ВЕРНУТЬСЯ

     Алматының маужыраған жазға
бергісіз алтын күзі бабында. Профессор Исатай Бекжановтың үш бөлмелі пәтері күн
сәулесіне малынып, гүл-гүл жайнайды. Исатай өзінің кабинетіндегі жазу үстелінің
шетіне екі шынтағын төсеп отырған қалпында, алдындағы ашық жатқан кітабын жауып
қойды. Толқымалы көңіл күйінің әсерімен бөлмені жаңғырықтырып әндетіп кетті:

Арканың кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп, Жүреді
біліп кетіп есен-сауын...

Ән пышақ кескендей үзілді. Қабағы
түйіліп, түсі бұзылды. Дудыраған тарлан шашын оң жақ алақанымен сілкіп жіберіп,
тебірене күрсінді. Әлгі бір шумақ өлең көңілге түрлі ой салды. «Осы тамаша өлең
мен ән иесі Сәкен Сейфуллин де өтті-ау дүниеден. Әттең, не керек, өмірі тым ерте
үзілді. «Өлді деуге бола ма, ойландаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Абай
сөзін айтып күбірледі.

Шайқала басып Гүлжан келді.
Қолында жасыл конверті бар. Наздана еркелеп, хатты Исатайға берді. Ол кеспелтек
кесек денесімен шапшаң қозғалып, аласы аз қара көзі нұр жайнап, оң жақ бұрыштағы
жұмсақ креслода шалқая отырған қалпында әуелі конверт сыртындағы жазуға көз
жіберді.

- Тағы да әлгі ауылдағы шалағай
балалар шығар,- деді қынжылып,- адресін жаза салса нелері кетеді екен, түге. Конверттің
бір жақ шетін тырнағының ұшымен жыртып ашты да, ішіндегі хатты алып үнсіз оқи
бастады. Кенет сұрлана қалып, оң жағына сәл қисайып кетті.

-        Папасы-ау,
саған не болды?!-деді Гүлжан абыржып,- әлдебір жаманат хабар жазып па?!.

Исатай креслоға түзеліп отырып,
хатты Гүлжанға берді.

-        Мә,
оқы.

Гулжан хатты даусын шығарып
оқыды: «Қадірлі, Исатай ағай! Ертең, яғни 1964 жылғы 12 қыркүйек күні кешкі
сағат жетіде зайыбыңызбен біздің үйге қонаққа келіңіз. Адресіміз: Алматы
каласы, Киров кешесі, 69-үй, 8-пәтер. Салық Жәмпейісовтің балалары».

-        Осы
хаттан сен не ұқтың, Гүлжан?-деп сұрады Исатай көзі алақтап.

-        Түсінсем
бұйырмасын,- деді Гүлжан есі кетіп, - Салықтың балалары мұнда қашан көшіп келіп
еді?

-        Бәлкім,
бұдан бір үлкен тарихи оқиға туып қалар, -      деді
Исатай оң қолын шошаң еткізіп.

-        Қойшы,
папасы,-деді Гүлжан дес бермей, - қайдағы жоқ бірдемеден қопағардай қорытынды
шығарып, аспанға шарықтап кететін әдетің бар-ау сенің...

Исатай хатты Гүлжаннан алып,
қайта оқып шықты.

-        Менің
білуімше, осы хаттың астарында таудай сыр жатыр,- деді екпіндеп.

-        «Айдалада
ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» сықылды жұмбақ қой бұл,- деді Гүлжан түңіліп. -
«Салықтың балалары» дейді. Олар Алматыға көшіп келген болса, біреуден болмаса,
біреуден естір едік... - Ойға қалды.

-        Ә,
таптым, таптым. Аяқ астынан қалжыңдап, сенің басыңды қатырып жүрген, дәу де
болса, Дүйсенбай құрдасың шығар. Телефон соғып білші. Гүлжан осыны айтты да:
«Бір шаруаны тындырып келейін», - деп шыгып кетті.

Исатай хатты қолына қысып ұстап,
бөлме ішін айнала кезе бастады. Мына жұмбақ ойын онға бөліп мазалап барады.
Өткен жылдарды есіне түсіріп, ескі жараны білтеледі. Ертең Салықтың туған күні
екені есіне түсті. Қүңірене сөйлеп жүр: «Қайран досым, Салық! Талай тар жол,
тайғақ кешулерден қажымай өтіп еді... Сонау жиырмасыншы жылдарда Қазақстан
комсомолы жетекшілерінің бірі болды, жаңа заманның жалынды жас ұрпақтарын
тәрбиеледі, шұғылалы болашаққа бастады. Отты жүрегін, болаттай жігерін еңбекші
халық игілігіне, социализм жолына бағыштады. Әлденеше жылдар бойына партиялық
жауапты қызмет атқарды, өмірінің соңғы жылдардында Москваға қызметке ауысты...»

Енді бір ыңғайланып алып,
Дүйсенбаймен хабарласуға айналғанда үстелдегі домалақ қара телефон шылдырлап
қоя берді. Исатай дереу телефон тұтқасын құлағына тосты.

-        Тыңдап
тұрмын. Иә, мен Исатаймын.- Сәл тоқтап, жадырай сөйледі. - Дүйсенбаймысың? Үй
іші, балалар тегіс аман ба? Біз де аманбыз... Салықтың балаларынан дейсің бе? Ой,
мынау бір қызық болды ғой. Сондай бір жұмбақ хатты бүгін мен де алдым. Олардан
біз де хабарсызбыз. Салық қырық бірінші жылы күзде соғыста қаза тауыпты
дегеннен басқа... Болат онда төрт жаста, Надежда Николаевна сол жылы Москвадан
Ярославль қаласындағы төркініне көшіп кетіп, қырық екінші жылы қайтыс болыпты
деген. Содан кейін хабарсызбыз... Оны өзің де білесің. Саған телефон соғайын
деп отыр едім... Міне, Гүлжан да келіп қалды, әуелі сонымен сөйлесші... -
Телефонды Гүлжанға берді.

-        Филология
ғылымының докторына тарих ғылымының кандидатынан сәлем. Балалар аман ба? - Аз
кідіріп сөз тындады.- Біздің Исатай да сондай бір домалақ хат алып, әлек-шәлек
болып отыр... Бәсе деймін-ау, бұрын неге байланыс жасамаған?.. Телефонды Исатайға
берейін.

-        Ал,
Дүйсенбай, қалай етеміз?-деді Исатай күлімсіреп,- сонымен, көрсетілген адрес
бойынша барамыз ба? Құп болады, шақырған мезгілінен кешікпей барайық. -
Телофонды іліп қойып, қасында тұрған Гүлжанға мойын бұрды.

-        Сен
не дейсің?

-        Папасы-ау,
қалай десең де осы хат миыма қонбайды,- деді Гүлжан керме қастай керілігі,
қарақаттай мөлдіреген көзін төңкеріп,- мен білсем, екі ортада Дүйсенбай
екеуінді ажуалап жүрген бір қудың сайқымазағы бұл.

-        Қандай
қу болса да құрбыларымен былай ойнамайды, - деді Исатай шындыққа бекініп.-
Менің білуімше, осының өзі бір бейнелі әрекет. Орысша айтқанда, мұны сюрприз
дейді. Бара көрейік.

-        Әлдекімнің
өтірігіне нанып, жұртқа күлкі болып жүрмесек...

-        Ондай
күдікті басыңнан шығарып таста.

-        Құр
қол барамыз ба, сыйлық апарайық.

-        Тіпті,
ойыма да келмепті. - Исатай төмен қарап ойланып қалды. Аздан кейін еңсесін
көтеріп, жымындай сөйледі. - Бір қызық болсын, Салықтың маган сыйға берген
алтын сағатын Болатқа апарып берейін.

-        Оның
болмайды, папасы,- деді Гүлжан басын шайқап,- әкесі берген сыйлықты баласына
қайта беру келіспейді.

-        Менің
ойымша, ең бағалы, бейнелі сыйлық осы болады,- деді Исатай өз сөзінен ләззат алғандай
рақаттана тамсанып.- Несі бар, «Достарыңа әкендей мейірімді бол» деп, күміс
қобдиының сыртына өрнектеп, жаздырып берейін.

-        Тілімді
ал, папасы,- деді Гүлжан,- олай етпе, қымбат алтын сағат сатып ал да, қақпағына
жаздырып бер.

-        Мақұл,
ендеше,- деді Исатай келіскен сыңай көрсетіп,- Салық берген сағатты әкелші,
көрейік.

Гүлжан кітапқа лық толы қызыл
күрең шкафтың оң жақ шеткі жәшігінен қол басындай әдемі күміс қобдиды алды.

-        Баяғы
қалпында жарқырап тұр,- деді сағатты алып көріп, Исатайға әкеп берді.

-        Иә,
сондағы жаңа қалпында жайнап тұр,- деді Исатай сагатты көзілдірігіне тақап ұстап.
- Жазуына қарашы: «Исатайға, 30 жасқа толғанда. Мәңгілік достық белгісі. 20
май, 1935». Көзілдірігін алып тастады. Көзінің жасы мөлтілдеп, сағатты
кеудесіне басты. Гүлжан да көңілі босап, бей-жай болған. Осы сағат оған өтіп
кеткен жастық дәуренінің, тамаша достардың жоғалмас бейнесіндей көрінді.

Исатай сағатты ептеп бұрап еді,
көзден таса нәзік тетіктер еміс-еміс қозғалып, сыртылдап жүре бастады. Исатай
оның тілін өз қолындағы сағаттағы 12-ге дәлдеді де, қастерлеп үстелге қойды.

-        Сен
тарихты ақтарып отыра тұр,- деді Гүлжан,- мен қазір зергерлік бұйымдар
дүкенінен алтын сағат сатып әкелейін.

Исатай ойға шомып отырып қалды.

 

* * *

Исатай, Гүлжан, Дүйсенбай, Биғайшалар
сый-сауқаттарын көтеріп, кешкі сағат жетіде айтылмыш үйге келіп жетті. Пәтерді
тез тапты. Есіктің қоңырауын  Исатай
басты. Ішкі жақтан біреу тық-тық басып келіп, есік ашты. Қою қара қасы қиылған,
кең аумақты өткір қара көзі оттай жайнаған, бидай өңді, орта бойлы толықша
жігіт шыға келді. Аумаған Салық!

-        Болат!-деп
қалды Исатай шыдамай.

-        Иә,
мен Болатпын, Исатай аға! - Ол бәрімен қол алысып амандасты.

-        Қарағым-ау,
мен сені әкеңе ұқсатып таныдым, -деді Исатай үйге кіре беріп,- сен мені қайдан
білесің?

-        Біздің
үйде сіздің суретіңіз бар, Исатай аға, - деді Болат қонақтарын бос бөлмеге
бастай беріп, - Дүйсенбай аға, сіздің де...

-        Төрлетіңіздер,
құрметті қонақтар.

Жасаулары жайнаған кең бөлменің
күнбатыс жақ ендік төрінде төңірегін алтын сырмен аптаған Салықтың үлкен суреті
бірден көзге түсті. Қонақтар отырмастан суретке жақындап барып, алдына
қаз-қатар тізіліп тұра қалды.

Салық! Тірі күніндегі қагілез,
сүйкімді сипатында жарқын күлімсірейді. Қарлығаштың қанатындай имек қасы
қиылып, кірпіктері шаншылған қара көзі мөлдіреп, мейірімді әлпетпен қарайды. Үстінде
осындағы жандардың бәріне таныс қима жағалы френші. Көмірдей қалың қара шашын құлақ
шекесінің тұсынан қақ бөліп, оң жағына жатқыза қайырған.

Қонақтар Салық алдында бір
минуттай үнсіз тұрып, тәжім етті де, қызыл пүліш диванға жайғасты.

Болат қонақтарынан кешірім
өтініп, аз ғана уақытқа шығып кетті. Нәзік денелі, сұңғақ бойлы, алтын шашты,
ақ сары келіншекті ертіп әкелді.

-        Танысып
қойыңыздар, келіндеріңіз Нина Васильевна, - деді Болат.

Келіншек қымсына жымиып,
конақтармен кезек-кезек қол алысып амандасты. Жаңағы әзірде, олар келгенде үйде
болмағанын ескертіп, кешірім сұрады.

Салықтың достары, олардың
зайыптары Болат пен Нинаны құшақтап сүйіп жатыр.

-        Ал,
Нина, сен де осында отыра тұр, - деді Болат бір маңызды мәселенің ұшығын көрсетіп,-
бауырлар бүгінгі ғанибетті мәжілісімізді осы бөлмеде папамның алдында бастасақ деймін.

Қонақтар дүр қозғалып, Болаттың
пікірін үнсіз қостады. Бәрі соның аузына қарай қалды.

Болат қонақтарына бір, әкесінің
суретіне бір қарап қойып, жігерлене сөйлеп кетті.

-        Бүгін
менің папамның туған күні,- деді ол жаны елжіреп, - папам тірі болса, 60 жасқа
толатын еді.

Отырған қонақтардың көзіне жас
іркілді. Енді сәлден кейін жұрт сабасына түсті. Дүйсенбай алпамсадай ауыр
денесімен орындығын сықырлата қозғалып, Салықтың тірліктегі бір ерекше
мінездерін, қызық сөздерін айтып шалқып алды.

-        Әкемнен
төрт жаста қалдым,- деді Болат бір мезетте бәріне айнала қарап,- туған әкемнің
тірі күніндегі түр-тұлғасын, даусын анық білмеу өкініш болады екен.

-        Иә,
қалқам, сен әкеңнен жас қалдың ғой,- деді Исатай қамығып.

-        Бірақ
әкемнің өмір жолын жақсы білемін,- деді Болат кенет жадырап,- мамам марқұм
естелік жазып қалдырған. Оку бітіргенде туған жеріңе бар, әкеңнің достарын
тауып ал деген өсиеті бар еді.

Болат енді жайлана отырып, өздерінің
хал-жайларын баяндап берді. Айтып отырса, өмірбаяны бір парақ қағаздың жарты
бетінен аспайды екен. Қырық екінші жылы қайтыс болған мамасын күйзеліп еске
алды.

Нина екеуі өткен жазда
Ленинградтағы ауыл шаруашылық институтының механизация факультетін үздік бағамен
бітіріпті. Екеуі әрі ойлап, бері ойлап, Қазақстанға барып қызмет істеуге бел
байлапты. Бір кездегі белгілі қайраткер, Отан соғысында қаза болған Салық
Жәмпейісовтың баласы екенін айтып, қызметке орналасуына көмектесуді өтініп,
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретарына хат жазыпты. Институт
бітіргенде алған дипломының көшірмесі мен партия ұйымының мінездемесін қоса
жіберіпті.

Арада он күн өткенде үлкен
кісінің өзінен арнайы телеграмма келіпті. «Алматыға тез келіңіздер, жұмысқа
орналастырамыз, келетін мезгіліңізді, пойызыңыздың, вагоныңыздың нөмерін
көрсетіп, телеграмма арқылы менің атыма хабарлаңыздар»,- депті.

-        Бүгін
қыркүйектің он екісі,- деді Болат әңгімесін тұжырымдағысы келіп,- біз Алматыға
5 қыркүйек күн келіп түстік... Мына ғажапты қараңыздар, Орталық Партия Комитеті
мен Министрлер Советінің екі жігіті бізді пойыздан машинамен қарсы алды. Бастап
әкеліп осы өздеріңіз көріп отырған үйге күмп еткізіп кіргізіп жіберді. Бүкіл
қажетті жиһаздарына шейін жайнатып қойыпты.

Исатай сөзді белді:

-        ГІартияға,
мейірімді үлкен кісіге мың да бір алғыс. Дүйсенбай тебіреніп кетті:

-        Үлкен
кісі Салықтың көзін керіп еді, комсомолдық тәрбиесінде болып еді, соны ақтаған
екен.

-        Мейірімді,
қайырымды адам осындай-ақ болар, - деп оның сөзін зайыбы Биғайша күшейтіп
жіберді.

Бұлар Болат пен Нинаның өтініші
бойынша қатар бөлмедегі жасаулы дастарқанға ауысты. Көңілді мәжіліс басталды.
Исатай бастап, әрқайсысы, Салық ұрпағына игі тілек, жақсы сөздерін айтып, сөз
арасында әкелген алтын сағатты Болаттың білегіне байлап берді.

Тамақтан кейін бұлар әлгі таныс
бөлмесіне қайта келген. Еркін әңгіме басталды. Орталарында Болат пеп Нина. Әйелдер
Нина келінмен шүйірлесіп кенеліп қалды. Қара былғарымен тысталған альбомды
ақтарып, Салық пен Надежда Николаевнаның суреттерінен бастап, Болат пен Нинаның
оқу бітіргенде түскен суреттеріне шейін көріп шықты. Исатай мен Дүйсенбайдың
ертеректе Салықпен бірге түскен суреттері де осы альбомнан табылды.

Надежда Николаевнаның жеке түскен
әдемі суретін көріп отырып, Дүйсенбай бір соны сөз бастады.

-        Бәрінен
бұрын Надежда Николаевна қазақшаға жетік еді,- деді.

-        Тіл
білгені өз алдына,- деді Исатай іле,- қазақтың халық әндерін келістіріп
шырқайтын.

Болат орнынан үшып тұрып:

-        Кешіріңіздер,
қазір келемін,- деді де, бөлмеден шығып кетті.

Қонақтар бір-біріне тандана
қарасып, үнсіз отырып қалды.

Болат қолына томпиған қоңыр
домбыра ұстап, лезде қайтып келді.

-        Ағайлар,
мына домбыраны қайсыңызға берейін! - деді ол жайрандай күлімсіреп.

-        Мына
ғажапты қара,- деді Исатай домбыраны көлденең ұстап,- отыз төртінші жылы отыз
жасқа толғанда Салыққа менің сыйға берген домбырам.

Домбыраны Дүйсенбай алып, тандана
көріп жатыр. Әйелдері де естері кетіп елеңдей қалған.

-        Дәл
өзі, сондағы сен берген домбыра, - деді Дүйсенбай күрсініп,- мына қарашы,
кақпағындағы белгі жазуы да өшпепті.

-        Мамам,
марқұм, осы домбыраны ұзақ жылдар бойына қастерлеп сақтапты,- деді Болат
күрсініп, - кеше осында көрші бір жігітке ішегін жаңарттырып алдым.

Исатай домбыраны қолына алып,
тықылдатып шертіп-шертіп, күйіне келтіріп алды. Төргі қабырғадағы Салықтың
бейнесіне аса бір көңілді шыраймен қарап қойды.

-        Салық
«Ғайни» әнін сүйіп айтатын еді, соны айтып берейін,- деді. Домбыраны оңғайлап
ұстап, екі ішек пен тоғыз пернені адамша сөйлетіп, шырқай жөнелді.

Ғайни қыз, дидарыңа болдым ғашық,
Ойнақтан жүрегімді толқын басып,Сағынып барғанымда тіл қатпадың, Күйігі
құмарымның кетті-ау асып...

Бәрі әнге қосылып, бөлме ішін
жаңғырықтырып жіберді.