ВЕРНУТЬСЯ

      Алты діни кәлима

Күніне алпыс мәрте қайтарып,

Атыңды айтам, ай, Маңқыстау пір-ием.

Көк арбада шайқалып,

Көкем Сыпыра көшкенде,

Көзінен бұл-бұл
ұшқан көркем де мұңды дүнием.

Кәлденең жатқан құба шың,

Сағым да болып тумадық,

Сағынғанда саған барып құларға.

Мұнар да мұнар мұнарда,

Өрт алғанда қиясын,

Көтеріп ұшып ұясын,

Тәуекел деп қойып кеткен ұлыға,

Біз дағы бір адасқан лашын.

Ойласам, көңіл жабығар,

Самның салқар
құмы тағы бар.

Тыңдар құлақ табылса,

Әр қазақта он қазақтың зары бар.

Сағыныш деген - сары нар,

Сары нардың бұйдасын

Ұстатып ұлдың
қолына,

Түстім Хақтың жолына.

Атам Бекет, жебеші,

Бұлдыр, бұлдыр,
бұлдыр тау,

Бұлдыр таудың төбесі,

Бұл қай
бала демеші.

Бұлдырықтай
сол жетім

Бұлдырап ұшып
жеткенде,

Бұлқынып
барып жай табар

Бұл
жүректің көрде жатқан иесі.

Мен шаршағам жоқ,

жол шаршады.

Жатыр белін жаза алмай бұратылып,

Қарамайды әлемге мына тұнық.

Алапес түн қойнынан кеше мені

Алып қашты ол тұлпар боп тік атылып.

Алапес түн не екенін білесің бе,

Шамаң келмей тіресіп, күресуге,

Зулап лай ағыспен жөнелесің,

Ескегі жоқ қайықка мінесің де.

Түріп бір сәт тұңғиық
түнге құлақ,

Батып бара жатасың бірге құлап -

Су перісі сүмбіл шаш, балық қанат,

Сұп-суық
боп қойныңа енген уақ.

Үзіледі ақ пері өбіп беттен,

Неткен сымбат, дариға-ай, көрік неткен!

Сансыз қу бас жағада тізіліп тұр

Сол перінің қойнында өліп кеткен.

Жетер дедім Ләйліден шалқып көп күн,

Жайылса да алдыма барқыт боп түн.

Жүрегімнің түбінен бір жел шықты,

Түстім дағы сол жолға, жортып кеттім.

Білмейтін түн осы ма егілуді,

Қарғады-ай бір тілінен төгіп уды.

- Сен түбіне жеткенсің талайлардың!

Ал мен, - дедім, - жек көрем жеңілуді.

Тосқауылды, бөгетті самсаған көп

Жарып өтіп, ағысқа қарсы ағам деп,

Мынау сол жол бұлдырап
шаршап жатқан,

Мен шаршағам жоқ.