ВЕРНУТЬСЯ

       Жан қалқа, жылдар
өтті, айлар өтті,

Ызғырық қойды жұтып майда лепті.

Тұратын
қасымызда қасынысып,

Күз деген күрең тайым қайда кетті?

Жабулы жалқын сары пүліш еді.

Сынды екен қай қолатта күміс ері?

Бейуақта оятпай ма тәтті ұйқыңнан

Сол тайдың кісінеген үні сені?

Ол жазған жалғыз қалды - мұңдасы жоқ,

Сен келіп сыр айтпайсың «тыңдашы» деп.

Шылбырын сағыныштың беліме орап,

Мен кеттім бір соқпақпен бұрмасы көп.

Япыр-ау, бүгін соның бәрі аңыз ба,

Оп-оңай түсірген кім сабамызға?

Басқа күз сәні басқа, әні басқа,

Тағы да күз келіп тұр қаламызға.

Осынау басымдағы сор-бағыммен

Кезім көп жол екен деп орға кірген.

Қай жаққа бастайсыңдар енді бізді,

Күндер-ай күрең қасқа жорға мінген?