ВЕРНУТЬСЯ

      Рақия биылғы демалысын Ыстықкөлде өткізуге бекінген. «Жаздай әдепті,
тәртіпті болсаң, курортқа бірге ала кетем»,- деп Құрманбекке уәдесін берген.

Шешесінің бұл тілегін бұлжытпай орындай қою Құрманбекке оңай іс емес. Әйтсе
де мамама қашан демалыс берер екен, жұрт мақтай беретін тамаша көлге қашан
барар екенбіз деп Құрманбек ала жаздай асыға күтумен болды.

Аңсап күткен айтулы күн де келіп жетті. Кеше Рақия екі путевка алып
келді. «Төрт күннен кейін Фрунзеге аттанамыз, онда бірер күн боламыз да
Ыстықкөлге барамыз»,- деді Құрманбекке.

Бүгін жексенбі еді. Қызметтен
қолы босаған Рақия жол қамына шұғыл кірісіп, керекті нәрселерін қамдай бастады.

Рақия жаңа тігілген сәнді көйлегінің
иық қатырмасын тіге отырып, ыңылдап өлендетіп қояды.

Жартылай ашық тұрған кең
терезеден көз жіберіп, Құрманбекті де байқастайды. Құрманбек үйдің іргесінде
өзінің серіктерімен городки ойнап жүр. Ол әбден қызынып алыпты, келтек ағашты құлаштап
лақтырғанда, келе жатқан пошташы қыз Дуняға тиіп кете жаздады. Ернін жосадай ғып
бояп алған, бетін безеу қаптаған, шикіл сары қыз өте беріп сасқалақтап кідіріп
қалды.

-        Әй,
қағындылар-ай,- деп бақырып қалды да, Дуня әлгі өзіне шақ тимей қалған келтек ағаштан
секіріп өтті.

-        Осы
ағашпен бастарыңа соғайын ба, біреуіңнің...

-        Қешіріңіз,
Дуня!-деді де Құрманбек қыздың қасына жүгіріп барған бойда сыпайы пішінмен
жалына бастады.

-        Пионерлік
шын сөзіме сеніңіз, байқамай қалдым.

Құрманбекке көптен таныс пошташы
қыз есік алдына келе берді де:

-        Сендерге
хат бар,- деп Құрманбекке жасыл конвертті ұсына берді.- Қарындаштың ұшын
түкіріктеп, анықтап жаз.

Конверттің сыртына қарап жіберсе,
Дариға апайдан келген хат екен. Мамасы хатты Құрманбекке қайта берді де:

-        Өзің
оқы,- деді.

Құрманбек ала бергенде хат
қолынан жерге түсіп кетті. Жерде жатқан конвертті алуын алса да, бірден ашып
оқи қоюға көңілі дауаламай, мамасына үнсіз қарай қалды бала. Рақияның көз
жанарындағы әмірлі қалпын аңғарып қалды да, хатты жалма-жан ашып оқи бастады.

Дариға апай хатында былай деп жазған
екен:

«Бауырым, Рақия! Харьковте үлгілі
мал шаруашылығы фермалары қызметкерлерінің кеңесіне қатынасып кеше оралдым.
Украинаның екі колхозында болдым. Несін жасырайын, сол колхоздың бірінде болғанымда
аса қайғылы хабар естідім. Сай-сүйегімді сырқыратып, жүрегіме от салған сол хабарды
қаншама қиын болса да, саған хат арқылы жеткізуді мақұл көрдім. Тарас Шевченко
атындагы колхозда туысқандар қабірін көрдім. Басқа екі жауынгермен бірге Құлшымбай
осы қабірге жерленіпті. Құлпытасқа Құлшымбайдың фамилиясы қатеден Нездарбеков
болып жазылыпты. Құлшымбайдың хабар-ошарсыз кеткендердің тізіміне қалай қосылып
жүргеніне енді ғана көзім жетті. Мен сол колхозда тұратын Оксана Артемьевна
дейтін кемпірдің үйінде қонақта болдым. Ол кісі маған Құлшымбайдың бар
мән-жайын айтып берді...»

Құрманбек хатты бұдан әрі оқи
алмай, сазарып тоқтап қалды. Бәрін де біліп отыр. Өлді дегеніне сенбеймін, бір
күні-ақ келіп қалар деп Рақия күні-түні аузынан тастамайтын күйеуі өлген болып
шықты, ол енді қайтып келмейді.

-        Мама!-
деп бала қос алақанымен бетін басып кереуетке құлай кетті,- Жыламашы,
мамашым...

Рақия еңсесін көтеріп, күшпен
бойын жинады да, жаспен жуылған бетін Құрманбекке бүрды.

-        Құлыным!-деп
өкіре ұмтылып барып, кереуетте етпетінен жатқан Құрманбекті құшақтап бауырына
қысты мамасы.

Неткен ауыр күн еді деңізші!

Рақия кешке шейін төсекте жатып
алды. Қабыш Есентереевич келгенде ғана басын көтеріп, тілге келді.

Қабыш ылғиына тау инженерінің
формасын киіп жүретін, орта бойлы, қызыл шырайлы, толықша келген әдемі жігіг.
Өзі Рақиямен бір мекемеде істейді. Көптен үйреніскен дос болатын. Осы үйге жиі
келіп, бойы үйренгендіктен, Құрманбек те Қабышты аға тұтып жақсы көретін.
Қолдары бос мезгілде Қабыш пен Рақия үйде отырып шахмат ойнайтын, кейде ән
салатын, дауыстап газет, кітап оқитын.

Құрманбек ауыз бөлмеге шыға берді
де, есік алдында кілт тұрып қалды. Құрманбек шығып кетуі мұң екен, Рақия
Қабышқа әлсіз дауыспен үн қатты:

-        Қабыш!
Құлшымбай майданда қаза тауыпты... Біз оны осы уақытқа шейін білмеппіз ғой...

-        Бұл
хабарды сен кімнен естідің?

-        Дариғадан
хат келді. Мә, оқы!

Қабыш хатты қолына алып, ішінен
оқып шықты.

-        Солай-солай,-
деді Қабыш ойлы пішінмен.- Қайғылы хабар екен. Осы уақытқа шейін хабар-ошарсыз
кетуі, әрине, тегін емес. Дегенмен... Есінде ме, өзіңе айтып едім ғой. Қаза
тапса, бір хабары болмауы көңіліме қонбайды дейтін едің...

Қабыш Рақияның қолын ұстай беріп
еді, ол қатуланып сілкіп жіберді. Рақияның мұндай қытымыр мінезін бұдан бұрын
көрмеген Қабыш көңілі жүдеп, ыңғайсызданып қалды. Қалтасынан папиросын алып,
парықсыз жұмарлап біраз үнсіз отырды да, бір мезетте тұтатып алып, жиілетіп
сора бастады.

-        Украинаға
барамын! -деді Рақия. Оның қатал үнінен үзілді-кесілді шешімін аңғарған Қабыш:

-        Неге?
- деп қысқа қайырды.

-        Құлшымбайдың
қабірін бір көрмесем көңілім көншитін емес.

Қабыш көзілдірігін жайымен
көзінен алып, қол орамалымен сүрте бастады.

-        Рақия,
қалқам! Қайғыңның ауыр екенін мен де білемін. Әйтсе де сабыр сақтауың керек
емес пе. Қызметтен шаршап жүрсің. Тілімді алсаң, ең әуелі тынығып ал. Оның
бержағында, путевканың өзін әрең тауып алдың. Алда-жалда Украинаға кете қалсаң,
екі бірдей путевканы қайда қоямыз?

-        Месткомға
қайтарып бер.

-        Ыстықкөлге
сенімен бірге барамын деп Құрманбек те жаз бойына асыға күтіп жүр еді. Балық
аулауға үйретемін деп уәдемді беріп едім оған.

-        Құрманбекті
өзіммен бірге ала кетемін.

Қабыш ауыр ойға батқан күйінде
үнсіз отырды да, бір мезетте даусы толқынып, қорына:

-        Рақия!
Қайғыңа мен де ортақпын. Егер шеккі  қөрмесең,
қасыңа еріп барайын,- деді.

Қабыш тағы да ұмтылып барып,
Рақияның қолын ұстай беріп еді, ол міз бақпай сілкіп жіберді.

-        Әуре
болмай-ақ қой. Құрманбек екеуміз барамыз.

Қабыш қабағын түйіп, сұрланып
біраз отырды да, қол сағатына үңілген күйі төмен қарап:

-        Кешірерсің,
Рақия, бүгін бір танысымның үйіне баратын едім,- дегенде оның үнінен бірдеңеден
қорқып, жасқанып қалған жанның күйі аңғарылды.

Әдетте Рақия Қабышты трамвай
жолына дейін шығарып салатын. Ал бүгін сіресіп шықпай қалды. Рақия шалқасынан
ашық тұрған терезенің ернеуіне отырып ашық аспанға, ай сәулесімен алтындай жарқырап
көрінген Алатауға қарады.

Төсекке жатар алдында Рақия
алыста елеусіз жататын әлдебір қобдиларды ақтарып, ішінен қай-қайдағы бір
суреттерді тауып алды. Суреттерді бірінен соң бірін көзіне тақап көрді де,
еденге шашып тастап, бөлме ішінде теңселіп жүре бастады. Осы сәтте жұмсақ
диванда жатқан Құрманбек ұйықтаған ыңғай көрсетіп, шешесіне білдірмей қарап
қояды. Ол шешесінің диван алдына келіп тізерлеп отыра қалғанын, жұп-жұмсақ,
ып-ыстық алақанымен шашын сипағанын - бәрін де біліп жатыр.

Рақия бүгін таң сәріден тұрды да,
Құрманбекке:

-        Бейсенбі
күні папаңның қабірін көруге аттанамыз,- деді. Құрманбек сөз қайырған жоқ. Мақұлдап
басын изеді.

Қабыш кейінгі күндерде бұл үйге
келуді қойып кеткен еді. Сейсенбі күні, түс әлетінде, Рақия қызметтегі кезде
Құрманбекке телефон соқты.

- Самолеттің билетін реттедім, сағат
екіде барып алатын болдым, кешке таман апарып беремін, мамаңа айта сал,- деді.

Құрманбектің алыс жолға
самолетпен бірінші шығуы осы еді. Биікте самғап ұшып бара жатқан самолеттің
кішкентай терезесінен көзі талғанша қараумен болды. Жаңа шығып келе жатқан
күннің алғашқы сәулесіне малынып, манаурап құлпырған қарлы таулар, зәулім биік
жасыл теректердің тасасында Алматы қалып барады.

Рақия мен Құрманбек жайғасқан
самолет Москваға іңір кезінде жетті. Бірер сағат кідірістен кейін бұлар басқа
самолетке ауысып, Харьковке қарай самғай жөнеліп еді.

Харьковтан шағын бір станцияға
дейін пойызбен баруға тура келді. Бүл станцияда пойыз бір-ақ минут тоқтайды
екен. Рақия мен Құрманбек апыл-ғүпыл түсті де, Тарас Шевченко атындағы колхозға
қатынайтын машинаны күтіп, ұзақ отырып қалды. Жолаушылар станцияда таң атқанша
отырды. Бір мезгілде бір жүк машинасы кездесе кетті. Шофер Рақияны өзінің қасына
кабинаға отырғызды да, Құрманбекке: «Үстіне жайғас»,- деді. Машинаға тиеп алған
тақтай жәшіктердің үстінде өздері секілді жолшыбай кездескен жолаушылар қаптап
отыр.

Тарас Шевченко атындағы колхозға
апаратын жол жақсы екен, зырқыратып екі сағатта жетіп барды. Көшелерінде қолдың
саласындай жасыл теректер бойлап өскен, үйлері шетінен тиянақтай үлкен село
Алматының шет жағындағы бір қабатты жаңа үйлерге ұқсайды.

Шофер машинасын жол аузындағы ең
шеткі үйдің тұсына кілт тоқтата қойды да:

-        Әне,
Оксана Артемьевна... Тауықтарына жем беріп жатыр,- деді.

Шофер оң қолының алақанын
дөңгелете аузына тақап тұрып дауыстап жібергенде ағаш басында жыпырлап отырған
бір топ торғай үркіп ұшып кетті.

-        Шеше!
 Қонақтарыңызды қарсы алыңыз!..

Көк шұбар көйлек киген, орта
бойлы, жұқа өңді сары кемпір қолымен мандайын көлегейлеп тұра қалды да, Рақия
мен Құрманбекке таңырқай қарады.

-        Біз
сізді іздеп келдік, шеше!- деді Рақия есікке жақындай түсіп.

-        Келіндер!
Келіндер!-деп кемпір украин тілін ойнақыландыра сөйледі.

Рақия мен Құрманбекті кемпір бастап
үйге алып кірді. Іші-тысы мұнтаздай, екі бөлмелі шағын үй қонақтарға бірден
жылы ұшырап кетті. Төргі бөлменің шағын екі терезесінің алдында мәнерлі үш құмыраға
қара топырақ толтырып егіп қойған жасыл жапырақты гүлдердің хош иісі аңқиды.

-        Отырындар!-деп
аласа орындықтарды нұсқады Оксана Артемьевна.- Чемодандарыңды кереует астына
қойыңдар.

-        Мен
Құлшымбайдың әйелімін, - деді Рақия,- мынау - ұлымыз.

-        Түр-түстеріңе
қарап өзім де сезіп едім. Бәсе, түрлерің біздің халықтың адамына тіпті
ұқсамайды. Жуықта сіздің апаңыз осында болып, біздің үйге қонып кеткен. Өзі бір
парасатты әйел екен. Сол кісімен екеуміз шүйіркелескенде сендерді де еске алғанбыз...

-        Күйеуімнің
қабірін көрейін деп келдім.

-        Біліп
отырмын!-деп басын изеді де Оксана Артемьевна, суланып кеткен көзін басындағы
орамалының шетімен сүртіп қойды. - Соғыста өлген баламның қабірі Эстонияда
жатыр. Жалғыз балам еді, о да қаза тапты.  Микола еді баламның ныспысы. Барып қабірін
көрейін, мауқымды басайын деп аңсаймын да тұрамын. Кәрімін ғой, жете алмай,
жолда қаламын ба деп қорқамын. Алпыс тоғызға келдім. Және де жиі-жиі ауыра
беремін, бұлтты күндерде сүйек-сүйегім сырқырап жанымды шығарады.

Кемпір өзінің денсаулық жайын
бажайлап айтып, біраз гулеп алды да, бір мезетте:

-        Мылжындап
кеттім ғой деймін! Шешініндер, ас ішіндер, содан кейін сендерге қабірді
көрсетейін,- деді.

Осыны айтты да кемпір төргі
терезенің шілтерлі пердесін бір жағына сырып қойып, тарам-тарам көк тамырлары
талаураған етсіз саусақтарымен терезені нұсқап тұрып есіле сөйлеп кетті:

-        Әне,
ана бір шоқ теректің ар жағындағы төбешікте! Алыс емес.

-        Қазір
барсақ қайтеді, шеше,- деген Рақияның үнінен аңсау, арманы мен жалыныш қоса аңғарылып
еді.

-        Біліп
түрмын, біліп тұрмын, шыдамай тұрсың ғой. Барсақ, барайық, қызым!..

Рақия басындағы қоқайма сұр қалпағын
шешіп тастады да чемоданнан қоңыр түбіт шәлісін алып, басына жамылып алды.
Үшеуі тысқа шықты. Оксана Артемьевна мамырлай басып, баяу жүріп келеді. Жайымен
сөз бастады.

-        Егер
мен өзіңдей уылжыған жас болсам, Эстонияда жатқан ұлымның қабіріне әлдеқашан
барар едім... Тіпті, жаяу барар едім. Әттең кәрілік, осы аласа төбенің басына
қиналып әрең шығамын.

Расында да, соқпақ жолмен төбенің
басына жеткенше Оксана Артемьевна екі-үш мәрте тоқтап, тыныстап алды. Адамның
кеудесінен келетін жасыл шарбақтың ішінде түрлі гүлдер мен хош иісті саргыш
өсімдіктер жайқалып өсіп тұр екен. Үлкен табыт секілді қабір мен ұзынша отырғыштың
арасында қомақты да мығым біткен жас емен бойлап өсіпті.

Мәрмәр тәрізді жылтыр түсті
қоңырқай құлпытасқа ірі ойған жазуды Рақия үн шығармай оқып шықты:

«Неміс басқыншыларымен күресте
1943 жылғы 23 сентябрьде ерлікпен қаза тапқан кіші лейтенант Смирнов Николай
Петрович, аға сержант Нездарбеков Құлшымбай, жауынгер Кривошапка Данил
Григорьевич».

Тастағы жазуды шешесімен қатар
оқып шыққан Құрманбек қабағын түйіп үнсіз қарап тұрды. Қара торы томпақ беті сұстанып,
нәзік саусақтары шамалы дірілдеп түр еді.

-        Жыла,
жыла, қызым!-деп Оксана Артемьевна өзімсіне сөйледі.- Шерің тарқайды. Жүрек
дегеніңіз сіресіп қатып қалған ағаш емес...

Рақия оның сөзін естіген жоқ. Ол
екі қолын айқастыра қайшылап, көзінің алдындағы бір ноқатқа тесіле қарап
қалыпты. Жасқа толған көздер құлпытасқа жаңсақ жазылған фамилияға, қатесіз
жазылған Құлшымбай атына қадалып, көпке шейін тұрып алды.

-        Құлшымбай!-дегенде
Рақияның сүйкімді қараторы бетіне екі тамшы көз жасы ыршып түскенін Құрманбек
те көріп қалды.

-        Шамалы
отырып тыныс алайықшы, - деп Оксана Артемьевна қабір іргесіндегі ұзынша отырғышқа
отыра кетті.

Кемпірмен қатарласып Рақия да
отырды. Құрманбек шарбаққа еңсесін сала сүйеніп қарап тұр.

-        Мен
сенің Құлшымбайынды жақсы білемін,- деп бастады кемпір сөзін.- Мен он екі күн
бойы өз үйімде сақтағанмын. Олардың полкін немістер талқандап тастағаннан кейін
Құлшымбай біздің үйдің шатырында жасырынып жатты. Немістер бізді қырып жібере
жаздады. Көрмеген қорлығымыз жоқ. Осы күні есіме түссе зәрем ұшады. О, жасаған
ием, не көрмедім. Бір күні түн ішінде Құлшымбай анау тұрған қалың орманның
ішіндегі партизандарға тайып тұрды. (Оксана Артемьевна қолымен отырғышқа таянып
тұрды да алыстан мұнартып көрінген орманды нұсқады). Партизандар осы ормаңда
бір жыл тұрды. Мен олардың әскери істерінің егжей-тегжейін қайдан білейін,
айтушылардың сөзіне қарағанда, немістер танктермен өзеннен өтіп бара жатқан
кезінде, көпірді талқандау керек деген бұйрық болыпты оларға. Партизандардың бірсыпырасы
неміс танктеріне граната, күйдіргіш май құйғап шолмек лақтырып, жамсатып жіберіпті.
Ал енді кейбіреулері көпірге от қойыпты. Бірнешеуі қаза тауыпты сонда. Көпірді
бұзған мына қабірде жатқан үш жігіт деседі. Көпірді талқандағаннан кейін үшеуі
біздің селоға келіп екі күн паналап еді. Немістер үй басы тінтіп жүріп тауып
алды да, үшеуін де дарға асып азаптап өлтірді. Бес күн бойы дарға асулы
тұрғанда манайына жан бара алмады. Біз үшеуін бір қабірге жерледік. Кейін
өзіміздің әскерлер келісімен олар қызыл жүлдызбен шарбақ орнатты. Құлпытас
қойды. Бұрынғы заманда өлген адамның басына шойын тақта орнататұғын. Енді көріп
тұрсың ғой, құлпытасқа ойып жазған аттары өмірі өшпейді. Олардың есімдері
мәңгі-бақи ұмытылмайды.

-        Гүлді
кім екті?- деп сұрады Рақия көмекейіне кептеліп қалған көз жасын жұтып.

-        Гүлді
мен ектім, қызым! Қабірді де мен күтіп жүрмін. Осы қабірді баптап күтіп ұста
деп колхоз маған арнап тапсырған. Тапсырмаса да күтер едім, бәрібір... Менің ұлымның
қабірінде ондағы жұрт күтіп баптайды екен. Маған сол қабірдің суретін
жіберіпті. Тамаша гүлдер егіпті, сенің мына ұлыңның бойындай келетін ағаш
егіпті. Бірақ мынадай емен емес, қайың екен, шарбағы да мына шарбақтан айнымайды.
Крест орнына қызыл жүлдыз қойыпты. Маған салса, осы қабірге әдемі крест койған
болар едім, бірақ жауынгерлерге жарамайды ғой!

Кемпір ауыр күрсініп, шоқына
бастады.

Рақия мен Құрманбек Тарас
Шевченко атындагы колхозға келгелі бір жетіден асып барады. Рақияның демалысы
да бітуге тақап қалған. Әйтсе де осы колхоздан кеткілері келмейді. Рақия күн
сайын қабір басына барады да, ұзақ уақыт отырып қайтады. Құрманбек колхоздың
өзі құралпы балаларымен танысып, білісіп алған-ды. Пионерлер Құрманбекті өзгеше
сыйлап, тонның ішкі бауындай жақын тартып тұратын болды. Құлшымбайдың ұлы мындаған
киллометр жерден, алыстағы Қазақстаннан келді! Құлшымбайдың батыр болғанын, ана
төбенің басындағы әдемі қабірге жерленгенін колхоздың кәрі-жасы, бала-шағасы
тегіс біледі.

Жыл сайын 22 қыркүйегінде колхоз
клубында салтанатты жиналыс пен естелік кеш өткізіліп тұрады. Мұғалімдер
ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арнап қабырға газетін шығарады.

-        Менің
әкем де батыр болған,- деді безеу бет сары бала Құрманбекке.- Гранатамен танк
астына кіріп жата қалғанда, сонда өлген...

-        Менің
әкем ұшқыш болған... Жеті орден алған, - деп тақылдап Антоша мақтанды.

-        Менің
әкем!..

Құрманбек жаңа достарының
әңгімесін қызыға тындайды. Бірақ оған аға сержант Құлшымбайдан асатын жақсы
адам да, керемет батыр да дүние жүзінде жоқ сияқты. Өзінің әкесін өңінде түгіл
түсінде де көрмегеніне іштей налиды бала. Балалар Құрманбекті футбол ойнауға
шақырды. Ол балалармен бірге белгілі төбенің басына шығады да, оның арғы жақ
етегіндегі алаңға бара жатқанда, қабір қасындағы отырғышта тың тындағандай,
тапжылмай отырған шешесін де көреді.

Рақия құлпытастан көзін алмайды.
Оның астында мәңгілік ұйқыда Құлшымбай жатыр. Бетпақтың ұшы-қиыры жоқ байтақ
даласы, жалтақ аспан, айлы түн, айнымас серт айтысып қосылган  ләззатты шақ есіне түседі.

Кішкентай футболшылардың
азан-қазан дауыстарына құлақ түріп үнсіз отыр Рақия.

-        Құрманбек!-
деп дауыстады бір бала.- Пасуй!

Міне, Алматыға қайтар мезгіл
жетті. Рақия мен Құрманбек Оксана Артемьевнаны ертіп қабір басына соңғы рет
барды. Рақия екі шоқ гүлді үзіп алып, қастерлеп сумкасына салып қойды.

-        Қош
бол, Қүлшымбай!- деді Рақия қайғылы пішінмен. Мамасының көзіне жас толып
кеткенін Құрманбек тағы көрді.

Сол арада Рақия Оксана
Артемьевнаны қапсыра құшақтап, екі бетін алма-кезек сүйді. Сонда кемпір тұрып:

-        Күйеуіңнің
қабірі жүдеп қалады деп уайым жеме. Біздің батырларды халық еш уақытта естен шығармайды!..
- деді.

Осыдан үш апта бұрын Рақия мен Құрманбек
ілесіп келетін жүк машинасы станцияға барады екен. Әнеугі таныс шофер Рақияны
кабинаға отырғызды. Құрманбек бұл жолы айтқызбай-ақ машинаның үстіне шығып кетті...
Машина селодан шыға бергенде Рақия көзі үйренген таныс төбешікке назар аударып ұзақ
қарап еді. Темір шарбақтың ішіндегі алуан-алуан тамаша гүлдер мен хош иісті сарғыш
өсімдіктер баяу өскен самалмен жайқалып, жығыла ырғалады. Сұңғақ та жіңішке бағананың
ұшар басындағы қызыл жұлдыз ашық аспанның аясында манаурап әсем құлпырады. Өмір
бақи өшпейтін осы қызыл жұлдыздың іргесінде мәңгілік ұйқыда, өзінің
серіктерімен айқаса құшақтасып аға сержант Құлшымбай Қыздарбеков жатыр.