ВЕРНУТЬСЯ

        «Біздің ауыл дарияның жағасында,

Сол баяғы топ жиде арасында.

Мініс атқа ер салып келіп тұрмын,

Мінгестіріп кетемін - барасың ба?»

Жігіт тұр
домбырасын қасып ұрып,

Үміт тұр -
бала құстай асыл үміт.

Дариға-ай, көз салмады ақ маңдай қыз,

Ақбоз үй жабығынан жасырынып.

Жігіт тұр
сөзден қамшы өретұғын,

Үміт тұр
өле-өлгенше сенетұғын.

Қыз болса, аласұрып
ойлайды кеп

Күйеуі ертең ұрын
келетінін.

Ертесін...

Және естілді үмітті әні,

Сырқырап жүрегінің сынықтары,

Домбыра шанағында сақтап келген

Сол күйді қайта ұрады
жігіт тағы:

«Салмайды сергелдеңге сезімді адам,

Керегі - жалғыз ауыз сөзің маған».

Ал ару күйеуіне көзін қысып,

«Тоғыз ай өтсін, - деді, - өзім барам».

Жас жігіт жүрді аулақта бұл түндері,

Бұл түндер
ұйықтау деген мүмкін бе еді?

Ақ кесе
қолдан түсіп, быт-шыт болды,

Ақ үйде шәйі көрпе бүлкілдеді...

Тоғыз ай...

Сөндірмеді ер нұрлы
үмітті,

Қиялын шақырды алыс түн қылықты.

Ол қыздан хабар күтті, хабар күтті,

Ал ару толғақ қысар күнді күтті.

Мұңая мұнар бүркеп тау сілемді,

Күз жетіп, суық жаңбыр жаусын енді.

Қыз түскен қырдағы елге ат сабылтып,

Жігіттің ауылынан жаушы келді.

«Келіп ем сол аруды сіз дегесін,

Шыныңды айт, намыс керек бізге де шын».

Жөргегін баласының жуып жатқан

Күлді әйел: «Өзім барам, іздемесін».

Күз өтті жадау қабақ, жалбыр бұлт,

Қыс өтті жас көңілді жаңбырлы ғып.

Сағыныш салмағынан зіл батпандай

Иығын қайта-қайта талдырды үміт.

Сол үміт жай таптырып өрт денені,

«Күтемін, күтемін» деп серт береді.

Келеді өтірікке сенгің кейде,

Осы ғой ғашықтықтың
дерт дегені.

«Оралар осы келген жыл құсымен»

Бір сөзді сан қайталап жүрді ішінен.

Сеніммен кірісті ол той қамына,

Хабаршы қойып қырға дүрбісімен.

Жинайды жарау атын, жақсы ақынын,

Сыйлайды жолындағы ақ шатырын.

Қаншама қайыр пида жасады ол

Бақыт боп бітуі үшін мақсатының.

Айта алман келді ме қыз, келмеді ме,

Жігітті жесір үміт жерледі ме?

Білмеймін кертолғау ма, оң толғау ма,

Ән қалған аңыз болып елге міне.

Қайтпапты күші бітіп қалғанда да ер,

Жалынды көргің келсе, жанғанда көр.

Сүйдің бе - басқасының бәрі жалған,

Өлсең де армандап өл, армандап өл!