ВЕРНУТЬСЯ

  Жолдарға қарап жыладым,

жондарға қарап жыладым,

алқара көкке қол жайып,

амандық қана сұрадым,

сұрадым, ұқсаң, құлыным,

жүйкем мен талып жұлыным.

Аспанның мынау астына

салғанда соғыс құрығын.

 Еңбекпен жуып қайғымды,

сұрадым бейбіт Ай, Күнді,

аядай ауыл дұшпанға

көрсеткен кезде айбынды.

Кеш батса таңым атпайтын,

таң атса кешім батпайтын,

жалғыз-ақ сол бір тілекті,

жабығып жаным жаттайтын.

Тере де жүріп масақты,

көзімнен тарам жас ақты,

жас ақты, бірақ көнбедім,

тағдырға ерік бермедім.

Көкөзек... Желдің өтінде,

деміккен жердің бетінде,

өсірдік арнап жаңа дән

жесірлер менен жетімге...

Суытпай тірлік-тұрағын,

сөндірмей түтін-шырағын,

жалғадық білсең осылай,

Өмірді мына,

Шырағым.

Сенбесең - таудан сұрағын,

жап-жасыл баудан сұрағын,

жауыннан жауған сұрағын,

жеңіспен қайтқан әкеңнен,

жеңілген жаудан сұрағын.

Жолдардан сұра,

жондардан сұра гүл атқан,

жылғадан сұра,

бұлақтан,

өтті ғой, кетті ол сойқан,

әжеңді талай күрсінтіп,

әженді талай жылатқан...

әлемді неше күрсінтіп,

әлемді неше жылатқан...