ВЕРНУТЬСЯ

        Жасыбай ұстаханадағы жұмысынан
бүгін үйіне кеш қайтты. Ұлмекен де үйде жоқ еді. Жеті жылдық мектепті бітірген
балалардың құрметіне өткізілетін ата-аналар кешіне барамын деп мана ескерткен.

Жасыбай әлсін-әлсін терезеден
қарайды. Ол Ұлмекен мен Зояның мектептен қайтуын асыға күтеді. Бірақ олар жуыр
маңда келе қоймады. Ол тағатсызданып тысқа шықты да, үй алдындағы ұзынша тақтай
орындыққа отырды.

Жалтаң аспанның күнбатыс
желкесінде жарқыраған жаңа ай сапсыз қол орақ секілді. Самсаған сансыз жұлдыздар
жымындайды.

Жаңа туған жас айға, аспан
әлемінде қаптаған есепсіз көп жұлдыздарға сүйсіне қарап отырып, Жасыбай бір
ауық қиялдап кетті. Ең алдымен оны толғандырып, кәрі жүрегіне қуаныш нұрын құйған,
жан дегенде жалғызы Зоя жайы.

Зоя бүгін жеті жылдық мектепті
бітірді. Көкесі оның мектепке алғаш барған күнін есіне түсіріп, бір күнгідей
болмай өтіп кеткен жеті жылдық бел-белестерін оймен шарлап шықты.

Елу бірінші жыл. Бірінші
қыркүйек. Мәуелі бау-бақшаға бөленген, мәңгілік мұз бүркеніп, қар жамылған
Алатаудың баурайындағы «Жаңа тұрмыс» колхозы бүгін өзгеше түрленіп, көркейіп
кеткен. Уақыт таңертеңгі тоғызға жақындағанда балалар жан-жақтан қаптап, үлкен
көшедегі тас жолдың бойымен мектепке қарай кетіп барады. Орталық кең аландағы
зәулім ақ мектептің мандайшасындағы қызыл жалау жас ұландарды оқу-білімге, зор
өмірге шақырғандай таңертеңгі салқын самалмен төңкеріле желбірейді.

- Балалар, бірің қалмай мектепке
келіндер!-деп сайрайды көшедегі діңгек басындағы репродуктор.

Мектепке беттеген соңғы бір топ
баланың арасында талдырмаш сары қызды қолынан жетектеп, шоқша сақалды, ұзын
бойлы қара кісі кетіп барады. Ол 
кішкентай Зоясын мектепке агпара жатқан Жасыбай еді. Ақ алжапқыш байлап,
қоңыр көйлек киген, қос тарамдап өрген ақшабдар шашына қызыл лента байлаған Зоя
әкесінің  сол жағында тымпындап аяңдайды.
Оң қолына шошайтып ұстаған гүл шоғы күн сәулесімен түрлене құлпырады. Мойнына
асқан қара барқыт сөмкесі сирағына соғылып, бұлғандап, дамылсыз мазалайды.

Мектеп алдындағы аласа, жасыл
шарбаққа жете бергенде, Жасыбай кілт тоқтап, Зояны көтеріп алып, қапсыра
құшақтап тұрып, екі бетінен алма-кезек шөпілдетіп сүйе берді. Қорыққан мен куанған
бірдей деген емес пе, көзінен жас ытқып кетті. Зояны жерге түсіріп, өз
білегіндегі алтын сағатқа қарап, күлімдеп тұрып, оған тіл қатты.

-        Сағат
тоғызға аз-ақ уақыт қалды... Қадамың қайырлы болсын, құлыным!

Зоя жымындап үнсіз бас изеп,
мектеп шарбағының есігінен ішке кіре берді.

Зоя қашан мектепке кіріп кеткенше
Жасыбай оның артынан қарап тұрды. Тасқынды қуаныштың әуезесіне еріп, жүрегі
елжіреп, бойы балқып, күбір күбір сөйлейді: «Құлыным, қарашығым, айналдым мен
сенен, оқы, адам бол...» Ол енді үйіне қайтуға ыңғайланып, артына бұрыла берді
де, мектептің оң жағын жанап өтіп, белеске өрлеген даңғыл қара жолға көз
жіберді. Жасыбайдың ұшқыр қиялы алысқа, биікке самғап кетті.Ұясынан қанат қағып
ұшып, бүгін мектеп есігін ашқан кішкентай Зоясының алдында дәл осындай кең, дәл
осындай даңғыл, ұзақ өмір жолы сайрап жатқандай көрінді оған.

Жасыбай тәтті сезімге бөленген
бойымен үйіне келіп, апыл-ғұпыл шайын ішті де, жұмыс киімін киіп, колхоз ұстаханасына
кетті...

Жасыбай ойы енді шартарапқа
шалқып кетті. «Сол күні Ұлмекен үйде жоқ еді-ау, ә?»- деп бір қойды.

Зояның әжесі Ұлмекен колхозда
атақты сауыншы әрі он саусағынан өнері төгілген шебер тігінші. Зояның оқуға
киетін формалы көйлегін, кітап, қағаз-қарындаш, қаламсия салатын мақпал барқыт
сөмкесін өзі тігіп берген-ді.

Жасыбай орыс, қазақ және басқа
алуан ұлттардан бас құраған «Жаңа тұрмыс» колхозына мекен салып, темір ұстасы
болғалы бері табаны күректей ширек ғасыр өткен екен. Ойлап отырса, содан бері
ол талай-талай қуанышты да, қайғыны да басынан кешірді. Осы уақыттың ішінде Жасыбай
мен Ұлмекеннің екі бірдей баласы өліп, қайғысы қаусатып кетті. Егер тірі
болғанда үлкен ұлы Болат биыл он сегізге, қызы Гүлсім он алтыға келер еді.

Ұлмекен мен Зоя мектептен түнгі
сағат он бірге жақындағанда оралды. Жасыбай Зояның мектепті жақсы бітірген
куәлік қағазын көргенде есі кете қуанып, кең бөлмеге сыймай күпілдеп кетті.

-        Мә,
қарғам, мына қағазды алшы!-деп, Жасыбай Зояның туғанда тіркелген куәлігін өзіне
берді.

Зоя ол қағазды қолына алып,
көзіне жақындатып аз-кем ұстап тұрғанда, бір жақтан әжесі қиыла сөйледі:

-        Даусынды
шығарып оқышы, құлыным.  Зоя оқи бастады.

-        «Жаналина
Зоя Жасыбай қызы, 1944 жылы 20 тамызда туған. Шешесі Жаналина Ұлмекен Шоқай
қызы, ұлты қазақ...» Зоя күлімдеп қағазды, әкесіне ұсынды.

-        Мәңіз,
көке, менің куәлігімді сандыққа салып қойыңыз.

Бұрын әлденеше көрген бұл қағазды
әкесінің осы арада не себептен көрсеткеніне Зоя зер сала қойған жоқ.

Жасыбай куәлік қағазды
бешпентінің омырау қалтасына қастерлеп салып қойды.

Ұлмекен Жасыбайдың тершіген
дөңгелек бетіне үнсіз қарай қалды. Оның әлдебір жаңалық-хабар айтуын күткендей
сыңайы бар. Зоя теріс айналып, ауыз үйге кете бастап еді, Жасыбай оның қолынан
ұстай алып, тоқтатып қойды.

-        Отыр,
жаным, мен саган бір әңгіме айтып берейін,- деді ол.

- Айтыңыз, көке,- деді Зоя бір
қызық ертегі айтатын шығар деген оймен.- Ертегі айтып беріңіз маған, жарай ма?

Зоя осыны айтты да, әкесінің оң
тізесін баса бөстек көрпеге отыра кетті. Осы кезде алшақтау отырған Ұлмекен
жамбасымен жылжып келіп Жасыбай мен Зояның қарсы алдына жақындап отырды. Ол
қағлез ақша беті құбылып, карақат көзі мөлдіреп, қалам қасы қиылып, Жасыбайдың
аузына қарай қалды.

Жасыбай жазық мандайын, жалпақ
бетін ақ торғын орамалымен қапсыра сипап қойып, мұңайған пішінмен сөзін соза
берді.

-        Менің
саған айтқалы отырғаным ертегі емес, балам! Шын болған уақиға.

Осы тұста Ұлмекен сөзге араласты.

-        Айтатын
болсаң, тезірек айтсаңшы, Зоя жатып ұйықтасын...

-        Апыр-ай,
кемпірім, сен маған бүгін тиісе бердің-ау,- деп, Жасыбай ыңғайсызданып қалды
да, айтар сөзінің жөнін ойша түзеп алып сайрап кетті.- Қарағым Зоя, сен, міне,
жетінші бітірдің. Әжең екеуміз он төрт жыл іште сақтап келген бір сырымыз бар
еді, соны айтқалы отырмын... Саған айтайын деген осы әңгімемнің бірсыпырасы
мына қағазға жазылған, оқысаң бәрін де ұғасың...

Бешпентінің қойын қалтасынан бір
қағазды дереу суырып алып, оны Зояға берді. Зоя қағазды ішінен оқи бастады.
Онда мынандай сөздер жазылған екен: «Қадірлі Жасыбай аға, Ұлмекен апа, осы өсиетхатымды
сіздерге арнап жаздым. «Жаман айтпай жақсы жоқ», алда-жалда осы аурудан жазым
болып өліп кетсем, артымда аманатым қалсын. Шамам келсе, мендетіп бара жатқан
дертім мұрсат берсе, өздеріңізбен тілдесіп, ой-пікірімді толығырақ айтармын.

Артымда жаңа туған бөбегім қалып
барады, жиырма екі жасымда ажал тырнағына ілінейін деп тұрмын. Мен дүниеден
өкінбей өтемін. Неге десеңіздер, менің өмірімнің ұзақ жалғасы бар. Ол өседі, ер
жетеді, үлкен адам болады, папасы үшін, мен үшін өмір сүреді. Кішкентай
нәрестемді сіздерге арнап тапсырдым. Біріңіз туған әкемдей, біріңіз туған
шешемдей болған ақ ниет, адал дос адамдар едіңіздер. Менің балапанымды әлпештеп
өсірерсіздер. Мен сіздердің адамгершіліктеріңізге кәміл сенемін. Баламның атын
да қоя алмадым. Бөбектің атын менің құрметіме Зоя қойыңыздар. Загске апарып
тіркеткенде өз аттарыңызға жаздырыңыздар. Зоя аман болып мектепке бара қалса,
менің өсиет хатымды жетінші класс бітірген күні өзіне оқытыңыздар. Сіздермен
және папасымен бірге түскен сүретімізді де сол күні көрсетіңіздер. Отан соғысында
қаза тапқан әкесін, жастай арманда өлген анасын Зоечка жүрегіне сақтап, еске
алып жүрсін.

Сіздер оның санасына осы
сөздерімді құйыңыздар.

Қолым қалтырап, басым айналып,
осы хатты әрең жаздым.

Қош болыңыздар, менің
сүйіктілерім, Жасыбай аға, Ұлмекен апа! Жүрегімді жарып шыққан балапаным Зоя,
сен де қош бол!

Осы өсиет хатты жазған Титова Зоя
Григорьевна, Ленин сельсоветіне қарасты «Жаңа тұрмыс» колхозындағы жеті жылдық
мектептің мұғалимасы. 1944 жылғы 27 август».

Зоя өңі құбылып, үнсіз қатып
қалды. Жаңағы оқығандары оған өң мен түс арасындағы бұлыңгыр қиял, бұлдыр
елестей сезілді. Көкесі мен әжесі Зояның осы сәттегі мазасыз аужайын бағып,
түстері қашып, томсара қалған. Зоя көкесі мен әжесіне алма-кезек тесіле қарап,
толқынып тұрып:

- Түсіндім, көке! Түсіндім,
әже!-дей берді.

Жасыбай қойын қалтасынан және бір
қағазды алып, оны Зояға берді де:

-        Енді
мына қағазды дауысынды шығарып оқы, қарғам! -деді.

Зоя төрт бүктелген сарғыш қағазды
аса бір сақтықпен жайлап жазып, баяу дауыспен оқи бастады... «3. Г. Титоваға.
Сіздің еріңіз аға лейтенант, батальон командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары
Титов Василий Никанорович Литваның Плунгияне ауданында, неміс басқыншыларымен
кескілескен ұрыста 1944 жылы 2 август күні ерлікпен қаза тапты. Марқұмнын мүрдесі
Алседжай деревнясына жерленді. Әскер бөлімінің командованиесі...»

Зояның беті бір қызарып, бір
қуарып, Жасыбай мен Ұлмекеннің арасына отыра кетті. Қолындағы қағазды көкесіне
беріп толқына үн қатты:

-        Бұ
да түсінікті...

Жасыбай Зояны бауырына тартып,
оның шашын алақанымен сипап қойып, мандайынан құшырлана сүйді.

-        Зоя,
жаным,- деді ол,- папаң мен маманды жүрегіңе сақта. Олар біздің ауданның
қадірлі адамдары болған. Василий өте ақылды, парасатты жігіт еді, мамаң екеуі
осы сен оқыған мектепте мұғалім болып істеген.

Жеті жыл дәм-тұзымыз араласып,
арамыздан қыл өтпейтін дос болдық. Зояны туған қызымыздан, Васяны туған ұлымыздан
кем көрмейтін едік. Әттең, не керек, екі жас мезгілсіз өліп кетті.- Ол Ұлмекенге
назар ау-дарды.- Әжесі сандықтағы суреттерді әкелші, Зояға көрсетейік.

Ұлмекен жалма-жан төр алдындағы
сары ала әбдірені ашып, ішінен Василий мен Зоя Григорьвнаның бірге түскен
суретін алып, оны Зояға әкеп берді. Жасыбай екеуі сол суретке үңілісіп, «мынау
папаң, мынау мамаң» деп көрсетіп жатыр. Вася мен Зоя бұл суретке Вася армияға
аттанарда, қырық үшінші жылдың желтоқсанында түскен.

-        Бұл
суретті рамаға салып, шынылап іліп қояйық,- деді Зоя нәзік даусы дірілдеп.-
Өмірлік ескерткіш болсын.

-        Папаң
мен маманды біз ұмытпаймыз,- деген сөздер Жасыбайдың көмейінен әсем әндей
күмбірлеп шықты.

-        Иә,
ұмытпаймыз,- деп Ұлмекен көзінің жанарына іркілген жасты сұқ саусағымен сүртіп
тастады.

Жасыбай, Ұлмекен, Зоя үшеуі
Василий мен Зоя Григорьевнаның суретіне табынып үнсіз ұзақ отырып қалды.