ВЕРНУТЬСЯ

         Әлқисса, гәп осымен бітті дейді,

Екеуі аулақ қонып,

сырт түнейді.

Бұл өзі
қандай ағаш жапанда өскен?

Әуес ой жатса-тұрса
түрткілейді.

Айтуға Хауа анамыз жүрексініп,

Барады күннен күнге жүдеп, сынып.

Құмары қанбай

Адам оянады,

Әр түрлі әуес оймен түнеп шығып.

Терем деп алыс барып гүлді кілең,

Қарайды жасырынып бір-бірінен.

Нән ағаш...

алтын теңге жапырақтары,

Ойнайды жасырынбақ бір-бірімен.

Ніл болып құбылады ілкі манар,

Хауаның көз жасы бар іркіп алар.

Жақындап келгендерін сезбей қалды,

«Көбелек қуып жүріп» бір күні олар.

Ағаш тұр,

кәдімгі ағаш,

алма ағашы,

Тимеген жемісіне жан баласы.

Балқытқан тұла бойды жұпар иіс,

Хауаның құмар асы,

арман асы.

«Caп, сап» деп, қайтып кетті бұрылды да,

Дүние қандай ғажап бүгін мына.

Екеуі ұзап
барып,

қайта оралды,

Әуес ой ұйықтатпасын
ұғынды да.

Айналып Адам ата көрді ағашты,

...Сол күні бір шаруасы оңға басты.

Сықсыңдап бұлт ішінде жұлдыз біткен,

Нарттай боп ұялған
Ай жоннан асты...

Әлқисса, жыл соңынан жыл өтеді,

Өткен жыл Жердің бетін түлетеді.

Жайдарман,

жайсаң өмір кешіп жатты,

Алманы мекен етіп бұл екеуі.

Саясы жайлы әрі жұмсақ мұның,

Бұларға қауіп емес бұршақ бүгін.

Жабады жапырағымен абыройларын,

Ұят пен иман кіріп бір сәтті күн...

Ұмытып өкпе-аразын достарына:

«Ризамыз Құдай өзі қосқанына,

Кекшілдеу болады Адам кедей кезде», -

Деп қойып,

дүние жиды қостарына.

Жапанда жалғыз ағаш несіп болып,

Жүруді доғарды олар көшіп-қонып.

Өмірге сәби келді ең бірінші,

Жас бұтақ
иілген күн бесік болып.

Айтпады құтты болсын Құдай келіп,

Ол көк шал қасарады-ей бұлай неғып?!

Хауа ана: «Мен не жаздым оған сонша?»

Деп бойын жинап алды жылай беріп.

Періште... періштелер аты дардай,

Сыбады Адам бәрін ақы бардай.

- Әтек-ау, әсте, -
деді, -

сол немелер,

Әйтпесе,

не шатып жүр қатын алмай?!

Кіре caп қазып алған үңгіріне,

Мақтайды алма ағашты бір-біріне.

Хауа айтты:

- Жасы мұның
қаншада екен?

- Кім білсін...

Адам ата күлді міне.

Күлді де, Адам ата қалды ойланып,

Қиялы кетті шырқап самғай барып.

Шынында, нешеде екен мұның жасы?

Соны ойлап, Хауа тұрды таңдай қағып.

- Апыр-ай, нешеде
екен?

- Кім біледі?

Хауа ана, бір қызықса, сұмдық еді.

Ұйықтатпай
түніменен осы сауал,

Әуес ой әз жүректі сүңгіледі.

Адамның көзі ұзақ түн ілінбеді,

Хауа ана тұрып бір күн күлімдеді.

- Діңінің
сақинасын санар болсаң,

Жасын дәл шығарғаның, пірім, - деді.

- Ол үшін кесу
керек?

- Иә, пірім.

Дәл шапсаң жетіп жатыр қия түбін.

- Құп, Хауа,

Мен кірістім іске міне,

Бір ауыз лебізіңнің миятымын.

Шықпақ боп құмарынан,

қызығынан,

Сұлатып
салды ағашты ұзынынан.

Содан соң көз ала алмай отырды олар

Нән діңнің сақиналы сызығынан.

Кім білсін,

жүзде деді,

мыңда деді,

Сызықтар алма өткерген жылдар еді.

Хауа ана,

Адам ата қыр басында

Сәлден соң рақаттанып тұрған еді.

Тағы не айтылмады,

қалды несі,

Риза бол,

мәнсіз де осы,

мәнді де осы.

Осылай аяқталар сияқты еді

Хауа ана,

Адам ата әңгімесі.

Соңы бар ұйықтатпаған ұлысымды,

Сол гәптен аңғарарсыз ұлы сырды.

Біздің дау -

түбін қусаң жеткізбейтін

Түлкінің бозға салған жымы сынды.

Жиылған жер бетінің күллі заңы,

Біздің дау - бара-бара дін бұзады.

Балтамен кесті ме оны,

арамен бе?

Осыған жауап таппай жүрміз әлі.