы мұрнының дәл үстінде терең сызат
көрінді.

-        Не
керек, жаңа түсіп өшіп қалды, жұлдызым. Дәлін айтайын! Әңгіме былай болған.-
Түйілген қабағы сәл жадырап, сабасына түскендей ыңғай көрсетті.

Қайырма жағалы сеңсең сары
тонының ұзын шалғайын қымтап, ерге нықталып отырды.

-        Айтыңыз,
шерте беріңіз!

-        Сен
тындай бер, мен айта берейін. Нақақ жалығып бара жатсаң, сездірерсің, әңгімемді
доғара қоярмын сонда...

-   Қанша ұзақ әңгіме айтсаңыз да жалықпай
тындауға әзірмін.

-        Он
тоғызыншы жылдың күзі қабақат суық болды. Өзім ес білгелі күздің мұндай ерте
түскенін, мұндай әлемет суық болғанын көрген емеспін. Қапалға Анненковтың әскері
келіпті деген суық хабар жетті біздің елге. Осы Теке тауының  оң жақ баурайында күздікте отырғанбыз.
Анненковтың келуін естеуі-ақ мұң екен, Жандәулет дейтін ескі болысымыз бөрідей
жалақтап, аттана шауып, Қапалға кетті. Елдің бар тәуір аттарымен қоса, азығыңа
деп жүз қаралы қой апарып берді. Онымен қоймай, Анненковтың бір топ жасағын
ауылға ертіп әкеліп, лаң салды. Жан тәтті ғой, бас сауғалап ауылдан қашып
кеттім.

-        Не
себептен қаштыңыз?

-        Қашқанда
жалғыз кеткен жоқпын, Жаңабергенімді ертіп ала кеттім.

Меншіктеп айтқан Жаңабергені
өзінің баласы екенін енді білдім.

-        Жаңаберген
балаңыз ба?

-        Он
сегізінші жылдың жазында Жаңаберген біздің елдің елу шақты кедей-жалшысын
қасына ертіп, большевик Бараповтың партизандарына қосылған. Жаңаберген онда дәл
жиырма бір жаста. Партизандар осы төңіректегі қалалардың кулактарына қарсы
соғыс ашты. Екі жақтан да оққа ұшқан адамдар көп болды. Осы кескілескен ұрыста
Жаңабергеннің санына оқ тиді. Партизандарды кулактар қырып-жойып, көп
мал-мүліктерін қолға түсірді.

Оңғарбай әңгімесін осы жерде шорт
үзді де, сұрланып, мұнды жанның кейпіне ауысты. Өндіршегіне тұрып қалған жетім
қақырығын зорлана түкіріп тастады да, сөзін жалғап жіберді:

-        Партизанда
болғандарды шетінен ұстап алып, қыра бастады. Анненковтың жендеттері кетті
деген хабарды естіп Жаңаберген екеуміз келесі түнде ауылға келсек, ауыл
қан-жоса, Жаңабергеннің келіншегін, Тойшыбай дейтін он жасар кіші баламды
тірідей жерге көміпті. Ауылдың партизанға қатынасқан отыз шақты адамын кескілеп
өлтіріпті. Жаңабергеннің екі жасар Еркеұланын құшақтап кемпірім зар еңіреп отыр
екен. Жыладық та зарладық. Қолдан келер дәрмен жоқ. Ажал жетпей өлмек жоқ,
қасіретпен күн өткізіп жүре бердік, баяғы. Жандәулет бастаған сұмырайлар көп
ұзамай Жаңабергенді Анненковке ұстап берді. Суық сарайға бес күн қамап қойып,
қылышпен кескілеп өлтірді, - деп Оңғарбай егіліп жылап жіберді.

-        Аласапыран
заманда не болмады дейсіз, өткен іске өкіне бермеңіз, ақсақал,- деп жұбатып
едім. Оңғарбай шамалы басылып:

-        Келмеске
кеткен кер заманда не көрмедік. Садағаң кетейін совет заманы ғой азаптан бізді
құтқарған.

Кеудесінен жалын ата күрсінді.

-        Сіздің
колхоздың Жаңаберген атанып кеткені де содан екен ғой.

-        Кедей-жалшы
бас біріктіріп колхоз болғанда, Жаңбергеннің атымен аталсын деп ұйғарған.-
Жүзіне жүқалаң қан жүгіріп, еңсесін көтерді.- Баламның өзі өлгенмен аты өлген
жоқ, бұған да шүкіршілік. Әттең не керек, Жаңабергенім тірі болғанда, осы күні
ауылда үкіметтің бір тұтқасын ұстап жүрмес пе еді, соған өкінемін...

Баратын жерімізге көп болса он
километр қалды.

Суыт жүрсек бір сағатта жетіп-ақ
қаламыз... Сағатыма қарасам, бірден жаңа асып барады екен. Бір сызат жерге
тоқтап аттарымыздың сарығын бастық. Ойымда түк те жоқ, сағатымды қалтама салып
қойдым. Оңғарбай күміс баулы дөңгелек алтын сағатын ішкі қалтасынан суырып алды
да, көзіне тақап ұстап тұрып, маңыздана сөз қатты.

-        Сенің
сағатың не айтады, шырағым, уақыт қанша екен?

-        Бірден
он бес минут өтті.

-        Менің
сағатым шамалы шабандап қалса керек, екі минут кейін екен.- Қария миығынан
күліп, сағатының қақпағын сырт еткізіп жапты да, қалтасына қайта салып қойды.

Оңғарбайдың ептемелеген сауаты
бар екенін сезіп қалдым. «Колхоздан сыйға алған сағат шығар»,- деп ойладым.
Сағат жайын дәл осы арада қазбалап сұрай қоюды жөн көрмедім.

Суыт жүріп кеттік. Үндемей томаға
тұйық жүре беруді жөн көрмеді ғой деймін, Оңғарбай бір мезетте тағы да сөз
бастады.

-        Айтқан
әңгімемнің қарымтасын қайыр дегенім емес. Көзің ашық, көңілің шалқар зиялы
азаматсың ғой, лебізінді естіп қалайын, барған жерде бір жақсы кеңес айтып
берсең, теріс болмас еді... Оған шейін сөз міндеті менің мойнымда. Тағы да бір
қызық әнгіме айтқысы келетінін аңғартып, тына қалды.

-        Қарызымды
кешке қонған үйде өтейін, қария...

-        Мақұл
ендеше... қалған жолға ермек болсын, жаңағы өзін көрген алтын сағат жайын сөз
етейін...

-        Алтын
сағат жайы дейсіз бе?

-        Иә,
жаңағы өзің көрген алтын сағатта терең сыр бар, шырағым. -

-        Айтыңыз,
құлағым сізде.

-        Отызыншы
жылы. Еркебұланым тура он екі жаста... Бесіншіде оқитын. Мен ол кезде колхоздың
қой қорасы мен астық қоймасын күзететінмін. О да бір жайсыз дүрбелең жыл
еді-ау! Айтпақшы, сен менің Еркебұланымды көрдің бе, тегі?

-        Көрдім,
сөйлестім,- дедім іркілмей.- Кеше колхоз клубында, Октябрьдің жиырма жылдық
мерекесіне арналған салтанатты жиналыстың соңындағы ойын-сауықты басқарған сұңғақ
бойлы ақ құба бала ғой...

-        Е,
бәсе!- Оңғарбай мұртынан күлді.- Көзің түскен екен ғой... Тек өмір-жасы ұзақ
болсын, адам болайын деп тұр...

-        Немереңіз
колхоздағы комсомол ұйымының хатшысы екен ғой... Жайнап тұрган пысық бала екен.

-        Жетіншіні
бітіргеннен кейін оқымай қалды. Биыл бұйырса, құлағынан басып отырып, Талдықорғандағы
агрономдық оқуға жіберейін деген ойым бар.

-        Оқытыңыз,
адам болсын.

-        Иә,
шырағым... Әлгінде бір кеңестің шетін шығардым ғой... Соның арнасына қайта
түсейін. Ол кезде мен колхозда күзетшімін... Төпеп қар жауып тұр. Ызғырық жел
күшейіп, аспан жүзін суық сұр бұлт торлап алды.

Түн ортасына жақындап қалды.
Күзетте сақ тұрмасаң, ұры-қары, ит-құсқа сенім бар ма. Осындай бұлыңғыр түнде
тіпті, қас қақпаймын. Жауға шабатын қас батырдай қасқайып, сіресіп қаламын.
Таяқ тастам жерде қарандап келе жатқан біреуге дауыстап жібердім:

-        Әй,
бұл қайсың?.

-        Ата,
мен ғой, Еркебұланмын,- деп сыбырдан аз-ақ қалыңқы бәсең дауыспен тіл қатты.

-        Тоңып
қалыпсың ғой. Осындай азынаған суықта неғып жүрсің? Тез үйге қайт,- дедім
ызбарланып.

-        Ата!-деді
Еркебұланым жыламсырап.- Әлгі Самырат бар ғой, сені бүгін өлтіремін депті...

Жүрегім тулап, тұла бойым ду ете
қалды.

-        Өзің
не деп тұрсың? Кет әрі, жоқты айтпай..,

-        Рас,
ата! - деді Еркебұлан тісі-тісіне тимей қалтырап.- Жалғыз тұрма деймін, елге
хабар бер... Өлтіреді...

Табанымды шоққа басып алғандай
ыршып кеттім.

-        Сен
мұны қайдан естідің?

-        Естідім.
Самырат, Дүйсен екеуі...- Тұтығып сөйлей алмай қалды.

-        Мұны
саған кім айтты?

Еркебұлан ентігін баса алмай:

-        Аман
қалсаң, кейін білерсің... Бол деймін.

Шынында да бір сұмдықтың бар екенін
пайымдап алдым да, партия ұясының хатшысы Арғынбайға хабар берейін деген ой
келді.

Арғынбайға атам шақырады дегеннен
бөтен ештеңе айтпа, содан кейін өзің үйге бара Бер деп Еркебұланға шегелеп
тапсырдым, Арғынбайға істің мән-жайын айтып бердім.

-        Олар
осындай зұлымдыққа барады дегенге мен де күмәнданбаймын,- деді Арғынбай.- Қазір
тобымызбен Самыратқа жетіп барып, сен бүгін Оңғарбайды өлтіреді екенсің
дегеннен не шығады. Ол бұны тіріде мойындай ма? Асылы, тосқауылдап, құрмалдығына
қолын сала берген мезетте бұлтартпай ұстау керек. Арғынбай екеуміз әрі ойлап,
бері ойлап, осыған сөз байладық. Алда-жалда бүгін келмесе, күн құрғатпай
андитын болдық. Ол дереу барып осындағы сенімді азаматтардан бақандай бес
жігітті алып келді. Көп сөйлесіп тұруға мұрша қайда, Арғынбай мен бес жігітті
қой қораға жасырып қойдым да, қаннен-қаперсіз қалпыммен күзетте тұра бердім.

Бұлар маған неге өшікті?
Өткен-кеткен қақтығыстарды оқпандап, дүрбелең ойға батып тұрмын. Байлар мені: «Парт
билетсіз большевик, қызылдың белсендісі»,- дейді. Оның да себебі бар.
Беті-жүзің демеймін. Өкіметке қиғаш келген адамды, әкем де болса аямаймын.
Басқасы не керек, әсіресе байларға дегенде қаның қайнап кетеді.

Самырат пен Дүйсен - менің қанқұйлы
жауым. Екеуін қоса қабатымен жер астына тірідей тығып жібергім келеді. Талай
рет тақыр мұзға тотиттым өздерін. Жасырын жалшы ұстап жүргендерін, санақтан жүздеп
жылқы, мындап қой жасырып қалғанын, ел арасына теріс үгіт тарататынын, басқа да
толып жатқан қылмыстарын көпшілік бас қосқан бір жиналыста ашып айтқанмын.
Әнеугүні Самыраттың қамбаға тығып қойған жетпіс пұт бидайын тапа тал түсте
тауып беріп, аудандық уәкілдің алдында масқарасын шығарғам. Екеуін соттайды
деген хабар тараған. «Соңыма шырақ алып түсетіндей менде әкеңнің құны бар ма»,-
деп зіркілдейді Дүйсен.

Мылтығымды көлденең ұстап,
дұшпандарымның келер жолын күтіп тұрмын. Ауылды көзіммен шолып, айналаны
барлаймын. Қай жағымнан келіп қалар екен? Түн ортасы ауған мезгілде оң жағыма
жалт қарасам екі Адам бұғып келе жатыр екен. Көзді ашып-жұмғанша қолымнан мылтығымды
жұлып алып, екеуі мені ортаға алды. Тегеуірінді қолдар кеңірдегіме жармаса
бергенде «өлтірді, өлтірді!» деп бақырдым. Қой қорада баспалап тұрған жігіттер
атылып-атылып шыға келді. Самырат пен Дүйсен табанда қолға түсті.

Сол күні мені өлтіріп, екеуі
шегарадан өтіп кетпекші болған екен. Бұл арам ойлары іске аспады. Ақырында Самырат
пен Дүйсен он жылға сотталып кетті.

Осыны айтты да, Оңғарбай қойнына
қолын тығып, алтын сағатын маған ұсынды.

- Сыртындағы жазуын оқышы!

Жаппалы алтын сағаттың астыңғы
қақпағындағы «Оңғарбай Мұңайтпас ұлына социалистік меншікті жаудан қорғағаны
үшін аудандық атқару комитетінен» деген жазуын оқыдым.